f887a06d4a1cce86537c1d56208dfd34 stranitsa 01 1

Атыраудағы агросектор әлеуеті қалай?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Atr.kz/21 шілде, 2020 жыл.  Жыл басынан бері дүйім елді дүрліктірген корона­вирус ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып, оның әлеуетін арттыруға айтарлықтай кедергі келтірді. Наурыз айының өзінде-ақ, басқа мемлекеттер тәрізді Қазақстанның аграрлық секторы да өнім өндіру мен өткізу, экспорттау саласында елеулі қиындықтар мен күрмеуі күрделі проблемаларға тап болды. Осыған байланысты, Үкімет өндірілген өнім түрлерін өңірлік әкімдіктер арқылы қолжетімді бағамен сатуды, сөйтіп ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік тұрғыдан көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.

 Жаһанды шарпыған қауіпті індет Атырау аймағын да ай­налып өтпеді. Сол себепті облыс әкімдігі, салалық басқарушы құрылымдар мен мүдделі мемлекеттік орындар бірлесіп, қалыптасқан ахуалды оңалтудың, жағдайды қалыпқа келтірудің, сөйтіп ауылдағы шаруаны тұралатып алмаудың жолдарын қарастырды.

Осы тұста сәл шегініс жа­сап, өткен кезеңнің даму ди­намикасы мен статистикасына көз жүгіртсек, соңғы бірнеше жыл қатарынан облыста ауыл шаруашылығы саласының алға қарай басып келе жатқанын байқаймыз. Мәселен, 2017 жылы Атырау облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері мен көрсетілген қызмет түрлерінің көлемі 62,7 млн. теңгеге жуықтаса, 2018-де бұл көрсеткіш 67,3 млн. теңгеге көтерілген. Ал, былтыр оның көлемі 80 млн. теңгеден асты. Сәйкесінше, нақты көлем индексі де 102-105 пайыз аралығында тұрақтады. Өндірілген өнімнің басым бөлігі мал шаруашылығының үлесіне тисе, егіншіліктің де еншісі аз болмады. Ең бастысы, екі салада да еңбек өнімділігінің коэффициентін көтеруге қол жеткізілді.

О б л ы с т ы қ а у ы л шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың баяндауынша, биылғы жыл ба­сынан бері агросектордағы жал­пы өнім көлемі 13 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 102,6 пайызға ұлғайды. Соның ішінде, 12 млрд. теңгесі мал шаруашылығының үлесінде болса, 403 млн. теңгеден астамы егіншіліктің және қалған 566,2 млн. теңгесі қызмет көрсету салаларының еншісіне тиесілі.

 – Есепті мерзімде төрт түліктен де мал басының өсіміне қол жеткізіліп, тірілей салмақта 14,3 мың тонна ет, 14,6 мың тонна сүт және 33,3 млн. дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Асыл тұқымды түлік өсірумен шұғылданатын шаруашылықтардың саны 29- ға жетіп, былтырғыдан тоғыз бірлікке көбейді. Бұлардың 11-і мүйізді ірі қара, 9-ы қой, бесеуі жылқы және төртеуі түйе малын бағумен айналысады. Мұнда басқаларына қарағанда, қой мен сиырдың үлес салмағы (7-1,8 пайыз) басым түсіп тұр, – деді басқарма басшысы.

Жыл санап «Сыбаға», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясын­да несие алып, мал басын көбейтушілердің қатары ар­туда. Өткен жылдың өзінде 1 700-ге жуық мүйізді ірі қара, 17 700-ден астам қой-ешкі, 2 000- ның үстінде жылқы және 30- дан артық түйе жеңілдетілген несиемен сатып алынды. Ал, биылғы жарты жылда 522 сиыр мен 832 ұсақ мүйізді ірі қара қарызға алынған болып шықты. Мал шаруашылығын дамытуға биылға бөлінген суб­сидия сомасы 657 млн. теңгеге жуықтаса, оның да 91 млн. теңгесі игерілген.

Облыстағы егістік алқабының аумағы да арта түсуде. Өткен жылы ол 8 933 гектарды құраса, биыл 9 222 гектарға жеткізілді. Сөйтіп, егін салынатын жердің көлемі 300 гектарға жуық ұлғайды. Соның ішінде, тамшы­латып суару тәсілімен баптап- күтілетін егіндіктің көлемі 2 805- тен 3 000 гектарға өсті. Ертеңгі күннің береке негізі қаланатын көктемгі дала жұмыстарына барлығы 780-нің үстінде ауыл шаруашылығы техникасы, 300-дің үстінде шаруашылық құрылымы, 1 500-ден астам адам тартылып, 770 тонна минерал­ды тыңайтқышпен қамтылды. Жоспарланған егістік жер көлемі толықтай игерілді. Қазіргі уақытта облыстың егіншілікпен шұғылданатын шаруашылық құрылымдарында жиын-терім жұмыстары басталып кетті. Бұл жауапты науқанды Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы, сондай-ақ Атырау қаласы аумағындағы шаруа қожалықтары жоғары ұйымшылдық пен белсенділік жағдайында өткізуде. Бұл кезеңде ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті жанар­майды төмендетілген бағамен жеткізіп беру, жиналған өнімді ұсынушыға да, тұтынушыға да тиімді, қолжетімді бағамен өткізу мәселесі де шешілген.

– Жасыратыны жоқ, биылғы көктемде өңірлерге өр суының келмеуі, табиғи су көздерінің тапшылығына байланысты көлтабанды және шабындық алқаптарға су шығару мәселесі елеулі қиындық келтірді. Соның салдарынан қысқы мал азығы дайындалатын кезекті «Жа­сыл орақ» науқаны облыста жылдағыдан кешігіңкіреп басталуда. Соған қарамастан, әр аудан, ауылда осы ша­руаны атқаратын пішенші- механизаторлар бригадала­ры құрылып, қажетті құрал- саймандарын әзірлеп қойған. Санаулы күндерден соң нақты іске кірісіп, шабындыққа шалғы салмақшы. Одан бөлек, қажеттілігіне қарай көршілес облыс пен аудан аумақтарынан да қыстық пішенді дайындап алу жағы ойластырылып отыр. Басты мақсат – қолдағы бар күш пен мүмкіндікті жұмылдырып, қыстан қысылмай шығудың қамын жасау. Ынта мен ұмтылыс бар жерде іркіліске жол бермей, қай шаруаны да ұтырын та­уып, үйлестіруге болатыны тәжірибеде дәлелденген. Тек қолайлы сәт пен мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау шарт, – дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Оған қоса, қауіпті індеттің белең алуына байланысты қалыптасқан ахуал ауыл шаруагерлерінен ширақтықты талап ететіні сөзсіз. Сайып кел­генде, мұның бәрі қиындықтар мен кедергілер бола тұра, біртіндеп аймақтағы аграрлық сектор әлеуетінің көтеріліп, шаруагерлер жағдайының жақсарып келе жатқандығының айқын көрінісі болса керек.

Дәулетқали АРУЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған