Ақпараттар айдынында – жаңаша талап
Соңғы кездері медиахолдинг жұмысында жаңаша бетбұрыс байқалуда. Серіктестікке қарасты барлық бұқаралық ақпарат құралдары замана талабына сай бейімделіп, газеттердің мазмұны мен сапасы артты.
Нақтырақ айтқанда, екі облыстық және аудандық басылымдар жаңа европалық форматқа көшіріліп, сараптамалық, проблемалық мақалалар көптеп жарық көре бастады. Газет жұмысын жандандырумен қатар, олардың сайттарын жаңалықтың бірден бір жаршысына айналды. Бұл ретте облыста көш бастап тұрған «Атпресс» сайты бүгінгі таңда қаралымы жағынан ең көп оқылатын ақпарат ресурстарының бірінен саналады.
Сайттармен қатар мерзімді басылымдардың таралымын көбейту – бүгінгі күннің басты проблемасы. Өйткені баспасөз материалдарын оқу арқылы оқырман жан-дүниесін рухани аштықтан құтқарады. Сондықтан жергілікті басылымдардың жұмысын жандандыра отырып, оның тиражын өсіру журналистердің ғана емес, қазіргі қоғамның да күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселесіне айналуы керек. Міне, осы және ақпарат саласындағы өзге де өзекті жайттар жөнінде Жылыой ауданына іссапармен келген «Атырау-Ақпарат» ЖШС-ның бас директоры Ысқақ Егембердиев, облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Назарбек Қосшиев пен Нәсіп Шалабаевалар аудан әкімі Халел Жамаловтың қатысуымен аудан активімен өткен басқосуда көтерді.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен журналистер таратқан ақпараттың жер мен көктей айырмашылығына кеңінен тоқталған Ысқақ Дүйсенбайұлы «Атырау-Ақпарат» медиахолдингіндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен облыстық, аудандық газеттердегі оңды өзгерістерді атап өтті. Баспасөзге жазылу науқанына қатысты мәселеде «Қазпоштаның» қызметінен бөлек оқырмандар үшін баламалы және болашақта онлайн жазылу қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте ақпарат саласында заманауи технологияларды қолдану — кезек күттірмейтін іс.
Директордың ақпарат саласындағы әсерлі әңгімесін іліп әкеткен облыстық қос газеттің бас редакторлары да оқырманға ой салар маңызды ұсыныс-пікірімен бөлісіп, қойылған сауалдарға жауап қайтарды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынбай Бектілеуов қазіргі көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселені ортаға тастады. Ол — жұрттың жаздырып алған газет-журналдарының уақтылы қолына тимеуі. Бұл ретте аудандық пошта қызметіне біраз сын айтқан ұйым жетекшісі мәселе аудандық қоғамдық кеңесте де кеңінен талқыланғанын атап өтті. Сөз арасында «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Сәулеш Шәтенова бірқатар ауылдық округтерде поштаның қызметі мүлдем тоқтап қалғанын жеткізді.
Көтерілген мәселеге орай «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының жаңа директоры Шынар Ізбергенова жауап беріп, олқылықтардың орнын толтыруға уәде етті.
Е.Бисекенұлы