Әнге айналған ару қыз. Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаева туралы толғау
Аға буын өкілдері сонау жылдары «Маржан қыз» әнін асқақтата салатын еді-ау. Ал, оның 24 жасында еліміздің ең үлкен марапатына ие болған атыраулық ару Маржан Енбаеваға арналғанын бүгінгі ұрпақ біле ме екен?
Ән жылқышы қыздың Мәскеуден өңіріне Ленин орденін тағып, Социалистік Еңбек Ері атағын алып келген қарсаңда туған-ды. Мәтінін жазған – ақын Садықбек Адамбеков, сазбен көркемдеген композитор Әбілахат Еспаев. Жалпы, «Маржан қыз» әнінің кейіпкері кім?
Ол – қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш жылқышы, осы салада бірнеше мәрте рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген атыраулық ару. Маржан Енбаева 1924 жылы Есбол ауылына қарасты «Толыбай» құмында (қазіргі Елтай елді мекені – Н.М.) жылқышы отбасында дүниеге келді. Кішкене кезінен әкесі Енбай мен ағасы Шалабайға жәрдемдескен ол шаруа сырына ерте қанықты. Балалық шағы Мұқағали ақынша айтқанда «Аңыздардан тере жүріп масақты, талай көзден жас аққан», «Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар, бәрінен бір-бір батыр жасаған» дейтін ауыр уақытқа тұспа-тұс келді. Ұжымдастыру кезінде Степан Разин атындағы ұжымшардың жыл-қы фермасында еңбек етіп жүрген әкесі Енбай айықпас дертке шалдығады. Қыстың боранды күндерінің бірінде адасып кеткен оның оң қолы үсіп, төрт саусағынан айрылады. Сол себепті соғыс басталғанда денсаулығына байланысты майданға жіберілмей, тылдағы жұмысқа алынады. Ал, ағасы Шалабай 1942 жылы соғысқа аттанады. Енді бір үйдің барлық ауыртпалығы қаршадай Маржанға қалады. — Әлі есімде, 1942 жылдың басында Аққалада 6-шы сыныпта оқып жүрген бізді сабақтан босатып, Степан Разин атындағы ұжымшарға жылқы бағуға әкелді. Ауылдағы бұ-рынғы жылқышылардан ешкім қалмаған, бәрі соғысқа кетіпті. Содан еңбекке жарамды деген он шақты бала жылқы бағуға кірісіп кеттік. Көп салмақ соғысқа дейін әкем Енбаймен бірге фермада еңбек еткен Ешмұрат атты кісінің ұлы Ғалым (ол да кейін Социалистік Еңбек Ері атанды – Н.М.) екеуімізге түсті. Сөйтіп, майдан тылына кеткен әкемнің, әскерге алынған ағамның құрығын ұстап қала бердім, — деген еді Маржан әжей өткен күндер туралы естелігінде. Осылайша, 1942 жылдың басынан Маржан Енбаеваның қиындыққа толы еңбек жолы басталып кетті. Жұмысқа жарамды дегенмен, көбі жөн-жосықты білмейтін балалар. Бұғанасы бекіп те үлгермеген оларды кінәлауға да болмайды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде ауыл адамдары осы балалардың барына да шүкірлік етті. Маржан әжейдің айтуынша, әсіресе, 1943 жыл қиындығымен есте қалыпты. Үйір-үйір жыл-қы ашқұрсақ бала-шағаға ырық бере қоймайтын көрінеді. Оның үстіне, сол жылғы қыс та өте қатты бол-ған екен. Далада бет қаратпайтын боран, үскірік жел, сар-шұнақ аяз. «Жау жағадан алғанда, ит етектен тартады» демекші, қасқырлар да төңіректі күні-түні торып, маза бермейді. Қыстың суығында үстеріндегі киімдері де жұқа. Азулы түз тағысына қарсы кезенер қару да жоқ. Соған қарамастан Маржан бастаған балалар үйір-үйір жылқыдан бір құлын да шығын бермепті. Осылай баққан жылқыларды ауданнан әр он күнде өкілдер келіп, ішінен жарамдыларын іріктеп алады да майдан даласына жібереді. Олардың орнына арық-тұрағын, тіпті, жаралыларын әкеліп тастайды. Жылқышы балалар солардың бәрін қатарға қосуы қажет. Сондай нақты тапсырма беріледі. Оның үстіне, бабы келіскен, жаратылған жылқы тапсырудан бөлек, қымызы мен етін өткізу міндеттеледі.
Толығырақ газетімізден оқи аласыздар.