Атырауда жылу желілерін жаңартуға 5,7 млрд теңге бөлінді

sddefault Жаңалықтар

Атырау облысында жылу желілерін жаңарту үшін 5 млрд 700 млн теңге бөлінген, деп жазады 24.kz

Бірақ өңір қысқа әлі толық дайын емес. Қазір 36 шақырым жылу желісін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жауаптылар жылу беру маусымы басталғанша жөндеуді аяқтаймыз, дейді. Жалпы 2030 жылға дейін 17 млрд теңгеге 60 шақырым жылу желісі жаңартылады деп жоспарланып отыр.

Облыста 601 шақырым жылу желісі бар. Оның 68 проценті әбден тозған. Құбырлар жарылып, былтыр бірнеше шағын аудан жылусыз қалды. Ал биыл жауаптылар олқылықтың орнын толтыру үшін бюджеттен 2 млрд 300 млн теңге бөлген. Ал қалған қаражат инвестициялық бағдарлама мен жеңілдетілген несие арқылы төленеді. 

«Инвестициялық бағдарлама аясында 8 шақырым 200 метр магистралды жылу желісі жаңартылады. Жеңілдетілген несие арқылы 29 шақырым құбырды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ тұтынушылардың тариф бағасына наразылығын тудырмау үшін 16 шақырымға жуық жылу желісін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне беріп, жергілікті бюджет есебінен жылу желілерін жаңартамыз», – дейді «Атырау жылу желілері» АҚ Президенті Әлібек Темірғалиев.

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында жылу беру маусымына дайындық әлі басталмаған. Өйткені жөндеу жұмыстарына ниетті мердігер табылмапты. Енді жергілікті билік екінші рет конкурс жариялаған. Жуырда мердігер анықталып, жөндеу басталады, дейді жауаптылар. Қазір жылу беру маусымына дайындық облыстық ведомоствоаралық комиссияның бақылауында.

«Облыс бойынша 177 автономдық қазандық бар. КОЖД (Коммунальное обслуживание жилых домов) мекемесі бар ғой бізде. Сол мекеме тарапынан жөндеу жұмыстарына қажетті жабдықтар сатып алынып жатыр. Осы жылыту маусымының басталуына дейін үлгеру керек. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Күнделікті қадағалау жүргізіліп отырады жылыту маусымы бойынша. Бүгінгі таңда 72 пайыз дайындық көрпсетіп отырмыз», – дейді облыстық энергетика және ТҮКШ Басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин.

Қазір жылу беру маусымына 421 білім беру нысаны, 147 медициналық ұйым мен 1789 көп қабатты тұрғын үй дайындалып жатыр. Сондай-ақ, Исатай және Қызылқоға ауданындағы елдімекендер жыл соңына дейін көгілдір отынмен қамтылады. 


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз