Әлеуметтік қызмет қалай көрсетіледі?
Atr.kz/30 қазан, 2019 жыл. Тағдырына көлеңке түскен балалардың жүзіне күлкі ұялатып, өміріне қуаныш сыйлау – басты мақсат. Алға қойылған осынау міндетті мүлтіксіз атқарып, бала болашағы үшін уақытпен еш санаспай еңбек етуде сала мамандарының рөлі зор. Өздері қадағалап, әлеуметтік жағдайға бейімдеп отырған бүлдіршіндері кішкене жетістікке жетсе, мұның өзі – үлкен қуаныш. Біз Атырау қаласында орналасқан №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болғанымызда бұл жағдайға анық көз жеткіздік.
Шексіз мүмкіндіктер орталығы
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты аталған коммуналдық мемлекеттік мекеме 1993 жылы ашылған. Мекеме директоры Жаңабай Сағиевтің айтуынша, орталыққа барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігі мен зағиптығы, бас миының органикалық зақымданғаннан кейінгі бөгде адамның тұрақты күтімін қажет ететін психоневрологиялық патологиясы бар 3-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар қабылданады. Оларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
«Мұнда ерекше балаларды физикалық қалыпқа келтіру, өзөзіне қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағдарлау негіздеріне үйрету, әлеуметтендіру, түзете-дамыта оқыту және тәрбиелеу мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық бағытта да қолдау көрсетіледі. Сондайақ, әлеуметтік-еңбек бағытында бейне бойынша еңбек дағдыларын қалыптастыру, қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жұмыстары жүргізілсе, әлеуметтік-мәдени шаралар да назардан тыс қалмайды» дейді Жаңабай Нұғымашұлы.
Мекеме басшысының айтуынша, орталықта балалар жағдайына сәйкес, тұрақты стационарға және күндізгі бөлімге тегін қабылданады. Оларға заңдылықтарға сәйкес тиесілі өтемақыларды, алименттермен басқа да төлемдерді алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға жәрдемдесу мақсатында әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек те көрсетіледі.
– Бүгінде стационар бөлімінде – 40, күндізгі бөлімде – 39, барлығы 79 бала бар. Орталық негізінен 150 орынға арналған. Жетім және атаананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 13. Ғимаратқа 2015 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қызмет алушылардың жағдайларын жақсартуда бірқатар іс атқарылды. Жиһаз бен төсек-орын қызмет алушылардың физикалық жай-күйін және жас ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи дизайн талаптарына сай таңдалып, қайта жабдықталды. Асхана, монша, кір жуу кешені жұмыс жасайды. Шаштараз қызметі көрсетіледі. Орталығымыздың материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді, — дейді Жаңабай Сағиев.
Еңбек терапиясы – ерекше ем
Ерекше балаларды қоғамға кіріктірудің бірден-бір тәсілі – еңбекке баулу. Бұл ретте оларды толыққанды түзете-дамыта оқыту, тәрбиелеу үшін арнайы құралжабдықтармен жабдықталған сенсор бөлмесі, лекотека кабинеті, «Дельфа» қондырғысымен логопед, әлеуметтіктұрмыстық бағдарлау бөлмесі, арттерапия кабинеті, еңбек шеберханасындағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Балалар арт-терапия нұсқаушысы Гүлнар Карпековамен бірге қолөнерге ден қойып, осы арқылы денсаулықтарын түзетуге тырысуда. Кең, әрі жарық шеберханада қолда бар материалдардан жасалған бұйымдар көздің жауын алады.
Ал, жеткіншектерді қолжетімді еңбекке баулу мақсатында мұнда хайуанаттар мүйісі жасақталған. Орталықтың әдіскері Гүлбану Жалекенова мұнда еңбек нұсқаушысы балалармен мекеменің жер учаскесінде әртүрлі көкөністерді егіп, өсіруге, жеміс ағаштарын баптауға үйретудің қажеттілігіне айрықша тоқталды.
«Бұл жұмыстардың балалардың ақыл-ойын дамытуда, оларды тұрмыстық өмірге бейімдеуде маңызы зор. Ендігі уақытта демеушілердің көмегімен тамшылатып суару әдісі бойынша жұмыс жасайтын жылыжайды қолға алып жатырмыз. Қазір оның құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, орталық қызметкерлері қосалқы шаруашылық, яғни, қоян өсіру, құстар түрлерін баптау жұмысын ұйымдастыруда» деді Гүлбану Забыханқызы.
Бұдан басқа, орталық мамандары қызмет алушыларға жағымды көңіл-күй сыйлау мақсатында анимациялық қызметтерді тұрақты жүргізеді. Балалар жылдың әрбір мезгілінде демеушілердің көмегімен циркке, театрға кинотеатрға, боулингке, ойын-сауық орталықтарына ұдайы барады. Оңалту – басты назарда Ерекше балалардың саулығы ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан, орталықта медициналық бөлім қызметі толық деңгейде ұйымдастырылған. Стоматологиялық сауықтырулар, жоспарлы сылап-сипау, токпен емдеу және арнаулы дамыту жаттығулары өткізіледі. Емдеу-сауықтыру іс-шаралары қызмет алушылардың соматикалық жай-күйін, жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіледі.
Медицина блогы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балаларды оңалту мақсатында емдік дене шынықтыру кабинеті жұмыс жасайды. Қызмет алушылардың жеке оңалту бағдарламасына сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші құралдармен, гигиеналық жабдықтармен толықтай қамтылған. Барлық қызмет алушыларға жылына бір рет жас ерекшелігіне байланысты тиісті скрининг жүргізіледі.
«Бала басын көтерсе, бұл – үлкен жеңіс»
Орталықта болған сәтте ерекше жандарды өмірге талпындыру бағытында жасалып жатқан бірқатар істің куәсі болдық. Мұнда «Спешиал Олимпикс» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген облыстық, республикалық жарыстарға, мәдени сайыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болғандар да бар. Ал, мекеме өткен жылы облыстағы әлеуметтікмедициналық ұйымдар арасында үздік деп танылып, «Ең үздік медициналықәлеуметтік мекеме» номинациясы бойынша Атырау облысы мәслихатының Алғыс хатымен марапатталды. Осынау жауапкершілігі мол ауыр қызметті арқалап жүрген сала мамандарының еңбегі өлшеусіз. Олар әрбір тәрбиеленушімен жеке жұмыс жүргізіп, кішкене нәтиже көрсе, оны үлкен мәртебе санайды.
«Төсекке таңылған бала басын көтерсе, мұның өзі – үлкен жеңіс. Бізде мұндай жеңістер мен жетістіктер аз емес. Өздігімен отыра бастағандар, қолдарына қасық ұстап, өз еркімен тамақтанатындар, аз да болса сөйлеп кеткендерді айтпасқа болмайды. Сондай-ақ, 12 жыл бойы төсекке таңылып, арбада отырып, жан-жақты жүргізілген емнің, қолдаудың нәтижесінде жуырда ғана аяққа тұрып өздігінен жүрген баламыз да бар. Бұл жетістіктің барлығы ерекше бүлдіршіндерімізді алға талпындырады» дейді Гүлбану Жалекенова.
Әлеуметтік саладағы осынау игі істі сан жылдар бойы арқалап жүрген қызметкерлердің еңбегі ескерусіз қалмаған. Мәселен, бұған дейін тәрбиеші Марат Матыбаев Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ері» медалімен, азық-түлік қойма меңгерушісі Әсима Макуова «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен, дефектолог-мұғалім Райхан Бисенғалиева «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, дефектолог-мұғалім Гүлбану Жалекенова Еңбек күніне арналған «Еңбек» форумына қатысып, облыс әкімінің Алғыс хаты
мен марапатталған. Олардың ішінде мекеме құрылған жылдан бастап осы орында тапжылмастан абыройлы қызмет етіп, зейнетке шыққандар да бар.
Мұндағы мамандардың барлығы тәжірибелі, нағыз өз ісінің шеберлері. Олардың сөздері мен жүздерінен ерекше балғындарға деген ыстық жүрек, ізгі ниеттерін байқадық. Қайырымдылық – асыл қасиет Жылы лебізін аямай, жәрдемін ұсынып, төзімділікпен, ерекше балалардың жүрегіне жылулық сәулесін шашып, жол табудағы қажырлы еңбегімен қатар, орталықтағы балаларды өз қамқорлығына алған қызметкерлер де бар. Әлияны мейірбике Б.Мұрзалиева, ата-ана қамқорлығынсыз қалған Нұрболатты мейірбике А.Молдрахманова бүгінде өз отбасыларында тәрбиелеуде.
Қазір орталықта 114 қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде 38-і педагогтар болса, жоғары санатты дефектологмұғалім саны – 5, бірінші санатты мұғалімдер саны – 16. Мекеме басшысы Жаңабай Нұғымашұлының айтуынша, мұнда маман тапшылығы жоқ.
«Психиатр, невропатологдәрігерлер басқа денсаулық сақтау мекемелерінен шақырылып, қосымша жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта бұл кадрлардың орталықта тұрақты қызмет ету жағдайлары қарастырылуда» деген ол мамандардың біліктілігін арттыруға да баса ден қойылатынын айтты.
«Орталықтың арнайы мамандары мен медицина қызметкерлері өз кәсіби деңгейлерін үнемі шыңдап, жүйелі түрде біліктілік курстарынан өтіп тұрады. Тұрақты демеушіміз «Қоғамдық Сенім қорының» қолдауымен орталық базасында АҚШ-тан келген халықаралық дәрежедегі тренинг кеңесшісі Мерайя Кори дәріс берсе, 2018 жылы Беларусь ұлттық университетінің деканы Инна Каракулько және Ирина Куксик «Ерекше қажеттілігі бар балаларды коммуникациялау және әлеуметтендіру» тақырыбында тренинг өткізді. Биыл да осындай шаралар Израйль мамандарының қатысуымен өткізіледі деп жоспарлануда. Бұдан басқа да орталық қызметкерлері облыстық, республикалық деңгейдегі біліктілік курстарына үнемі қатысады» деді Ж.Сағиев.
Айта кету керек, Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде ерекше балаларға көрсетілетін қолдауды арттырып, оларды күнделікті тұрмысқа, өмірге бейімдеу қажет. Орталық басшысы осы мақсатта жасалып жатқан жұмыстарды түйіндей келе, үйде тек атаанасының ғана қамқорлығында отырған ерекше балаларды аталған мекемеге әкеліп, мамандардың жан-жақты дамыту жұмысына жүгіну қажеттігін баса айтты. Мұның барлығы бала болашағы үшін оларға жарқын үміт сыйлауда мемлекет тарапынан атқарылып жатқан игі іс екенін ұмытпаған жөн.