ЖЕЛДЕН ҚУАТ АЛАТЫН КЕЗ ҚАШЫҚ ЕМЕС

3-Соңғы кездері мұнайлы өлкеде желді электр энергиясының баламасы ретінде қолдану жайы жиі қозғала бастады. Ондағы түпкі мақсат — ең алдымен орталықтан шалғай орналасқан қыстақтарды жарықпен қамту еді. Ендеше, күн мен желден қуат алып, қырдағы ағайынға электр энергиясын жеткізу үшін арнайы қондырғылар қажет. Бұл ретте германиялық «Pre Vent GmbH» компаниясы өздерінің әзірлеп шығарған генераторларын ұсынып отыр. Өткен бейсенбіде аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аталған компанияның жетекшісі Кристоф Штенгель мен оның серіктесі Джэк Джессниді қабылдады. 

Жасыратыны жоқ, Атырау облысы түгелдей дерлік жарықпен қамтылды дегенмен, орталық станциялардан тым алыс орналасқан қыстақтарға электр энергиясы жетпей отырған жайы бар. Мәселен, Азғыр өңіріндегі елді мекендер жарықты көршілес Ресейден алады. Тек былтырдың өзінде олар сағатына 6265,50 кВт электр қуатын тұтынған. Демек, осы тұста баламалы энергия көздерін тарту түйткілді мәселенің тиімді шешімі болса керек. 
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев кәсіпкерлермен бірге барып қайтқан Германиядағы іссапар кезінде де бұл бағыттағы жаңа технологиялардың жолын іздестірген еді. Тіпті, желден баламалы қуат алудан әлемге аты әйгілі «Pre Vent GmbH» компаниясы басшыларымен кездесіп, біраз мәліметке қанықты. Жақында аталған мекеме жетекшісі мен серіктесі мұнайлы өңірге келіп, өнімдерін таныстырды. Қазақстан климатына сай желдің жылдамдығын білген олар өздерінің тауарларының мүмкіндігі мол екендігін айтады. Себебі, қондырғылары қуатты табиғаттан алады екен.
Кездесуді «қош келдіңіз» айтумен бастаған Ғұмар Исламұлы меймандарды алдағы уақытта тікелей қарым-қатынаста болатын жұмыс орнымен таныстырды.
– Германияда танысқаннан кейін Атырауда біз осымен екінші рет жүздесіп отырмыз. Шақыруымызды қабыл алып, алыстан ат терлетіп келгендеріңізге алғыс айтамыз. Біздің өңірде электр энергиясы тартылмаған қыстақтар бар. Жүздесудің бірінде желден қуат беретін қондырғылар туралы көрсеткен едіңіз. Сол жөнінде толығырақ білсек дейміз, – деді ол сөз кезегін компания басшыларына ұсына отырып.
Өзін «Қазақстанның досымын» деп әзілдей таныстырған компанияның серіктесі Джэк Джессни біздің елді жақсы білетінін жеткізді. Бұған дейін Елбасымен кездесіп, талай жобалары туралы айтқан ол осы жолғы кездесуге компания жетекшісі Кристоф Штэнгельмен бірге келгенін атап көрсетті. «Pre Vent GmbH» компаниясының жетекшісі К.Штэнгель электрмен қамтудың жаңа технологияларын таныстырды. Сонымен, желден электр энергиясын түзетін қондырғы несімен тиімді? Компания жетекшісінің сөзіне қарағанда, мұндай құралдар қуаттылығына қарай 300, 600 және 1500 киловаттық болып үш түрге бөлінеді екен. Рас, маманның айтқанындай, бұл жел қондырғылары электр станциясын алмастыра алмайды. Алайда, шағын тұрғын үйлерге қосымша электр қуатын береді. Мұны электр энергиясының бірде-бір түрі жоқ аумақтарға батарея түрінде қолдануға болады. Қоршаған ортаның ажырамас бөлігі – күн мен жел болса болғаны, қондырғы қуат алып, іске қосылады.
– Қазақстанда желдің күштілігін білеміз. Біз осыны ескере отырып, жаңа қондырғы жасағалы отырмыз. Әрине, жоба толық аяқталған жоқ. Бірақ, желдің жылдамдығы аз, көп аумаққа да қоданылатын құрал дайындағалы жатырмыз. Яғни, енді генераторларды қуаттап жатудың қажеті болмайды. Желдің әсерімен ол жұмыс істеуін тоқтатпайды. Бізде қайта-қайта қуаттайтын да түрлері бар. Дегенмен, жаңасы электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деген Кристоф мырза көлденең желден қуат алатын қондырғылар мен оның тік түрінен айырмашылығын айтып берді. Аймақ басшысының бірінші орынбасары көбіне-көп тұрмыстық техникаларды қосқанда қандай жел қондырғысын пайдалану керектігін, қыстақтарға қай түрі үйлесетіні турасында сұрады. Жергілікті шаруа қожалығының иесін жел болмай қалған кезде құралдың қуаты неше сағатқа жететіні көбірек қызықтырды. Германиялық кәсіпкерлермен кездесу салаға қатысты сұрақ-жауапқа ұласты.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз