Қамданған қапы қалмайды
«Қыс шанаңды – жаз сайла» демекші, «Қазақавтожол» республикалық-мемлекеттік кәсіпорны Атырау облыстық филиалы сын шаққа даярлығын ерте бастады. Мұнда әкімшілік полициясы мен төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қар тазалағыш қуатты техникалардың дайындығы тексерілді.
Жалпы, аймақтағы ұзындығы 990 шақырымдық республикалық маңызы бар автожолдарда тәулік бойы көлік қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыруды қамтамасыз ету – аталмыш мекеменің міндеті.
— Бүгінде барлық техника қажетті жөндеуден өтіп, қысқы науқанға жалпы дайындығымыз 90 пайыздық деңгейде, — дейді кәсіпорын басшысы Сейітжан Молдашев.
Оның айтуынша, филиал қызметкерлері жол бойына тұрақты бақылау орнатып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Ауа райының мәліметін тұрақты алу үшін гидрометерологиялық қызметпен келісім-шарт жасалмақ. Қар көшкіні, көктайғақ және жол-көлік оқиғалары кезінде әкімшілік полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаментімен және тапсырыс беруші мекемемен төртжақты бірлесіп жұмыс жасау жүйеге қойылмақ.
Жолдың қыс маусымындағы күтімін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу аясында 240 дана «Тайғақ жол», «Ең жоғарғы жылдамдықты шектеу» уақытша жол белгілері дайындалып, әрбір 28-30 шақырымға орнатылыпты. Сондай-ақ, 1800 текше метр құм, 500 тонна техникалық тұз дайындалған. Сонымен қатар, 1700 шақырым жол жағалауының шөбі шабылып, 130 дана су өткізгіш құбырлар тазаланыпты.
— Техникалардың қазіргі жағдайы жарамды. Бірақ, ескі жабдықтар бар, солар жөндеуді талап етеді, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімше басшысы Қайрат Темірболатов.
Нұрислам ҒҰМАР