Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Аллергиядан арылудың жолы бар ма?

Кез келген ортадан немесе көше бойынан көзі жасаурап, тыныс алуы қиындап тұрған адамды көрсек, аллергияға шалдыққанын бірден түсінетін болдық. Себебі,
аймақта дәл қазіргі уақытта бұл ауру түрі өршіп тұр. Арамызда маусымдық аллергияға шалдыққандар саны көбейгені соншалықты, қазіргі кезде орташа есеппен әрбір үшінші адам осы аурудан зардап шегеді екен.

Аллергияны мамандар ХХІ ғасырда ең көп таралған аурулардың бірі екенін айтады. Алайда, біз оның шын мәнінде қандай сырқат екенін білеміз бе? Ол неден пайда болады? Аллергиядан айығудың жолы қандай?

4-1-1-1-1

Дәрі де дәрменсіз

Аллергияның адамдар арасында көп тарағаны соншалықты, тіпті кейбір кісілер түшкіріп, мұрны бітіп, жөтеліп, көзі жасаурағанда өз бетінше ем қолданып жүр. Солардың бірі – Марат есімді Атырау қаласының тұрғыны.

«Жаз айлары басталысымен көзім, мұрным, тамағым қыши бастайды. Тыныс алу жолдарым бітеліп, еш нәрсеге зауқым болмай, мазасызданамын. Мұндай күйге түскеніме төрт-бес жыл болды. Биыл аллергия тіптен күшейіп кеткендей, ауру асқынғанда дәрі де дәрменсіз болады екен. Дозасын көбейткенде ғана бетім бері қарай бастайды. Байқайтыным, мен сияқтылардың қатары жыл санап артып келеді. Жақында ғана жолдастарыммен бас қосқан едік. Санап қарасам, үстел басындағы 18 адамның тоғызының мұрны су болып, көзі жасаурап, әлсін-әлсін тыныс ашатын тамшыларды қолданып отырды», — деген ол қаладағы дәріханаларда аллергиялық ауруларды емдейтін дәрілердің тапшылығын да алға тартты.

«Тамыз айының ортасы болатын, дәрі алуға үйге жақын жердегі жекеменшік дәріханалардың біріне барған едім. Фармацевт аллергияны басатын дәрілердің өтіп кеткенін, тек 5500 теңге тұратын «Авамис» қана қалғанын айтты. Мұрным бітеліп, мазам болмағандықтан, сол «Авамисті» алып үйге қайттым», —  дейді ол.

Иә, аллергия әбден асқынғанда адамдар «аллергияның дәрісі» дегеннің бәрін қолдана бастайды. Дәріханаларда «Нафтизин» 100 теңге тұрса, «Називин» 900-1000, «Супрастин» мен «Диазалин» 250-700 теңгенің шамасында сатылады. Десек те, ауру алқымнан алғанда қымбат бағаға да дәрілер табылмай қалады. Ал, қазіргі уақытта сұраныс жоғары болғандықтан, дәріханалар пайда табуды ойлап бағаны шарықтатып тұр.

Алайда, мұнымен ауру жазыла ма? Бұдан құлан таза айығудың қандай жолдары бар? Біз бұл сауалдардың жауабын білу мақсатында облыстық аурухананың аллерголог-дәрігері Гауһар Сембиеваға  жолыққан болатынбыз.

Аурудан қалай айығуға болады?

Дәрігердің айтуынша, аллергия – ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсері. Адам ағзасының сезімталдығы артса, ауаның, күннің, сондай-ақ, шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі.

«Аллергиясы бар адамдардың балалары да осы кеселге бейім келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Екінші фактор – экологиялық жағдай салдарынан жүре пайда болатын аллергия. Негізінен, адамға көз, мұрын, қолқа арқылы білінеді. Мұндай кезде адамдар дертіне өзі диагноз қойып, дәрілерді дәрігердің нұсқауынсыз алып, пайдалана береді. Бұл – дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбіне осы жағдай себеп болып жатады. Шілде-тамыз айларында жусан, амброзия сынды далалық өсімдіктер гүлдейді. Солардың тозаңдары адамдардың мұрнына, көзіне түсіп аллергия туындайды. Не болмаса, қарапайым салауатты өмір салтын сақтамағаннан, темекі мен химиялық қоспасы бар заттарды қолданғаннан пайда болады. Бір байқағаным, Атырауда өсімдіктерден аллергиясы бар адамдар көп. Өсімдіктер гүлдей бастаған шілде мен қазан айлары аралығында жүреді де, содан кейін басылады. Аллергияның түрлері сан алуан. Соның бірі дәл қазіргі кезде өршіп тұрған маусымдық аллергиялық ринит немесе аллергиялық конъюктивит деп аталады. Ем түрлері әртүрлі жүргізіледі. Науқастың ең алдымен неден, шөптің қандай түрінен аллергиясы барын анықтау үшін арнайы лабораторияға қан тапсыртамыз. Алайда, біздің ауруханада мұндай құрылғылар жоқ. Сондықтан, жекеменшік клиникаларға жібереміз. Содан кейін ем жүргізе бастаймыз.  Ауру  ушығып тұрған дәл қазіргі уақытта ем нәтиже бермейтіндіктен, оны қыс айларында жүргіземіз. Ал, қазіргі уақытта лаборатория нәтижесі бойынша, түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурауын ғана дәрілердің көмегі арқылы тоқтатамыз. Қыс мезгілінде арнайы терапиядан өткен науқас мүлде сауығып кетпегенмен, келесі жылдың қазіргідей мезгілінде аллергиядан жеңіл өтеді. Сондай-ақ, климат ауыстырудың да әсері болады», — деген маман адамдарға «Називин», «Нафтизин» секілді мұрын тамшыларын қолданбауға кеңес берді.

Аллергологтың айтуынша, мұндай сұйық дәрілер үнемі қолданғандықтан, мұрын қуысын бітеп, қабыну процесін тудырады. Уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді. Ауруды толық емдемесе, тым асқынып кетуі ықтимал.

«Мәселен, аллергиялық ринитке гормондық, гистаменияға қарсы арнайы тамшыларды береміз. Басқа да дәрілерді тек маман кеңесімен ғана қабылдау керек. Емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс», — дейді.

Климаттың әсері көп

Дәрігердің кабинеті алдында кезегін күтіп отырған Сәуле есімді 64 жастағы Атырау қаласының тұрғыны аллергиямен ауырғанына отыз жылдан асқанын айтып, «бұл жазылмайтын ауру, ол үшін ауаны тазарту қажет» деді. Дәрігер, климат өзгертуге кеңес бергендіктен, Бурабай жеріне барып, біраз демалып келген зейнеткер өзін ол жақта сергек сезінгенін айтты.

«Барлығы қаражатқа тірелетіндіктен, ұзақ бола алмадым. Бірақ, Бурабайда бірінші күннің өзінде-ақ таза ауа тынысымды ашты. Ал, Атырауға қайтып оралған соң ауруым қайта басталды. Бастапқы уақытта жаз айларында ғана ауыратынмын, қазір жыл бойына осылай, бет-аузымды тұмшалап, түшкірумен жүремін. Өзіңіз көріп тұрсыз, науқас көп болғанымен, оны емдейтін маман аз. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұр. Жолдамасыз, не ақысын төлемей кезекте тұрғандарды қабылдамай жатыр», — деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта төрт аллерголог жұмыс жасайды. Ал, оның екеуі – балалар аллергологы. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  бұйрығы бойынша, әр он мың балаға бір аллергологтан болуы тиіс. Аймақта екі жүз мыңнан аса бала бар десек, оларға қызмет етіп жүрген екі-ақ аллерголог маманның еңбегін ерлікпен пара-пар дерсің. Қазіргі уақытта аллергиясы асқынып тұрған Атырауға аллергологтар ауадай қажет. Өйткені, кез келгеннің климат ауыстыруға мүмкіндігі жетпесі анық…

P.S. Аллергия – XXI ғасыр ауруы. Көп ретте стресс, экологиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау аталған дерттің пайда болуына жағдай туғызады. Демек, аурудың алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу аллергологқа көрініңіз. Себебі, дәрігерлер өз-өзіне диагноз қойып, бірден дәріханаға жүгіретіндер ауруды асқындырып алады деп дабыл қағуда. Аллергиясы барларға күніне бір грамм С дәрумені мен құрамында ақуыз, май, көмірсутегі бар тағамдар қабылдап, бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұруға, үйде ит, мысық асырамауға, ортақ заттарды пайдаланбауға кеңес беріледі. Десек те, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеннің артықшылығы әлдеқайда көп.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button