bilim

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ: Қашықтан оқытуға дайынбыз ба?

Білім Жаңалықтар СарапTime

Atr.kz/18 тамыз, 2020 жыл. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жергілікті білім саласында үлкен өзгерістер болмақшы. Басты ерекшелік – бастауыш сынып оқушылары үшін мектептерде кезекші сыныптар ашылады. Ал, жоғары сыныптағылар өткен оқу жылының соңғы тоқсанындағыдай қашықтан оқиды. Бұл ретте өңірде жасалып жатқан жұмыстар қандай? Жаңадан қолға алынатын кезекші сыныптардың тиімділігі неде? Кадр мәселесі қалай шешімін табуда?

Облыста – 1446 кезекші сынып

Биыл аймақта 170 мектепте 1 446 кезекші сынып ашылады. Оған 21 мың 637 оқушы барады деп жоспарлануда.  Пандемия жағдайына орай сыныпішілік қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Мектептер залалсыздандыру құралжабдықтарымен толық қамтылмақшы. Бүгінде үнемделген қаражатқа тепловизорлар алынып жатыр. Сондай-ақ, шалғай 17 елді мекеннің бастауыш сынып оқушылары көлік тасымалымен қамтамасыз етіледі.

Кезекші сыныптардың қалай оқытылатыны жөнінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев айтып берді. Оның баяндауынша, сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс əртүрлі уақытта болады. Əрбір сынып бір-біріне кедергі келтірмеуі тиіс.

  • – Кезекші сынып бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде ғана жүзеге асады. Оқу бірнеше ауысыммен ұйымдастырылады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15-тен аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс əртүрлі уақытта болады. Кезекші сыныпта негізгі пəндер ғана оқытылады. Сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізіледі, – деді Сатқан Есенғалиев.

Санитарлық талап – басты назарда

Басқарма басшысы бұл ретте барлық санитарлық талаптарды сақтау басты міндет екендігіне тоқталды. Кезекші сыныптардың жұмысы негізгі алгоритм бойынша жүргізіледі.

  • – Егер ата-аналардың карантин кезінде екеуі де жұмыста болып, баласының мектепке баруын қажет деп санаса, бұл туралы мектеп басшылығына өтініш жазуы керек. Балалардың учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтамасы болған жағдайда ғана білім беру ұйымына қабылданады. Бұл ретте оқушылардың бұдан бұрын COVID-19 дертіне шалдыққандармен байланыста болмауына, тыныс алу ауруларымен сырқаттанбағандығына маңыз беріледі, – деді Сатқан Ыбырайұлы.

Кезекші сыныпқа келетіндер үшін ерекшеліктердің бірі – мектеп формасы міндетті емес. Ең бастысы, киімі таза, классикалық стильде болуы, бетперде тағуы қажет. Ата-ана баланы мектепке əкелгенімен, өздері кірмейді. Ғимараттың кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді. Медициналық қызметкер бала мектепке кірер кезде оны күнделікті таңғы фильтрден өткізеді. Осыдан кейін ғана сыныпқа кіруіне рұқсат беріледі. Ө т ке н о қ у ж ы л ы н ы ң с о ң ғ ы тоқсанында оқушылардың барлығы қашықтан оқыды.

Ал, жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптардың ашылуының себебі неде? Білім ордалары бұл міндетті қалай қабылдап, жұмысты қандай деңгейде ұйымдастыруда? Осы сауалдар аясында Атырау қаласындағы №40 орта мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаеваға жолықтық. Оның айтуынша, қашықтан оқыту, əсіресе мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бірінші сыныптың оқушылары үшін оңай болмайды.

  • – Олар мектепке барып, алдымен əріп тануы қажет. Осы себептен бірінші сыныптың оқушылары үшін кезекші сыныптарды көбірек ашқалы отырмыз. Кезекші сыныптар бала үшін де, атааналар үшін де тиімді болары сөзсіз. Жұмыс арасында кейбір жағдайда тиімсіз тұстары да кездесіп қалуы мүмкін. Өйткені, кезекші сыныпта сауат ашу, математика, дүниетану, жаратылыстану секілді негізгі пəндер оқытылады. Ал, қалған пəндерді оқушы үйден онлайн түрде пəн мұғалімдерінің жіберген видеосабақтары негізінде оқиды. Сондықтан, бұл ретте əрбір атаананың ұстаздармен барынша бірлесе жұмыс атқаруы да маңызды, – деді Жанаргүл Ерсайынқызы.

Сондай-ақ, ол білім ордасындағы кезекші сыныптардың жасақталу жоспарымен бөлісті.

  • «Біздің мектепте штаттық режимде бірінші сынып бойынша – алты, екінші, үшінші жəне төртінші сыныптар бойынша тоғыз кезекші сынып жұмыс жасайды деп күтілуде. Əрқайсысында 15 оқушыдан болады. Мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталып, бекітілген сабақ кестесімен жұмыс жүреді деп жоспарланды. Қазіргі уақытта кезекші сыныптар үшін ата-аналардан жəне ұстаздардан өтініштер қабылдануда. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұл штаттық режимдегі оқу педагогтарға оңай болмасы анық. Алайда, ұстаздар қауымы қашан да жауапкершілікті терең сезінетін, əр нəрсені байыпты қабылдай алатын мамандық иелері. Сондықтан, олардың көмегімен бұл қиындықты да жеңіп шығамыз деп сенемін.
  • Қазір мұғалімдер бұл жұмыстарға үлкен дайындық үстінде. Алдын-ала жасақталған он бес сыныпта 224 оқушы оқиды деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, жаңа оқу жылында 825 шəкірт білім алады. Соның ішінде 190 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады» деді Жанаргүл Атшыбаева.

Аймаққа 101 жас маман келеді

Б ү г і н д е А т ы р а у о б л ы с ы н ы ң мектептеріне 472 педагог жетіспейді. Оның ішінде, 74 бастауыш сынып мұғалімі қажет. Жуырда өткен баспасөз мəслихатында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов осы проблеманы шешу мақсатында педагог мамандығына облыс əкімдігінен бөлінетін грант санының артатынын баяндады. Мұғалім жетіспеушілігі мəселесін жоюдың бірден-бір жолы – ұстаздардың əлеуметтік жағдайына ерекше мəн берілуі қажет. Осы орайда жаңа оқу жылында облыстағы білім беру мекемелеріне 101 жас маман келеді. Оның 20-ы – бастауыш сынып мұғалімі. Сонымен қатар, аудандарда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 20 маман қызметін бастайды деп күтілуде.

Қашықтан оқудың келеңсіздіктері

Ө т к е н о қ у ж ы л ы н ы ң с о ң ғ ы тоқсанында қашықтан оқу мəселесіндегі басты проблеманың бірі интернет жүйесі мен ақпараттық техникалық құралдың жетіспеушілігі болды. Мəселен, бір үйде оқитын бірнеше балаға бір компьютер жетпейді. Одан қалса, интернет желілерімен қамтылмаған ауылдар үшін де біраз қиындықтың орын алғаны рас. Соған қарамастан, атааналар мен ұстаздар, оқушылар ұялы байланыстың интернет тарифтерін пайдалануға мəжбүр болды. Қанша қиындық тудырса да соның негізінде оқу тоқсанын біртіндеп тəмамдады. С о л к е з е ң д е о р ы н а л ғ а н келеңсіздіктер енді қалай еңсеріледі? Көптің көкейіндегі басты сауалға жуырда облыс əкімі Махамбет Досмұхамбетов жауап берді.

Аймақ басшысының пікірінше, облыста жаңа оқу жылында барлығы 131 900 оқушы білім алады. Алдынала жүргізілген есептер бойынша 16 693 оқушыға компьютер керек. Ал, үш мың оқушы интернет желілерімен қамтуды қажет етеді. Бүгінде облыстық əкімдік тарапынан бұл сұраныстың орындалуына баса назар аударылуда. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруда ең алдымен көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларға маңыз берілетіні белгілі болып отыр.

Сонымен бірге, облыста интернет жылдамдығы төмен 47 мектептің 31-іне жылдамдықты көтеру үшін нақты шаралар қарастырылуда. Байқасақ, мұнайлы өңірде жаңа оқу жылына қызу дайындық жүруде. Ал, бұл жұмыстардың орындалысы көпшіліктің көңілінен шыға ма? Осы орайда біз шалғайдағы көп балалы атааналармен де тілдестік.

  • – Мен Қызылқоға ауданы Миялы селосының тұрғынымын. Жеті баланың анасымын. Жұбайым жұмыссыз. Өзім жергілікті əкімшілікте қоғамдық жұмыста қызмет етемін. Үлкен балам студент. Мектепке баратын бес балам бар. Кішісі балабақша жасында. Былтырғы оқу жылында қашықтан оқу процесіне көшкен сəтте көп балалы, аз қамтылған отбасы ретінде балаларыма мектеп əкімшілігі бір ноутбук берді. Үйдегі бес балаға бір құрылғы жеткіліксіз болды. Сондықтан, биылғы оқу жылында осы мəселені мектеп басшылығы ескерсе екен деймін, – деді Ақбаян Аденова.

Мұғалімдер мен ата-аналардың а й т у ы н ш а , и н т е р н е т ж е л і с і н жандандырмай, білім платформаларын толық ашу мүмкін емес. Осы орайда Исатай ауданы Зинеден селосындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің мұғалімі Нұргүл Мұхамбетқалиқызы да өз ұсыныс-пікірін білдірді.

  • – А у ы л д а и н т е р н е т ж е л і с і мүлдем жүргізілмеген көшелер бар. Бірқатар отбасы жағдайы жетіп тұрса да, «Қазақтелеком» байланыс операторының желі жүйесі жүргізілмегенінің салдарынан бұл қызметті пайдалана алмай отыр. Осы орайда облыстық əкімдік тарапынан жасалып жатқан жұмыстардан бөлек, Кселл, Beeline секілді ұялы байланыс компаниялары да демеушілік танытса деймін. Олар ғаламторға кіруге арналған арнайы құрылғы – модемдерді шынымен мұқтаж отбасыларға тегін таратса, зор қолдау болар еді. Бұл жағдайда əрбір отбасы ай сайынғы интернет төлемдерін өздері төлеп тұруға да келісер еді. Қалай десек те, ең алдымен интернеттің қызметі барлық үйде қолжетімді болуы тиіс, – деді Нұргүл Мұхамбетқалиқызы.

М ұ н д а й м ə с е л е ш а л ғ а й д а ғ ы а у ы л д а р д ы а й т п а ғ а н д а, о б л ы с орталығының маңындағы кейбір жаңа мөлтекаудандарда да кездеседі. Мəселен, Самал-2 мөлтекауданы əлі күнге интернет желілерімен қамтылмай келеді. «Қазақтелеком» АҚ-ның Атырау облыстық телеком муникация дирекциясы өкілдерінің айтуынша, бұл мөлтекауданға интернет жұмыстарын жүргізу мəселесі келесі жылға жоспарланған. Олай болса, самалдықтар бұл оқу жылында да ұялы байланыс операторының интернетіне жүгінуіне тура келеді.

Махамбетте жұмыс қарқынды

Өзге де аудандар секілді Махамбет аудандық білім бөлімі де қашықтан оқыту жұмыстарына дайындалуда. Махамбет аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ардақ Жуасовтың айтуынша, мектептерде 1-4 сыныптар арасында 76 кезекші сынып ашылады. Санитарлық ережелерді сақтау үшін мектептер дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу жылында Махамбет ауданы бойынша 5 632 оқушы мектепке барады. Аудандағы 433 мұқтаж отбасының балалары интернетпен қамтамасыз етіліп, аз қамтылған 200 отбасыға ноутбук таратылады.

Ал, «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға «Алтел 4G», сондай-ақ, 500-ден астам тұрғыны бар аудандағы 13 елді мекенге «Кселл» операторының қызметін қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептерге оқудың дəстүрлі түріне рұқсат беріледі. Осы орайда Құрманғазы ауданында – 12, Исатайда – бір, Қызылқоғада бір мектепте барлығы 880 оқушыны штаттық режимде оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

P.S.

Қалай десек те қашықтан оқытудың дәстүрлі білім үрдісінен айырмашылығы көп. Онлайн форматтағы оқуда оқушымен тікелей байланыс жасалғанымен, бұл мектептегі білім берумен тең келмейді. Десек те, әлемді дүрліктірген қауіпті дерттің алдын алып, оны жеңуде білім берудің жүйесінде уақытша жүктелген осы жаңа міндеттерге жүгінуге тура келуде. Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта бірінші тоқсан аяқталғаннан кейін мектептердің кезең-кезеңмен аралас оқыту және штаттық форматта оқыту жүргізілетінін айтқан болатын. Алайда, бұл эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты ғана жүзеге асады. Олай болса, қауіпті індетті жеңіп, дәстүрлі оқу форматына кшудің ауылы алыс болмағай деген ниеттеміз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Облыста ашылатын кезекші сынып саны – 1 446

Ондағы балалар саны – 21 637

Оның ішінде:

1 сынып саны – 445

2 сынып – 386

3 сынып – 380

4 сынып – 235

// Сіз не дейсіз?

Дəмен АЛТАЕВА, ардагер ұстаз, Мақат ауданының Құрметті азаматы:

Білімді ұрпақ – ел болашағы

Дүниежүзін жайлаған пандемия кезінде ең алдымен адамдардың саулығының қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Сондай-ақ, сақтық шараларын ескере отырып, жас ұрпаққа білім мен тəрбие беру мəселесі де қалыс қалмағаны жөн. Біз қазір індеттің шарықтау шегінен өтсек те, қауіптің беті қайтпағанын есте ұстауымыз қажет. Күзде жағдай қалай боларын ешкім білмейді. Сондықтан, Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойған абзал. Өткен оқу жылында онлайн оқытуға байланысты жұртты əбігерге салған мəселелер жаңа оқу жылына дейін жүйелі түрде шешімін тапса игі. Оқушының үйден болсын, кезекші сыныпта болсын, білім алуына ешқандай кедергі болмайды деп ойлаймын. Еліміздің жарқын болашағы жас ұрпақтың алған білімі мен тəрбиесіне байланысты десек, бұл мəселенің маңызы ерекше.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған