Жарнама
Жаңалықтар

Әлеуметтік нысандар – халық игілігіне!

 Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бұдан екі жыл бұрын өңірлерді әлеуметтік дамытуға бөлінетін қаржыны тиімді пайдалануды тапсырған болатын. Оның қалай орындалып жатқаны облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылды.

  Оған облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын өкілдері қатысты.

— Республикамыздың жер қойнауын пайдаланушылар туралы қолданыстағы заң бар. Соған сәйкес, кен орны орналасқан аумақтың инфрақұрылымын дамыту мақсатында еліміздегі ірі мекемелер жергілікті бюджетке қаражат аударады. Бұл міндеттеме ҚР Энергетика министрлігімен жасалған келісім-шартта анық көрсетілген, — деді Ғұмар Ислямұлы.

Өндіруші кәсіпорындардың ашық ақпарат беру бастамасы Атырауда қалай жүзеге асырылып жатқанын «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тінәлиев бейнежазба арқылы көрсетті. Қаржы басқармасының басшысы Бақытжан Жылқыбаев әлеуметтік бағытта жер қойнауын пайдаланушылардан келіп түскен қаражат есебін берді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларына «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Мәрия Қаражігітова мен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Қалидуллин қысқаша тоқталды. Су тасқыны кезінде зардап шеккен қамкөңіл қариялар мен мүмкіндігі шектеулі және ауыр науқасқа шалдыққан жандарға қол ұшын берген бұл мекемелерге Ғұмар Ислямұлы облыс әкімдігінің атынан ризашылық танытып, ізгі істердің жалғасын табатынына сенім білдірді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек Махуов жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүргізіліп жатқан және жоспарланған құрылыс нысандары жөнінде баяндады.

— Бүгінгі таңда Солтүстік Каспий жобасы бойынша Өнімді бөлу келісімі аясында «NCOC B.V» компаниясы 13 жобаны жүзеге асыруда. Оның ішінде, Еркінқала, Нұрсая және Доссор кентінде үш балабақша, Береке, Аққала, Ақжайық, Қызылүй селоларында 570 орындық төрт мектеп, Доссор, Индербор, Махамбет және Аққыстау ауылдарында үш қабатты 60 пәтерлік төрт тұрғын үй, Жұмыскер кентінде 200 орындық мәдениет үйі және «Жерұйық» мөлтекауданында 180 орындық инфекциялық аурухана салынып жатыр. Сонымен қатар, 2016-2018 жылдарға арналған жоспарда 16 жоба белгіленіп отыр. Атап айтқанда, Зинеден ауылында 100 бүлдіршінге арналған балабақша, Қайыршақтыда 300 оқушылық мектеп, Көктоғайда жанұялық дәрігерлік амбулатория, Ганюшкинде 75 орындық аурухана бой көтермек. Ал, Мұқыр, Қарабау, Дәшін, Ақжар, Жаңаталап, Еркінқала, Береке ауылдарында мәдениет үйі cалынбақшы, — деді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button