
Әлеуметтік қолдаудың шынайы көрінісі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықты әлеуметтік қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленді. Бұл ретте әсіресе көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын кеңейту және жастарға арналған әлеуметтік лифттер құру нақты айтылды.
Бүгінде Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары өңірлерде нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Соның жарқын дәлелі ретінде мен, көпбалалы ана ретінде, бірнеше жыл күткен арманыма қол жеткізіп, өз баспанамызға ие болдық. Бұл тек мен үшін емес, отбасым үшін ұмытылмас оқиға болды.
2024 жылы Атырау қаласындағы “Нұрсая” шағынауданынан үш бөлмелі кең әрі жарық пәтердің кілтін алу сәті – менің өмірімдегі ең қуанышты күндердің бірі. Пәтер кілтін табыстау салтанатты жағдайда өтті. Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын – ұзақ жылдар бойғы үміт, сенім мен күту ақталды. Балаларыммен бірге жаңа үйіміздің табалдырығын аттап, өз шаңырағымызда жаңа өмір бастағанымызға әлі де сенер-сенбесімізді білмейміз.
Бұл — жай ғана пәтер емес. Бұл – мемлекеттің бізге деген қамқорлығының, аналарға деген құрметінің, ұрпақ тәрбиесі үшін жасалып жатқан нақты жұмыстардың нәтижесі.
Мұндай әлеуметтік қолдау шаралары тек материалдық көмек қана емес, бұл – ел азаматтарына деген сенімнің белгісі. Мемлекеттік бағдарламалардың шынайы орындалып жатқанын өз басымнан өткергендіктен, болашаққа деген сенімім артты. Бүгінде елімізде ана мен балаға жасалып жатқан жағдай, әсіресе баспанаға мұқтаж жандарға көрсетіліп отырған қолдау – мемлекетіміздің әлеуметтік әділеттілікке негізделген саясатының айғағы.
Менің баспаналы болуым – бұл Жолдауда айтылған тапсырмалардың Атырау облысында нақты әрі сапалы жүзеге асып жатқанының бір дәлелі деп білемін. Осы орайда ел игілігі жолында еңбек етіп жатқан жергілікті және орталық билік өкілдеріне аналық алғысымды білдіремін.
Осындай қолдаулардың арқасында мыңдаған отбасы өз арманына қол жеткізіп, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басуда.
Жансая ЖҰМАЖАНҚЫЗЫ,
көп балалы ана
Атырау қаласы