«Алматы трагедиясы»: ЖАНСАЯ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Ымырт ауған шақ еді. Неше күннен тілсіз тұрған телефоным безілдей жөнелді.
— Мама, қашан келесің?, — дейді бүлдіршін қыз дауысы.
— Бұл кім?
— Мама, тез келші, қорқып отырмын.
— Мамаң қайда кетіп еді? Бұл басқа нөмір ғой.
— Менің мамамды тауып беріңізші. Ол әлі келмей жатыр.
— Атың кім?
— Жансая, — дегенді әзер айтқан тұтқаның арғы жағындағы қыз еңіреп жылап тұр. Есім шығып кетті.
— Жансая, қай қалада тұрасың?
— Алматыда-а-а.
Солқылдап жылаған кішкентай қызды қалай жұбатарымды білмей далмын. Интернет өшкен. Теледидардан қорқынышты ақпараттар легі сағат санап беріліп жатыр.
— Қазір күте тұрайық, мамаң келіп қалар. Сәлден кейін хабарласамын, — деп тұтқаны қойдым.
Арада жарты сағат өтпеді, қоңырау қайтадан соғылды.
— Мамам қайда менің? Тауып беріңізші. Алдыңғы жылау-жылау ма, тіпті үдей түскен. Оған қосылған тағы бір дауыс шығады.
— Жансая, кім жылап тұрған?
— Бөпем ғой, оянып…
— Әкең қайда?
— Жұмысқа кеткен. Мамамды тауып беріңізші.
— Жасың нешеде?
— Жетіде.
— Жансая, сен үлкен қызсың. Жылама, бөпеңе сүт бере ғой. Қазір анаңды табамыз.
Қобалжу, үрей, қорқыныш, дүрбелең, миымда бәрі астан-кестең болып кетті. Атырау қайда, Алматы қайда? Алты алаштың ардағы ару Алматы неше күннен бері қанды қырғынның ордасы болып жатыр. Бейбіт күннің шырқын бұзған оспадарлардың опасыз әрекетінен қанша бала қайғы құшты, қанша ана аңырап қалды. Алып шаһардың әдемі көшелері қанға бөкті. Дүкендер ғана тоналған жоқ, отыз жылдан бері әлпештеп-әлдилеп келе жатқан барлық тәтті сөздеріміз, арманымыз бен үмітіміз тоналды. Тыныштықтың күлі көкке ұшты. Небір күштердің арам пиғыл, жымысқы ойы қаннен қаперсіз жатқан халықтың ойранын шығарды. Әйтпесе бәрі басқаша басталған-ды. Алыстағы Алматының бір бұрышында шырқырап жылап жатқан кішкентай сәбилердің дауысы тынышымды ұрлады. Телефонды тағы да қолыма алдым.
— Жансая?
— Мамам жо-о-оқ!
Ойыма не келіп, не кетпеді? Мүмкін дүкенге сүт алайын деп шығып, абайсызда оққа ұшты ма? Мүмкін көзі қанға толған бір содырдың соққысы тиді ме? Үйге сыймай кеттім. «Бұлай бол[1]мас, полицияға хабарлайын» деген ойға бекігенім сол, тағы да қоңырау.
— Кешіріңіз, мен үйге келдім, — деген жалқы сөйлемді асығыс айтты да, тұтқаны қоя салды.
Жүрегім орнына түскенімен, біразға дейін өз-өзіме келе алмадым. Жердің түбіндегі кішкентай Жансаяның «мамалаған» дауысы әлі күнге дейін құлағымда тұр. Жай күні болғанда мүмкін періште сәби қорықпас па еді? Терезенің сыртындағы қайшылық қыспағындағы алмағайып әлем, ашық аспан астында атылған оқ дауысы Жансая секілді қаншама баланың қабылдауына ауыр тиді? Үрейін ұлғайтты. Осы күндерде «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген тілектің әлемдегі ең асыл ниет екенін ұқтым.
Осы күндерде Мұқағали айтқан: «Қандай ғана анадан туады адам, сәбилердің ұйқысын қуалаған. О, тыныштық, тыныштық қандай рақат? Қандай рақат сәбилер жыламаған?!» дегені даналық екенін, адамзат атаулының алтын тәжі бейбітшілік екенін ұқтым. Осы күндерде: «Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте» екенін ұқтым.
Президент: «Тарихта, бәлкім, Алматы трагедиясы ретінде қалатын жайт орын алды», — деді ҰҚШҰ кеңесінің сессиясында.
Мемлекеттік төңкеріс жасауға ниеттенгендерге: «Мемлекет құламайды!» деді сенімді түрде. Сенім – ұлы күш. «Алматы трагедиясында» ажал құшқан бейбіт тұрғындар мен тәуелсіздік пен тыныштығымыз жолында құрбан болған батырлар рухына мың тағзым! Жансаяның анасы оралып, оқиғаның сәтті аяқталғаны әрине жақсы. Бірақ тыныштық ұрланған сәтте айналдырған екі сағаттың өзі адамды қаншалықты алаңдатып, сарсаңға салатынын сіз білмей-ақ қойыңыз. Жұмекеннің жыры бар еді: «Анасын бала, баласын ана жоқтамасын мәңгілік!». Ешкім де жыламасыншы. Көк Туымыз енді қайтып құламасыншы.
Бақытгүл БАБАШ,
ақын
Трогательно