«Анашым, мені қалдырма!» атты жаңа фильм жарыққа шықты (видео)
Атыраудағы Аналар үйінің тұрғындарына облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары бір күнін арнап, тегін медициналық қызмет көрсетіп, психологиялық кеңес берді.
Қазір аталмыш орталықта 13 әйел тұрады. Көпшілігі – ауылдан, ауданнан келгендер. Оның елу пайызы – ата-анасымен арада болған келіспеушіліктен осы орталықтан пана тапқандар. Ол жерде 16-35 жас аралығындағы аналарға баласы бір жарым жасқа толғанша тегін тұруға мүмкіндік берілген. Сондықтан, олардың қай-қайсысы да жүздерін көрстеуге, есімдерін атауға қарсы. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Сондықтан, біздер өз кезегімізде олардың психологқа қандай мәселесін, жағдайын айтқанын тыңдаған жоқпыз.
«Ана үйіндегі» бір күнде медицина қызметкерлері гинеколог Жаңылсын Қадашева, терапевт дәрігер Софья Абулхайырова, №7 қалалық емхананың жалпы практикалық дәрігері Дильяра Досқалиева, облыстық психиатриялық жүйке-тамырлар ауруханасының психологы Людмила Ғибатуллина аналардың денсаулығына тексеріс жүргізді. Орталық тұрғынының ең кішісінің жасы – 16-да.
«Аналар үйі» қоғамдық қорының Атырау облысы бойынша үйлестірушісі Гүлфариза Ғұбашеваның айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде 67 ана мен сәби орталықтан нағыз қамқорлықты сезініп, жылулықты көріп, өз алдына отауын тігіп кеткен.
Шара барысында Гүлфариза Дендерқызы «Аналар үйіндегі» әйелдердің өмірін көрсететін «Анашым, мені қалдырма!» атты жаңа фильмнің жарыққа шыққанын айтты. Негізінен фильмдегі басты рөлдерді кәсіби әртістер сомдаған. Көпшілікке 22 сәуірде Қазақстан ұлттық арнасынан сағат 15:10-да көрсетіледі. Киноның трейлерін газетіміздің «аtr.kz» сайтынан тамашалауға болады.
Сондай-ақ, үйлестірушінің айтуынша, қордың жанынан биыл бала асырап алуға ниетті отбасыларға көмек көрсететін ұйым жұмысын бастапты. Жетекшісі – Айнагүл Можарбаева. Олардың жұмысы – перзентке зар болып жүрген отбасыларға сәбилерді орналастыру. Құжаттарды жинау, тапсыру, апта сайын асырап алушы ата-аналарға кеңес беру. Асыранды баламен бейімделу кезеңін бақылау. Бала асырап алған аналардың тәжірибелерін бөлісу. Ата-аналарды оқытып, он екі тренингтен кейін оларға сертификат береді. Жұмыстарын бастағанына бір айдан астам уақыт өтсе де, қазіргі таңда он бестен астам ата-ана психологиялық, құқықтық кеңес алуға жүгініпті.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.