Әлемге әйгілі ирландиялық маркетолог Гаррет Джонстон Атырауда шеберлік сағатын өткізді
Atr.kz/ 28 наурыз, 2019 жыл. Атырау қаласында «Болашақ маркетинг» атты алғашқы аймақтық бизнес-форум өтті. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шараға жергілікті жас кәсіпкерлер белсендірек қатысты.
Форумның басты қонағы – әлемге әйгілі ирландиялық маркетолог Гаррет Джонстон жиналғандарға бизнес бастаудың қыр-сырын үйретіп, кәсіпкерліктің айналасындағы құпиялармен бөлісті. Айта кетейік, ширек ғасыр уақытын стратегиялық маркетинг саласына арнаған және 11 тілде еркін сөйлейтін ол жиырмаға жуық елде жұмыс жасап, бірнеше халықаралық корпорациялардың атын дүние жүзіне паш еткен болатын.
Сондай-ақ, белгілі бизнес-жаттықтырушылар Владислав Бермуда мен Иван Сорокин де бай тәжірибелерімен бөлісті. «Бизнесті енді бастағандардың қателігі сол, олар өз кәсібіне қаржыны бірден мол құйып жібереді. Тұтынушымен тіл табысып жұмыс жасаудан бұрын жарнамаға көбірек мән береді. Сөйтіп, қаражаттың бәрін соған жұмсайды. Ал, шындығында, маркетингті жарнама деп түсіну – теріс пікір. Керісінше, тұтынушының өзін жарнама агенттігі ретінде пайдалануға әбден болады. Міне, соны түсіндіру үшін осында келіп отырмыз» дейді олар.
Ал, осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, жиырма жылдан астам уақыт кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Азамат Қосжановтың айтуынша, атыраулықтар үшін маркетинг әлі де болса таңсық сала.
– Тіпті, жетістікке жеткендердің өзі де маркетингті дамыта алмай жүр. Рас, бұл – тауарды өткізудің бір тәсілі. Ендеше, оны бізде жолға салу үшін не кедергі? Осы және өзге де мәселелерді шешу мақсатында біз облыстық әкімдік пен кәсіпкерлік палатасының қолдауымен шетелден арнайы өз ісінің білгірлерін шақыртуды жөн көрдік. Оның нәтижесінде атыраулық бизнесмендер біраз тәжірибе түйеді деген сенімдемін, — дейді ол.
Форум түстен кейін шеберлік сыныптарына жалғасты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ