Жарнама
Жаңалықтар

АПТА: ТҮЙІН

АПТАНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ

ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Көктемнің алғашқы мерекесі — әйелдер күніне байланысты өткен іс-шаралар біздің басылымымызда жан-жақты көрініс тапты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктем шуағы» атты әйел-аналармен кездесуінде отбасы және бала тәрбиесі жөнінде келелі әңгіме қозғалып, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде барлық өркениетті елдерде қолданылып жүрген білім беру жинақ жүйесінің артықшылықтарына тоқталды. Балаға ерте бастан, аз-аздан болса да қаражат жинай беру – біздің тәжірибемізге дендеп ене қоймаған үрдіс. Шындығында, баланың білімін, келешектегі шығынын ерте бастан ойлап, қамданудан ата-аналардың ұтары көп. Отбасылық саясатты жандандыру Елбасының биылғы Жолдауында да айтылып, «Қазақстандағы отбасы күні» қыркүйек айына белгіленген.
Әйелдердің қоғамдағы алатын орны мен шаңырақ шаттығын сақтаудағы маңызы жөнінде Махамбет атындағы облыстық драма театрында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те тоқталып өтті.

АПТАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ

БИЫЛ 11 МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ
Осы аптада облыста екі бірдей білім шаңырағы бой көтерді.
Мұнай-газ саласы мамандарын даярлайтын өңіраралық кәсіптік кадрларды дайындау және қайта даярлау орталығы канадалық «Оңтүстік Альберта» университетімен өзара ынтымақтастыққа жұмыс істейді. Сондай-ақ, Мақат ауданы Доссор кентіндегі Абай атындағы мектептің сәнді, сәулетті ғимаратқа көшуі де – «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында атқарылған іргелі істердің бірі болды.
Биыл облыста тағы да отыздан астам мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 11 мектеп жаңадан салынатын болады.

АПТАНЫҢ ДАУЫ

БАЛЫҚ АУЛАУҒА — ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және болдырмауға бағытталған «Нұр Отан» ХДП жанындағы партиялық бақылау бекеттері Атырау облысында балық өнеркәсібі бойынша да құрылып, жұмыс істей бастады.
Пилоттық жоба ретінде тұңғыш рет қолға алынған бекеттің жетекшісі болып Бауыржан Бимурзин тағайындалды. Кенет … аяқ астынан дау туындап, бұрынғы әріптестері Б.Бимурзин мен осы бекеттің мүшесі болған Қайыржан Мақашевтың тексеруші органға келуіне қарсы болғаны. «Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Серік Баймұқашевтың айтуынша, балық шаруашылығымен айналысатын мекемелердің Бимурзин мен Мақашевқа қарсы шығуы олардың саланы ұңғыл-шұңғылына дейін жетік білетін, тәжірибелі маман болуынан. Яғни, олар кез-келген «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолын кесе алады. Қазіргі таңда жағдай бір қалыпқа түсіп, бекет басшысы мен мүшесі орнында қалдырылды.

Аптаны түйіндеген Қ.ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button