Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Ақын Мұхтар Шаханов Наурыз мерекесінің ең алғаш рет қалай тойланғанын айтып берді

Жұрт асыға күтетін Наурыз – жақсылықтың бастауы, Ұлыстың ұлы күні саналады. Дегенмен, кеңестік кезеңде бұл мерекені тойлауға тыйым салынғандықтан халық одан көз жазып қала жаздаған. Тәуелсіздіктің арқасында сөнгені жанып, ұмыт болған ұлттық мерекемен қайта қауышты. Бүгін Наурыз мейрамының алғаш тойлануына байланысты ел ағаларының пікірін білген едік.  

62 жылдан кейінгі қауышу

Мұхтар ШАХАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын:

– Әлі есімде, 1988 жылы Наурыз мерекесін Алматыда, Алматы облысының Жамбыл және Еңбекші қазақ аудандарында өткізу жоспарланған. Алайда, ел-жұрт ұлық мерекені сағынғаны, тойлауға асыққаны соншалық, бастама басқа облыстарда жалғасын тапты. Сол жылы мейрамды атап өту қыркүйек айына дейін толастаған жоқ. Тұңғыш Наурыз осылайша ойламаған жерден республика деңгейінде мерекеленді. Наурызды тойлаудың өзіндік қағидасы бар. Дәстүр бойынша ертеде Наурыз мейрамын көрісуден бастап, бүкіл ауылел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын.

Айтулы шара одан әрі халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Бұл күні шалқытып ән салып, күмбірлете күй тартылып қоймай, өкпе-реніші барлар бітімге келетін. Қайырымдылықтар жасалатын. Бұл күні тума-туыстар бірін-бірі шақырысып, өлілерге дұға тілеп, тірілерге берекет сұраған. Бұлақтардың көзі ашылып, тазалық жұмыстары қолға алынған. Көпшілік Наурыз көжелерінен дәм татысып, «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!», «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге кірсін» деп құшақтасып көріскен.

Тоқшылық, ырыс пен құт болсын деп Наурыз көже дайындалып, мол дастархан жайылған. Міне, көрдіңіз бе, бұл игі дәстүрлерде Наурыз мерекесінің ерекшелігі жатыр, әр дәстүрдің астында мән мен мағына, тәлімтәрбие жатыр. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, тағы басқа ізгі істерге шақыратын бұл айтулы шара санаға серпін берген, үлкен істердің ұйытқысына айналған. Сондықтан, таяуда бекітілген Наурыз мерекесін атап өтудің тұжырымдамасы да бұл күннің маңыздылығын арттыруға септеседі. Ұлттық құндылықтарымызды бағалап, қадiрлеуiмiз керек. Себебі, Наурыз Тәуелсiздiк күнiнен кейiнгi үлкен мерекенiң бiрi.

***

Хан мен қара теңесетін күн

Қатимолла РИЗУАНОВ, қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы :

– Наурызды ұлық мерекелердің бірі ретінде қабылдап, алғашқы мерекелеу жылдарында іс басында жүргендердің бірімін. Сол уақытта облыстық кеңеске басшылық ететін кезім. Бұл кеңестік одақтың іргесі сөгілмеген, солай десе де, қазақ халқы келешегінен үлкен үміт күткен, ел тәуелсіздігін ерекше аңсаған уақыты болатын. Осының әсері шығар, 1988 жылы жұртшылық 62 жылдан кейін алғашқы Наурыз мейрамын айрықша бір толғаныспен, қызығушылықпен қарсы алды. Шынында, бұл кезде халық Наурыз туралы ақпарат құралдарынан естігені болмаса, оның мәнмаңызын толық түсіне қоймаған. Дегенмен, кім-кім де Ұлыстың ұлы күні Тәуелсіздіктің бастауы, үлкен өзгерістердің бастамасы екендігін жүрегімен сезініп жүрді.

Ол кезде билік айналасында аға ұрпақ өкілдері көп болды. Сол себепті мереке уақытында тұрғындар бір-бірімен кездесуге, көрісуге асыққандай, белгілі бір жоспарсыз-ақ көшелерге шықты, киіз үй құрылған алаңдарды аралады. Жергілікті жердегі әрбір мекемекәсіпорындарда, аудандарда, қала орталығында Наурызды атап өтті. Көжесін, бауырсағын үлестірді, мерекелік концерт қойылып, батагөйлер батасын берді. Басшылар өздеріне бөлінген аймаққа барып, тұрғындарды құттықтады. Осылайша, алғашқы мереке шашыраңқы өтсе де ол әркімнің кеудесіне өзінің жылы естелігін қалдырғандай болды. Тереңірек үңілсек, Наурыздың мәні мен маңызы бұдан әлдеқайда ауқымды. Бұл мерекенің дүниетанымдық, ұлттық мәні бар екенін ұғынатын кез келді.

Бүгінгі жаһандану заманында көптеген мемлекеттер ұлттық құндылықтарына алаңдап отыр. Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу керектігіне маңыз берді. Бұл «халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек» деген сөз. Ол үшін тұрақты көрме ретінде киіз үйлерден қалашық тұрғызып, онда ұлттық ойын түрлерінен көріністер көрсетіліп, келушілерге ұлттық дәмдер ұсынатындай жаңалықтар ойластыру керек деген ұсынысым бар. Бұл хан да, қара да теңесетін күн емес пе…

Дайындаған: Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button