Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

Әлемді МЕЙІРІМ құтқарады…

ӘЛЕМДЕГІ ҚАНТӨГІС, БІЗДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ҚАТЫГЕЗДІК КӨРІНІСТЕРІ КІМДІ БОЛМАСЫН АЛАҢДАТПАЙ ҚОЙМАЙТЫНЫ АНЫҚ. КЕЙДЕ ОСЫ ЖАТ ҚЫЛЫҚ «ҚАНЫМЫЗҒА СІҢІП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?» ДЕГЕН ОЙДА ҚАЛАТЫНЫМЫЗ ДА РАС. ӨЙТКЕНІ, КЕЗ-КЕЛГЕН ЖАҢАЛЫҚТЫ НЕМЕСЕ ОҚИҒАНЫ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАЙТЫН БОЛДЫҚ.

Адамдар үшін оқыс оқиғалардың өзі үйреншікті әдетке айналып баратындай. Жол-көлік апаты орын ала қалса жанынан дым болмағандай телефонның бейнежазбасына түсіріп өте баратын, соны жағымды жаңалықтай әлеуметтік желіге бірінші болып жүктейтіндер көбейді.

Жол-көлік оқиғалары ғана емес, адамдар қиналып жатқан сәтті де камераға түсіріп әлек болып жататындар да бар. Ең қауіптісі, адамдар осылай біріне бірі «алғашқы көмек» көрсетуі әдетке айналып барады. Жуырда көз алдымызда орын алған мына бір оқиға да бізді бейжай қалдырмады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолынан өтіп бара жатқан егде жастағы әйел адам сүріне құлап, отыра қалды. Ал, оған жол беріп тұрған көлік жүргізушілері көмектесудің орнына аяғын басып тұра алмай жатқан әйел адамға кезекпен көлік сигналын басып, терезесінен айқай салып жатты. Сол сәтте өзі құлап, қиналып жатқан адамға көлігінен түсіп демеп жіберер адам табылмағанына қынжылдым. Жол жиегіндегі өзге жолаушы ол жағдайды телефонға түсіріп әлек. Соңында ешбір жаннан көмек болмаған соң әлгі адам аяғын зорға басқан күйі жанжағына алаңдай қарап, жол жиегіне шықты.

…Қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде көрші тұратын Әлихан мен Ерасыл күнделікті бірге ойнап жүретіндіктен айырылмас достардай көрінетін. Алайда, орын алған соңғы жағдайдан соң сенімге сызат түскендей болды. Қаңтар айы. Атырау қаласы ақ қарға оранбаса да бет қаритын қара суық. Беті-қолдарының тоңғанына аса мән бере қоймаған екі доспен ойнағысы келді ме жандарына бөгде ит жақындап, иіскелей кетті. Сол-ақ екен, әлгі хайуан қас пен көздің арасында арсылдай келе Ерасылды алып жығып, талай бастады. Ересектер келіп арашалап алғанымен, жанындағы досының әрекеті бәрімізге оғаш көрінді. Әлихан бастапқыда қаша жөнелгенімен, кейін қайта келіп, ұялы телефонын шығарып бейнежазбаға түсіруге кірісті. Көпшіліктің ортасында жүрген мен де сегіз жасар баланың бұл ойынан секемденіп қалдым. Бейне, қолұшын созудың орнына оқиға орнын бейнежазбаға түсіріп тұратын үлкендердің қатыгез әрекетін қайталап тұрғандай көрінді…

Бұл бірер мысал ғана. Зер салып қарар болсаңыз, мұндай көріністерді күнделікті өмірден жиі кездестіреміз. Қоғамдық көлікте мүмкіндігі шектеулі адам мен жүкті анаға немесе қарт кісіге орын бермеу де қатыгездіктің бір көрінісі.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button