Алтай Көлгінов журналистерге дөрекі сөйлейтін мемлекеттік қызметшілер туралы айтты
Өңірлік мерзімді басылымдар форумына қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов журналистерге дөрекі сөйлейтін мемлекеттік қызметшілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір мемлекеттік қызметшіге деген сын көп. Мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі де көп. Ол жерде де бес саусақ бірдей емес. Дегенмен журналистер тарапынан түсетін сауалдарға дереу жауап беру деген бар. Әсіресе, қоғамды мазалайтын сұрақтар болып тұрған кезде, алғы шепте жалған ақпарат емес, шынайы мемлекеттік көзқарас халыққа дер кезінде жеткізілуі тиіс. Ал этикаға келетін болсақ, ол бәрінде болуы керек. Оның ішінде, журналистердің де этикасы болуы тиіс. Қазіргі ақпараттық кеңістікке байланысты біз мемелекеттік қызметшілерді көбірек оқытуымыз керек шығар. Себебі олардың барлығы БАҚ-қа күнделікті сұхбат бере бермейді», — деп пікір білдірді Алтай Көлгінов.