Жарнама
Жаңалықтар

Алтынжардың алтын қоңырауы

Ата-бабаларымыз өз дәуірінің ақ адал сөзін сөйлеп, халқының даңқын асыра алған, ауыртпалығын көтере білген, келешегіне сеніммен қараған жақсылары мен жайсаңдарынан айырылып, қаралы күй кешкенде бір-біріне көңіл білдіріп: «Аққұсым әуелеп аспанға кетті, алтын қоңырауым үзіліп жерге түсті» дейді екен.

алтынжардын

Сол айтқандай, бұдан жүз күндей бұрын Астрахан мен Атырау, Еділ мен Жайық үшін ортақ перзент болып, абыройлы ғұмыр кешкен Никита Сейітұлы Ысқақов кенеттен көз жұмғанда осындай жағдайды біз де басымыздан өткердік. Қатты қапаланып, қабырғамыз қайыса қайғырдық.

Ол халқын сүйген, ұлтын қадірлеген, оның өнерін, тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін заман өткелегінің қиын-қыстау қалтарысында жоғалып, жұтылып кетуден сақтап қалуды азаматтық парыз санаған, қуанғанда да, қиналғанда да ортамыздан табылатын ақыл иесі, саналы да сарабдал, білімді де білікті азаматтардың, қоғам қайраткерлерінің cанатынан еді…

Тағдыр тақсіретімен тайталас

Жаратқан Иеге тәубасын арнаудан жаңылмаған қазақ жұртының басына зілмауыр бұлт үйіріп, зәрлі зобалаң, жұмбақ жұт әкелген 1937 жылдың желтоқсанында дүниеге келіпті.

Сондай алағай-бұлағай құбылма заманда тыныш тірлік кешуге мүмкіндік беретін жерұйықты табу кімге оңай тиген. Әуелгіде Астрахан облысының Володар ауданына қарасты Анастасино селосына тұрақтап, қарағай мен қамыстан үй тұрғызып, шағын кеме ұстап, балық сақтайтын орын әзірлеп, қолға түскен балығын жаяу-жалпылап қалаға жеткізіп күн көрген әкесі Сейіт пен анасы Мақпал өздері көтерген шағын шаңырақтың іргесін ұжымдастыру мен тәркілеу науқанының үрме желі қайта-қайта шайқай берген соң шыдамдары таусылып, 1932 жылы ағыс бойынша қарағанда оң жағынан үлкен Обуховка, сол жағынан кіші Обуховка өзендері ораған Қамызяк ауданының  Шарапов селосына қоныс аударыпты. Оған дейінгі қитұрқы әрекеттер қаншама?! Сейітпен бірге тұрған немере ағасы Молдаш қас пен көздің арасында Сібірге айдалып кетті. Екінші ағасы Сераж ендігі кезек өзіне таянғанын сезіп, қолында бар мүйізді ірі қарасын өз еркімен түгелдей ұжымшарға тапсырып, зобалаң тырнағынан аман қалғандай күй кешті.

Бұл кезде төрт сыныптық білімі бар Сейіт селолық кеңесте хатшы болып жүрген. Сібірге айдалған, тәркілеуге ұшыраған ағайындылардың інісі көзге түспей қалсын ба, оны да жымысқы түрткі мазалай бастады.

Осындай жағдайда кеудесінде намыс оты тұтанған Сейіт тез де батыл шешім қабылдады. Әйелі мен үлкен ұлын қайын жұртына табыстап, соңғы сиырын сатып, Травинск балық зауытынан бір шықты. Осында жұмысшы болып орналасып, екі айдан кейін Киров балық зауытына келіп байыз тапты. Сөйтіп, өз тірлігін өз қолымен қайта бастады. Құдайға шүкір, Еділдің сағасы нар қамысқа кенде емес, содан үй тұрғызып алды. Көп кешікпей, қалай босап шыққаны беймағұлым, Сібірден Молдаш ағасы оралып, 1935 жылға дейін осы жерде ағайынды Ысқақовтардың тағы үш саман үйі бой көтерді. Осылайша, бірі мал ұстап, бірі балық аулап дегендей, қырқыншы жылға таяу олар отбасылық тұрмысы түзелген отау иелеріне айналды. Жаңалық та, қуаныш та баршылық. Шіркін, осылай жалғаса берсе ғой! Бірақ, олай болмады. Қырық бірдің 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталды. Оның шарпуы баршаны қамтыды. Жасы жағынан әскери міндеттен босаған Молдаштан өзге Ысқақовтар түгелдей майданға аттанды.

Екі жылдан кейін, 1943 жылы жорық жолынан жаралы оралған Сейіт өлең-төсегіне де жете алмай, өзін Астраханда күтіп алған апасының қолында талаураған өкпе ауруынан қаза тапты. Сөйтіп, оған мәңгілік мекен Сорочье селосынан бұйырды. Соғыс басталған жылы небәрі төрт-ақ жастағы Никита осылайша әкесінің бет-жүзін жадында сақтай алмай, оның алақанының жылуын мәңгілік сезіндірмейтін жетім өмірдің табалдырығынан аттады. Әттең, сәби көңіл нені сезсін?!

Бала Никита 1944 жылы өзі құралыптастармен жаяу-жалпылап селодан үш жарым шақырымдағы Киров балық зауытындағы мектептің есігін ашты. Соғыс ауыртпалығы өз алдына, сотқар тағдыр онсызда қамкөңіл отбасын бір жыл өтер-өтпесте тағы бір жойқын соққысымен есеңгіретіп кетті. Отындық қамыс іздеп таң қараңғысында теңізге беттеген ана мен оның үлкен ұлы қыста мұз дайындалған орындағы әлі қатып үлгермеген жылымға түсіп кетіп, «Мама, сен аман қалуға тиіссің, сен аман қалсаң, інілерім тірі қалады» деп баласы анасын, «Ұлым, сен аман қал, содан кейін мен» деп анасы баласын итермелеп, екеуі ұзақ арпалысады. Көмектесер ешкім жоқ. Қарманар ештеңе жоқ.  Ертесіне жылым жиегінде үсік шалып, ес-түзсіз жатқан ана мен баланы жерлестері тауып алады. Мақпал ана тірі қалғанымен, Никитаның он төрт жастағы ағасы ажал құрсауынан шыға алмай, көз жұмады.

Міне, осы күннен бастап қаршадай Никита отбасының үлкен ер азаматы атанып, 1952 жылдан бастап тосын бейнеттің дәмін татты. Желкенді кемеге жұмысқа тұрып, балықшылардан балық қабылдап, оны №5 жүзбелі балық зауытына тапсыру, кемедегі 100-120 центнер балықты қолмен, зембілмен тасып-түсіру секілді қиын шаруамен айналысты. Бұл тұрмыс пен қайғы қажытқан анасының ауырып, төсек тартып қалған кезі-тін. Дегенмен, ағайын-туыстарының шексіз қамқорлығы мен тілеулес көңілінің шынайы шуағын сезінген Никита күннен-күнге ширап, ширығып, жетінші сыныпты, одан соң Астрахан теңіз мектебін ең үздік бағамен, радиооператор мамандығымен бітіріп шықты. Оны алда мектеп жолдамасы бойынша тынымсыз буырқанған, қаһарлы, құпиясы мол Каспий теңізі, Оңтүстік Каспий флотилиясының жүзу базасында «Ашхабад» желкенді кемесі күтіп тұр еді. Ол осы теңіз төрінде өмірдің қатал сынынан өтті,  есейіп, ержетті. Тағдыр тақсіретімен тайталастағы жеңісін де осы теңізбен бірге тойлады…

Банктанудан басталған сүрлеу жол

Бірде жанашыр досының: «Осы сенің өмірің не өмір? Жылдың тең жартысын теңізде өткізесің. Көретінің – теңіз, аулайтының – балық. Үйленбейсің бе? Анаңа немере сүйгізбейсің бе? Ол үшін теңізбен қош айтыс, қара жердегі мамандықтың бірін таңда. Мысалы, біздің техникум сенің тақияңа тар келе ме? Ана көрші селодағы Нариман Әрешев досың осы банк техникумын бітіріп алған жоқ па? Үш жыл өтті, Зелеңгі ауданының Зелеңгі селосындағы банктің басқарушысы. Мүмкін болашақ жарыңды да біздің техникумнан табарсың. Ойлан» — деп Никитаны сөзбен біраз «өңдегені» бар.

«Шынында да солай екен-ау» деді Никита.

Жинақ кітапшасында оқуға жетерлік қаржысы бар, оқу мерзімі – жыл жарым ғана. Кеше би алаңында танысқан Мәдина да сонда.

Содан келесі күні Никита есеп-несие техникумының құжат қабылдайтын хатшысына келіп:

— Сіздерде банк басқарушысын қандай бөлімше даярлайды?- десе керек.

— Жас жігіт, бізде ондай бөлімше жоқ.

— Қалай жоқ? Менің досым Нариман Әрешев осы техникумды бітірді және банк меңгерушісі болды.

— А, Әрешев? Ол ақша айналымы және несие бөлімін бітірді, жақсы оқыды. Бірақ, бітірушілердің бәрі бірдей банк меңгерушісі бола алмайды. Ол – жауапты және күрделі басшылық жұмыс,-дейді хатшы.

Міне, Никитаның банктану қадамы осылай басталған-ды. Ақыры аталмыш техникумға түсіп, Мәдина – Машенькаға үйленіп, анасының батасын алып, «бай мұратына жетті» дегендей, қатардағы банк қызметкері болып істеп жүреді де, кейін мемлекеттік Чернояр банкісінің несие бөлімін басқарады. Көп кешікпей сырттай Бүкілодақтық қаржы-экономика институтын бітіріп, іскерлігімен, білім-білігімен көзге түскен ол Чернояр банкісінің меңгерушісі, одан кейін «Черноярводстрой» тресінің басқарушысы, «Главастраханводстрой» тресі басқарушысының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымдарына жоғарылатылады.

1992 жылы аграрлық инвестициялық коммерциялық банктің негізін қалап, 2005 жылды қоса алған кезеңде оның президенті болады. Осы банк қайта құру жылдарында Астрахан облысында нарықтық экономиканың дамуына зор үлес қосты және облыс әкімшілігінің инвестициялық және әлеуметтік бағдарламаларына белсенді қолдау көрсетеді. Ол сөйтіп, ұзақ жылдық мінсіз еңбегіне орай Ресейдің «Дружба» орденінің, «Ерлік еңбегі үшін» медалінің, Қазақстан Республикасының «Достық» орденінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалінің, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының, Астрахан облысы Құрмет грамотасының, «Астрахан облысы алдындағы еңбегі үшін» орденінің, «Астрахан облысының Құрмет және Даңқ» белгісінің, Астрахан қаласы сыйлығының және «Подвижничество» естелік белгісінің, Құрманғазы Сағырбаев атындағы Астрахан облысы губернаторы сыйлығының, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Құрмет грамотасының иегері, Ресейдің еңбек сіңірген экономисі атанды.

Жүректе ізі қалған жүздесулер

Никита Сейітұлы – өнегелі өмірінде атағы мен даңқы, ғұмыры мен ісі ұлы дәуірдің абыройына қоса айбарына айналған талай дана да дара тұлғалармен әуелгіде жай ғана ұшырасу, кейін бетпе-бет жүздесу, ақыр аяғында сырласу, пікірлесу бақытына ие болған жандардың бірі. Ол арагідік сол ұрымтал ұшырасулар мен жарқын жүздесулерді еске түсіріп, үзеңгілестері мен ізбасар ұрпаққа маңыз бере әңгіме етіп отыруды ұмытпай ғұмыр кешті. Сөйтсе, қабағында күн күліп, ай туып, жаны жаздай жадырап, көңіл көкжиегі кеңейіп, әбден тазарып қалатын. Өйткені, олардың әрқайсысынан зерде жаңғыртатын, ұлан-ғайыр дала мұхитының қиян-қиырында асау толқындай айқасып, арбасып, арпалысып жатқан оқшау оқиғаларды көз алдыңа әкелетін, тірлік иесін өмір сүруге баулитын, өмірді  сүюге ұмтылдыратын таңғажайып зерлі көріністерді, ұлағатты үлгі-өнегелердің ізгілікті ізін, шынайы ақиқатын көру де, аңғару да қиын емес-ті.

«Өмірде менің жолым болды, мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен 1992 жылғы Алматыдағы бірінші құрылтайдан бастап он рет кездестім» деп жазды ол 2005 жылы жарық көрген «Уақыт туралы және өзім туралы» атты кітабында.

Иә, шын мәнінде оның жолы болды. Никита Сейітұлы Дүние жүзі қазақтарының ару Алматыдағы алғашқы құрылтайына түпкі Отанына ежелден іргелес, тілеулес Астрахан облысының жиырма бір адамдық делегациясы құрамында өз өлкесінің губернаторы А.П.Гужвин мырзамен бірге қатысты. Бұл елеулі рухани шараны өзі өсіп, еңбек етіп жатқан аяулы аймақта осы құрылтайдан екі жыл бұрын қазақ мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дамыту мақсатында облыстық «Жолдастық» қоғамын құрған Никита Сейітұлы шет жерде тұрып жатқан қандас бауырларды Отанға оралтуды көздеген тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатының ілкі ізгілікті қадамы деп қабылдады. Алыстан ат арытып келген аңсарлы арман иелерімен бірге қуанды. Бірақ, ойланатын, ойландыратын жайттар да  жеткілікті екен. Сол кездегі мәлімет бойынша, жұмыр жер бетінде 10 миллион қазақ бар десек, соның бес-ақ миллионға жуығы – Қазақстанда, ал, қалған бес миллионы – шет елдерде, атап айтқанда, миллион жарымы – Қытайда, миллион үш жүз мыңы — Өзбекстанда, тоғыз жүз мыңы Ресей Федерациясында тұрып жатса, жаның мен жүрегің қалай сыздамайды?!

Міне, осындай жағдайда ағайынды елге оралту тарихи әдеттілікті қалпына келтіру болатынын Никита терең ұғынды. Дегенмен, Астрахандағы қазақ Америкадағы, не Қытайдағы, не Германиядағы қазақ емес. Астрахандағы қазақтар – облыс губернаторы А.П. Гужбин сан рет қайталағандай, өзінің ежелгі мекенінде тұрып, алаңсыз еңбек етіп жатқан, Қазақстан дегенде жүрегі ортақ, тілегі ортақ қандастар. Өйткені, ол қай істе де өз жерлестеріне арқа сүйеді, сенім артады. Ал, оның мысалдарын Анатолий Петровичтің осы құрылтайдан кейінгі президенттік қабылдауда әрі қысқа, әрі нұсқа етіп баяндап бергеніне көпшілік қатты риза болды. Бұған қоса оның Нұрсұлтан Әбішұлындай Президенті бар қазақ халқы әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алатыны жөніндегі сәуегейлік болжамынан ешкімнің ағаттық таппасы анық еді. Солай болды да. Никита Сейітұлы Нұрсұлтан Әбішұлын бұл жолы алыстан көргеніне риза болса, тарихы терең Түркістанда өткен екінші құрылтайда өз есімін Елбасының үш мәрте қайталап, тіпті, орайы келгенде әзілдескен сәтін мерейі өсіп, нағыз бақытты кезең деп бағалады. Еске түсірелікші.

Президенттің түскі асына шақырылған қонақтарды таныстырып тұрған қауымдастық төрағасының орынбасары Қалдарбек Найманбаев: «Никита Сейітұлы, Ресей Федерациясынан» дегенде Нұрекең:

— Иә, есімде, мен оны білемін. Біз Астрахан облысында Құрманғазы кесенесін бірге ашқанбыз,-деді.

Осы кездесу үстінде өзге ұлт өкілдерінің, мәселен, якуттар мен хакастардың орыс есімдерін алуы сөз етілгенде Нұрекең одан да қалыс қалмай:

— Адамға қандай есімнің немесе қандай фамилияның берілгенінде не тұр? Міне, біздің ортамызда Никита отыр, ол да орыс есімін алған, бірақ оның тамырындағыдай тулаған қаны бар қазақты Құдай көбірек жаратсын-дағы. Ол өздерінде, облысында қазақтар үшін үлкен іс тындырып жатыр,-деді.

Иә, бұндай қастерлі бағаны Елбасы үлестіре бермесе керек.

Қазақы қасиеттердің жарасымды жалғасы

Бұдан жиырма бір жыл бұрын екен-ау. Никита Сейітұлы республиканың бас басылымы– «Егемендегі» бір орайы келген әнгімесінде: «Қазақ қашан да қанағатшыл халық қой. Жоқ болса қайғырмайды, бар болса асып-тасып кетпейді: Қоңыр төбел өмір сүруге бейім тұрады, сөйтіп, уақытты өткізе береді. Бұрын жоқ еді, жетілдік, аз едік, көбейдік, шүкір, оңы мен солымызды танитындай күйге жеттік. Байқаймын, біздің жақта бұрынғы салт-дәстүрімізді сақтайтын адамдар азайып бара жатқан сияқты. Тіпті, дінін, тілін ұмыта бастағандар да кездесіп қалады. Соны көріп, біле-тұра шыдап отыра алмадым. Жедел іске кірістік. Ең алдымен, қандастарымыздың басын қосатын бір орталықтың қажеттігі туды. Сөйтіп, облыста «Жолдастық» атты қоғам ұйымдастырдық» дегені есте сақталып қалыпты.

Қазір облыстың он ауданында қазақ мәдениеті мен тіліне арналған қоғам жұмыс істейді. Облыстық ақсақалдар кеңесі, Құрманғазы қоры құрылған. «Ақ арна» газеті астрахандықтар сүйіп оқитын басылымға, ал, «Ана тілі» радио хабары, «Атамекен» телехабары қазақ тілінде хабар тарататын, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын орталыққа айналған. Әр жылдары, мәселен, Дина Нұрпейісованың туғанына – 130, Құрманғазы Сағырбаевтың туғанына – 175, Абай Құнанбаевтың туғанына150 жыл толуына арналған мәдениет күндері, ғылыми-конференциялар, «Әнші балапандар» байқауы, «Наурыз» мерекесі, тағы басқа мәдени-тарихи шаралар тек қазақтар емес, облыс көлеміндегі ондаған ұлттар мен ұлыстар үшін – ұмытылмас мереке, рухани нәр сыйлаған оқиғалар болды. Никита Сейітұлының әрі тынымсыз, әрі терең ойлы еңбегінің нәтижесінде Құрманғазы бабамыздың музей-үйінің  жұмысы жанданып, ұлы сазгердің өмірі мен шығармашылығына байланысты тың материалдармен толыға түсті. Қазір осы музей-үй –мемлекеттік мәртебеге ие.

1996 жылы Қазақстан Республикасының үш облысының (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау) және Ресей Федерациясының қатысуымен Алтынжарда Құрманғазыға ақ мәрмәрден жақұттай жарқыраған кесене, 2005 жылы сметалық құны 39 миллион рубль тұратын, құрамында мұражайы, саз мектебі бар Құрманғазы Сағырбаев атындағы мемлекетаралық мәдениет орталығы есігін айқара ашты.

Қоғамның және оның жетекшісінің тікелей қолдауымен қаланың және облыстың 70 мектебінде қазақ тілі пәні оқытылып келеді. Қазақстан Республикасы ғалымдарының күшімен арнайы бағдарлама жасалып, Ресей Федерациясы мектептерінің 1-3 –сыныптары үшін оқулықтар шығарылды.

Астрахан әлеуметтік-педагогикалық колледжінде жыл сайын қазақ тілін оқытатын 15-20 бастауыш сыныптар мұғалімі, ал, мәдениет училищесінде саз мектептерінде сабақ беретін 10 маман — домбырашы даярланады.

Осылар және Никита Сейітұлының Ресей мен Қазақстанның кең-байтақ даласындағы іскерлік және ізденіс сапарларынан кейінгі игіліктер жаныңды жадыратады. Оның бұдан бірнеше жыл бұрын ата-бабамның атажұрты, атакүлдігі деп, Атырауға әдейі келіп, ел ағасы, мемлекет қайраткері, Есен ағаны — Есен Тасқынбайұлын жол бастаушы ретінде таңдап алып, Кең Жылыойдың ойы-қырын, өзен-көлін, қасиетті жерлерін қапысыз аралап, Бекет ата және Нарынбай батыр басына тағзым ету үрдісі жүрегімізді шымырлатып, оған деген адами сүйіспеншілігімізді күн өткен сайын арттыра түскен еді.

Шіркін-ай, бір кездерде атам қазақтың асыл ұлдары «Оян, қазақ! деп дабылдап еді-ау, ал, біздің Никита Алтынжарда алтын қоңырау болып, ұлтымыздың жаңа ұрпағын сергек болуға, білімді болуға, жасампаз болуға үндеп, түн ұйқысын төрт бөлгенін ұмытылмас өнеге дегеніміз лайық шығар.

***

Нәкеңді, үлкен жүректі Никита ағаны жер мекенінен, құт мекенінен алыс кетті дегенді кім дәті шыдап айта алар дейсің…

Оның азаматтығы мен адамгершілігіне арналар ең биік, ең мәңгілік ескерткіш бүгін де, ертең де, одан арғы заманда да шыдам ернеуінен асып-төгіліп жататын ортақ екі елдің ортақ махаббаты мен сүйіспеншілігі боларына күмәнсіз сенеміз.

Қаржаубай Сұлтанғалиұлы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button