Жарнама
Жаңалықтар

Әлеуметтік желі – желіктірмесін

Шексіз-шекарасыз ақпарат әлемі жер-шары халқын бір-бірімен байланыстырып отыр. Бүгінде адамдардың дені әлеуметтік желілерде отыруды әдетке айналдырған.

Жалпы әлеуметтік желі қолданысқа енгеннен бастап, ел жастарының 80% пайызы түрлі сайттарға тіркеліп, жеке өміріндегі қызықтармен бөлісе бастаған. Ал, қазіргі таңда ғаламтор арқылы арзан атақ қуып мазақ болып жүрген жастармен қатар үлкендердің де төбе көрсетіп жүргені қынжылтады. Бүгінде интернетті парақтасаңыз ұрыс-керіс, ғайбат айту, жаға-жыртыс, жалған ақпараттан көз ашпайсыз. Бұл – технологияны маңызды істерге пайдалана білмейтін адамдардың қарасы көп екендігін аңғартады.

Осы мәселеге қатысты қала тұрғындарының пікірін біліп көрдік.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4  курс студенті Ақкүн Сембаеваның айтуынша, әлеуметтік желіде күніне 2 сағаттай отырады.      

– Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы. Көптеген қажетті ақпараттарды әлеуметтік желіден аламын. Бір жағынан жұмысым әлеуметтік желімен байланысты болғандықтан көп уақытымды соған арнаймын. Instagram, Whatsapp, Tiktok әлеуметтік желілерінде көп отырамын. Бірі көңіл-күйімді көтеру мақсатында болса, енді бірі пайдалы ақпараттар үшін, келесі біреуі жақын жандармен байланысу үшін керек. Бүгінде адамдардың барлығы әлеуметтік желіге байланған. Себебі, қазір бәрі онлайнға ауысып жатқандықтан, көпшілігі осы әлеуметтік желі арқылы табыс тауып жүр. Сол жандардың қатарында мен де бармын. Өзім журналистика мамандығында білім алып жатқандықтан, әлеуметтік желі маған копирайтерлік қызметте жұмыс жасауға көп көмегін тигізді. Қысқаша, айтқанда әлеуметтік желіден менің ұтқаным көп болды, — деді студент.

Бұл желі лабиринт тәріздес, бір кірсеңіз шығу қиын. Шыр айналып шығар есік таппай, шырмалып қаласыз. Әлеуметтік желілерге тәуелділік әсіресе мектептерде күрмеулі мәселеге айналып отыр. Ата-ана өздері ұстамаса да қымбат телефондарды балаларына алып береді. Өйткені қатардан қалғанын қаламайды. Қазір сапалы білім бәсекеде емес, сәнді ұялы телефон бәсекесі қызып тұр.

– Қазір интернеттің пайдасынан гөрі зиянын көріп жатырмыз. Бүгінде балалардың интернетке тәуелділігі артып тұр. Өзіміз таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан, баламызды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр, соған қынжыламыз. Олар көп нәрсені интернеттен алады. Таңертең, кешке қоғамдық көлікпен жүремін. Жастар мен балалар құлақтарына бір-бір құлаққап тағып алады. Музыка тыңдап, әлеуметтік желіде отырады. Тіпті, телефонға телміргендері соншалық, қасында кімнің отырғанын да байқамайды, — деді қала тұрғыны Анар Жұмабаева.

Әлеуметтік желілердің тағы бір зардабы ол  әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер екен. Ғалымдардың пайымдауынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Ал әлемде жыл сайын шамамен жүз адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады екен. Ғалымдардың сөзінше, «Instagram» желісі депрессияға ұрындыратын желі дейді. Ал «ВКонтакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шықты.

Уақыт өтіп жатыр, біз әлеуметтік желіде отырмыз, ал сіз айналаңызға тағы бір сәт назар аударып қараңызшы… Төңірегімізде тамашалайтын керемет дүниелердің бар екенін ұмытпаңыз!

Айгүл Бағытова,

Халел Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің

4 курс студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button