Анықтаманы цифрлық қолтаңбасыз ал!
Жұртшылыққа жеткізетін жаңалық бар: енді электрондық үкімет порталынан соттылығы туралы анықтама алу үшін цифрлық қолтаңбаның болуы міндеттелмейді. Атыраулықтар оны еgov.kz-те авторлану кезінде қызметті алушының ұялы телефонына түсетін бір реттік sms-паролінің көмегімен ала алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Тұрлан Нұржановтан білгеніміздей, бұл порталдан қызметтерді алуды едәуір жеңіл-детпек. Оның үстіне, халықтың бәрінде бірдей электронды цифрлы қолтаңба жоқ. Болғанның өзінде әр уақыт өзімен бірге алып жүрмейді. Сондай-ақ бір ғана анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару барлығына қолайлы емес. Демек, қызметті бір реттік пароль көмегімен алу – мәселенің оңтайлы шешімі болып отыр.
— Бір реттік парольді ЖСН-ді телефон нөмірімен байланыстыра отырып, орталықтан да алуға болады. Сондай-ақ, азаматтар электрондық үкімет порталында m-gov телефон нөмірлері базасына тіркеле алады. Бұл жоба Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасы бойынша ҚР Бас прокуратурасымен бірлесе отырып, пилоттық режимде іске асырылды. Бүгінгі таңда өзге де мемлекеттік органдардың қызметтерін алу процестерін жеңілдету жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Айбөпе САБЫРОВА
шынымен де, көп реттерде электронды цифрлық қолтаңба құйып алған флешканы өзімізбн бірге ұстап жүрмейміз. Кейде ұмытып та кетіп жатамыз. Барлық қызмет түрлері де осындай жолмен берілсе жақсы болар еді.