Ғалым В.Тейфель Қазақстанға төнген метеорит қаупі туралы пікір білдірді
Фесенков атындағы астрофизикалық институттағы Ай мен планеталар физикасы зертханасының жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы, професстор Виктор Тейфель Қазақстан мен Ресейге төнген метеорит қаупі туралы пікір білдірді. Айта кетейік, бұл хабарламаны америкалық ғарыш агенттігі (НАСА) таратқан,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Хабарламада НАСА спутниктерінен түскен ақпаратқа сәйкес, «жақын күндері Ресей мен Қазақстан аумағына екі ірі аспан денесі түседі. 16 қазан күні «MS26-45» сериялы метеориттер Жердің гравитациялық өрісіне жетеді және олар стратосферада жанып үлгерсе, бір бөлігі 17 қазанға қараған түні Ресей аумағына құлайды. Кейбір сынықтары Қазақстанға да жетуі мүмкін» делінген.
«Бізде нақты, сенімді ақпарат жоқ. Бүгін Жерге ғарыштан келетін қауіп-қатерлер туралы ақпараттар үнемі жаңартылып отыратын «Космическая погода» сайтын қарадым, бұл туралы еш дерек жоқ»,-деп жауап берді профессор Виктор Тейфель.
Профессор метеориттер туралы мұндай ақпараттың спутниктерден түскеніне күмән келтіреді. «Спутниктер — метеорологиялық, Жерді қашықтықтан зондтайтын, Жерге бағытталған «тыңшы» — спутниктер. Олар ғарыш кеңістігіне емес, Жерге мониторинг жасайды. Бәлкім, «Хаббл» телескопы мен өзге де зерттеулер туралы айтылған шығар»,-деп атап өтті ол.
«Хабарламада астероидтар емес, метеориттер туралы айтылғандықтан, Жерге айтарлықтай апат келмейді. Меніңше, мұның барлығы ойдан шығарылған», — деп профессор Тейфель өз сөзін түйіндеді.
Айқара Ғұмар
Фото vlast.kz сайтынан алынған