Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

«Алтай – Атырау арасы» Дәстүрлі түркі музыкасының фестивалі өтті

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыры терең Түркі жұртының тарихы мен рухани бірлігін насихаттау мақсатында 2019 жылы Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керектігін баса айтқан еді.

Каспийдей буырқанған көк теңіздің сағасы мен Ақ Жайықтың жағасын жайлаған ел тарихы бір түркітектес халықтардың басын қосып, Қазақ мемлекетінің рухына от берді. Атырауда тұңғыш рет дәстүрлі түркі музыкасының халықаралық фестивалі өтті.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аталған шара аясында ұйымдастырушылармен және Әзербайжаннан, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Түркіменстаннан және еліміздің әр өңірінен келген композиторлармен кездесті. Кездесуде мәдениет пен өнерді бірлесе дамыту бойынша (ТҮРКСОЙ) Халықаралық ұйымының бас хатшысы мұндай шараның Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқанын атап өтті.

− Атырауда әлемдегі барлық музыкалық фестивальдерге қатысып жүрген талантты, белгілі композиторлар жиналып отыр. Алдағы жоспарларымыз ауқымды. Бізді Оңтүстік Кореядағы музыкалық фестиваль күтіп тұр. Жақын арада Башқұртстанда түркі халықтарының заманауи музыкасының фестивалі өтеді. Татарстан Еуразиялық фестивальді өткізеді. Атыраудағы осындай үлкен шараның тамырлас елдердің музыкалық мәдениетін дамыту үшін маңызы зор,-деді Дүйсен Қасейінов.

Облыс әкімі халықаралық фестивальді ұйымдастырудың маңызына тоқталды.

− Сіздер – өз ісін үздік меңгерген шеберсіздер. Алла берген таланттың, еңбектеріңіздің арқасында табыс биігінен көріндіңіздер. Сіздерді өз елдеріңіз ғана емес, жырақ жерлер де танып отыр. Біздің де мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлері мәртебелі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, лауреат атанып жүргенін мақтанышпен атап өтемін. Бұл – біздің корифейлеріміз қалыптастырған базаның, дәстүрдің жемісі. Бұл – Құрманғазы, Динаның елі, — деді Нұрлан Ноғаев.

Фестиваль түркі әлемінің м у з ы к а л ы қ м ұ р а с ы н бағалаушыларды қуантып, Атыраудың тұрғындары мен қонақтарының есінде қалатын оқиға болғаны даусыз. Шараға алыс-жақын шетелдерден түркітілдес халықтардың өнерінің туын желбіретіп жүрген композиторлар қатысты.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Халық әртісі, РФ Композиторлар Одағының Төрағасы Рашид Қалимуллин, Башқұртстан Халық әртісі, Башқұртстан Композиторлар Одағының Төрағасы Лейла Исмагилова, Қырғызстан Халық әртісі, Қырғызстан Композиторлар Одағының Төрағасы, Қырғызстан Мемлекеттік консерваториясының ректоры Мұратбек Бегалиев, Әзербайжан Халық әртісі, Гаджибеков атындағы Әзербайжан Мемлекеттік музейінің директоры Сардар Фараджев, Өзбекстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясының доценті Хуршидахон Хасанова, Түркіменстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Түркіменстан Композиторлар Одағының Төрағасы Ровшен Непесовтар көк теңіздің сағасына, Ақ Жайықтың жағасына келіп, өз туындылары арқылы түбі бір түркі халықтарының туыстығын дәлелдеді.

Сондай-ақ, өз еліміздің ардақтылары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Дәлденбай, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Владимир Стригоцкий-Пак, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Ермек Өміров, Халықаралық конкурстардың лауреаты Хабиболла Сетеков, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Өскеменнен келген Светлана Апасовалар да фестивальге қатысты.

Фестиваль жобасының авторы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркі композиторлар қауымдастығының Президенті Балнұр Қыдырбек. Фестиваль шымылдығы республикалық конкурстардың лауреаты Сая Жұмашеваның дирижерлік етуімен «Нарын» халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Балнұр Қыдырбектің «Алтай–Атырау арасы» туындысымен ашылды.

Сардар Фараджевтің « К ө р о ғ л ы » , С в е т л а н а Апасованың «Сарыарқа ХХІ», Лейла Исмагилованың «Қурай мен оркестрге арналған пьеса» Хабиболла Сетековтың «Чапбаят», Р.Абдуллаевтың «Ләзги», Ермек Өміровтың «Үш өзен» «Ақжайық», Ровшен Непесовтың «Түрікмен өрнегі», Владимир СтригоцкийПактің «Дала тойы», Бахтияр Аманжолдың «Қиядан қиқу түскенде», Хуршидахон Хасанованың «Qizgina» шығармалары оркестрдің орындауында көрермендер қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ, Балнұр Қыдырбектің «Туған мекен Күреңбел» әні Абай атындағы Қазақ МемлекеттікАкадемиялық опера және балет театрының солисі Дархан Жолдыбаевтың, Мұратбек Бегалиевтің «Сағындым» әні Абай атындағы Қазақ МемлекеттікАкадемиялық опера және балет театрының солисі Гүлзат Дәуірбаеваның, Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні Гүлзат Дәуірбаева мен Дархан Жолдыбаевтың, Татьяна Шалгинованың «Анис әні» Гүлзат Дәуірбаеваның, Бейбіт Дәлденбайдың «Кездесейік» әні Гүлзат Дәуірбаева мен Дархан Жолдыбаевтың, Рашид Калимуллиннің «Качан гана очрачырбыз» әні Гүлзат Дәуірбаеваның, И.Азманлидің «Әзербайжан байрағы» әні Гүлзат Дәуірбаева мен Дархан Жолдыбаевтың орындауында шырқалды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button