Алты алаштың басына қонған бағы!

Выверенный путь Главы государства 1 Жаңалықтар

Атырауда Тұңғыш Президент күні үлкен салтанатпен атап өтілді

Ата-бабаларымыздан қалған кең байтақ далаға сәулет пен дәулет толтырған, ынтымағы мен бірлігін жарастыр-ған, сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырған, Қазақ елін күллі әлемге паш етіп жүрген Тұңғыш Президентімізге деген құрмет ерекше. Мерекеге орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиын өтті.

%d0%b0%d0%bb%d1%82%d1%8b-%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%88%d1%82%d1%8b%d0%bd2

Салтанатты жиында еліміздің көк байрағы сахна төріне әкелініп, мемлекеттік Әнұраны орындалды. Бұдан кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атыраулықтарды мәртебелі мерекемен құттықтады.

– Қазақстандықтардың тарихи таңдауы болған бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген зор сенім мен айрықша құрмет ретінде белгіленді. Егемен Қазақ елінің 25 жылдық тарихына көз жүгіртсек, талай сындарлы кезеңдердің суреттері көз алдымыздан өтеді. Алғашқы жылдары барлық қарым-қатынастар үзілген сәтте «ендігі күйіміз не болмақ, қандай күн кешеміз?» деген сан сұрақтар мазалады. Кейбір елдерде ұлтаралық қақтығыстар, жанжалдар орын алды. Бұл кезде қазақстандықтар өзінің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жанына топтасып, ол бастаған идеяларды бірауыздан қолдап, жарқын болашаққа қарай бет бұрды.

Қазіргі таңда біз өткенге қарап, «сол кезде қабылданған шешімдер уақытылы, орынды болды» деп толық айта аламыз. Ал, сол шақта ертеңіміз не болатынын ешқайсымыз пайымдай алмадық. Бәрі бұлыңғыр еді. Көптеген күдіктер, екіжақты пікірлер болды. Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері Елбасының бар білімін, күш-жігерін сарп етуімен ұштасып жатыр, – деген Нұрлан Асқарұлы Елбасының Қазақстан тарихында алатын орны мен оның сарабдал саясаты арқылы мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін атап айтты.

%d0%b0%d0%bb%d1%82%d1%8b-%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%88%d1%82%d1%8b%d0%bd

Аймақ басшысы өз сөзінде еліміздің толағай табыстарының ішінде – Кеңес үкіметінің ықпалы әлі басылмай тұрған кезде Семей полигонының жабылғанын ерекше атады.

Бұл үлкен жауапкершілікті өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту жөнінде ұсыныс енгізген еді. «Одан бас тартуға болмайды, бұл – алпауыт елдерге қарсы тұратын бірден-бір тетік» деп, бұл шешімге қарсы болғандар да табылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға келген сапарында Семей ядролық полигонында берген сұхбатында: «Мен қазір кезінде ядролық сынақтардың эпицентрі болған аймақтан екі шақырым жерде тұрмын. Бұл сәттің өмірімдегі ерекше оқиға болып сақталары анық. Өзге мемлекеттердің көшбасшыларын ядролық қарудан толықтай бас тартуға шақырамын. Ядролық қарусыз әлем құру – Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі мұраты, бүкіл адамзаттың арманы. 1991 жылы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстаннан әлем елдері үлгі алуы тиіс. Мен бұрынғы ядролық сынақ орталығында тұрып, бүкіл ядролық державаларды Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын», – деген болатын.

Бұдан соң аймақ басшысы облыстық балалар стоматологиялық емханасының рентген-лаборанты Галя Жанғабыловаға, облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Рахметқалиеваға, облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Бақытбек Сартбаевқа, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Зұлхағида Наубеков және тағы басқаларға қызметтегі жетістіктері үшін Алғыс хат тапсырды.

Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов та елеулі еңбектері үшін бірқатар  қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

%d0%b0%d0%bb%d1%82%d1%8b-%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%88%d1%82%d1%8b%d0%bd-3

 Айгүл Ертілеу

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз