ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ЖАЛҒАСАДЫ
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялық бағдарламалар бойынша жыл сайынғы есептік жиналысын өткізуді дәстүрге айналдырғаны құптарлық іс деп атап көрсетті. Компания басшылығына жобаларды қолдап, үкіметтік емес ұйымдар саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.
— Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып, бизнеспен тығыз қарым-қатынас жасағанының арқасында оң жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтық қоғамның өркендеуіне мемлекеттік органдармен қатар өз үлесін қосып жүрген ірі кәсіпорындар да жыл санап көбейіп келеді. Облыста азаматтық қоғамның даму үрдісі байқалады, жергілікті бюджеттен шығатын қаржы көлемі ұлғайды. Былтыр 2013 жылмен салыстырғанда қоғамдық ұйымдар төрт пайызға, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қаралған қаржы 38 пайызға артып отыр. Осынау мақсатта 2013 жылы 10 мемлекеттік мекеме қаражат қарастырса, былтыр оның саны 13-ке жетті. Қоғамдық бірлестіктермен жұмысты нығайту мақсатында осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға 28 үкіметтік емес ұйым қатысса, өткен жылы олардың саны 39-ға жетті, — деді Ш.Мұқан.
Ол, сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар мен атқарушы биліктің арақатынасына күмәнмен қарайтындар да бар екендігін жасырмады. Өйткені, атқарушы билік өзінің мемлекеттік тапсырыстары арқылы саяси көзқарастарға ықпал етуі мүмкін деген пікірлер де жоқ емес. Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, мемлекеттік ұйымдар өзі атқарып отырған кейбір жұмыстарды азаматтық секторға бергені дұрыс.
Ал, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер компания құрылған кезден бастап өңірде әлеуметтік бағдарламаларды қолдауға қыруар қаржы бөліп келе жатқандығын атап өтті. Бұл жұмыстың одан әрі жалғасатынына сенім білдірген ол үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып денсаулық сақтау, білім беру, экология, ұлттық құндылықтарды ұлықтау сынды тиімді, әрі маңызды жобаларды іске асырғанын айтты.
Кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Гүлнәр Айтжанованың сөзіне қарағанда, жыл сайын компанияның білікті мамандарынан құралған арнайы комиссия ҮЕҰ-дан түскен әлеуметтік жобаларды іріктеп, инвестиция бөлуді жалғастыруда.
Айбөпе САБЫРОВА.