ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП қашан жойылады?

aprara 1 Білім

«БАЛАМДЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ НЕМЕСЕ «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙІНДЕ ОҚЫТСАМ» ДЕП АРМАНДАМАЙТЫН АТЫРАУЛЫҚ АЗ БОЛАР. ӨЙТКЕНІ, ӘР АТА-АНА БАЛАСЫНЫҢ ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ, БҮГІНГІ УАҚЫТ СҰРАНЫСЫНА САЙ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПКЕ БАРҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ. АЛ, ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН БІЛІМ ҰЯЛАРЫНЫҢ ӘДЕТТЕГІ ОРТА МЕКТЕПТЕРДЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ АСПАН МЕН ЖЕРДЕЙ ДЕРСІҢ. АЛАЙДА, ХАЛЫҚҚА ЖАЙ МЕКТЕПТЕРГЕ ОРНАЛАСУДЫҢ ӨЗІ МҰҢ БОЛЫП ТҰР. СЕБЕБІ, ШАҺАРДА ОҚУШЫ САНЫ КӨП, АЛ, ОРЫН ТАПШЫ. ИӘ, ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ БАРЛЫҒЫНЫҢ БІРДЕЙ БАЛАЛАРДЫ ЕКІ МЕЗГІЛ ОҚЫТУҒА МҮМКІНДІГІ ЖОҚ. ШЫНДЫҚ ОСЫ, ДӘЛ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА АТЫРАУДАҒЫ 11 МЕКТЕП (№2, №3, №16, №17, №18, №22, №24, №32, №39, Т.АМАНДОСОВ, ЕРКІНҚАЛА) ОҚУШЫЛАРҒА ҮШ АУЫСЫММЕН БІЛІМ БЕРУДЕ.

«Баяғы жартас – сол жартас»

Құлаққа оғаш естілгенімен бұл шындық жағдай. Мұнайлы өлкеде неліктен мектеп тапшы? Оқушылар толықтай бес күндік білім жүйесіне қашан көшеді? Үш ауысымды мектептердің қазіргі жағдайы қалай? Облыс орталығында бой көтерген білім беру ұяларының бірқатары «Теңізшевройл»-дың əлеуметтік жобалары аясында салынғаны белгілі. Десек те, алпауыт мұнай компаниялары жұмыс жасап жатқан аймақта балаларға білім беретін мектептер неге аз? Бұл тұрғыда бізді мазалайтын сауал көп-ақ… Жыл сайын өтетін тамыз конференциялары мен əкімдік қабырғасында білім саласы мəселесі қаралатын селекторлық жиындарда үш ауысымды мектептер мəселесі міндетті түрде айтылады. Проблеманы шешуге бағытталған арнайы жобалар да таныстырылатыны рас. Үш-төрт жыл ішінде шешімі табылатыны туралы сөз болған талай жиындарға біз де куə болғанбыз. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келеді. Үш ауысымды мектептер жойылмақ түгілі, олардың қатары жылдан-жылға көбейіп барады. Мұндай білім ошақтарының көптігін демографиялық өсіммен байланыстырып, сылтаурататын жауапты басшылардың сөзі де жаттанды болғалы қашан…

Ата-ананың жанайқайы

Жаңа оқу жылы басталар-басталмастан Атырау қаласындағы №2 мектептің ата-аналары оқу орнындағы үш ауысымды білім беруге наразылықтарын танытты. Өйткені, ата-аналар кешкі сағат 8-ге дейін созылатын сабақтан балалардың үйге кештетіп қатынайтындығына алаңдаулы. Əсіресе, қысты күндері жарықсыз көшеде бала өміріне қауіп төнетінін айтып, сабақ уақытын 40 минутқа азайтуды, үшінші ауысымдағы сабақ уақытын қысқартып, 7 пəннің орнына 6 сабақ етуді ұсынды. – Менің үш балам мектепте оқиды. Бүгін осы жерге аптасына оқу күнін 6-дан 5 күнге қысқартуды сұрап шықтық. Үшінші ауысым сабақтары 15:45- те басталып, 19:50-де аяқталады. Күн жылыда байқалмағанымен, қыс мезгілінде қиын болады, – дейді көпшілікке жанайқайын жеткізген ата-ананың бірі Лəйлə Ыбырайқызы. Иə, ата-аналардың бала қауіпсіздігіне алаңдамауына амалы жоқ. Соңғы жылдары түрлі жайттардан өзге, иттердің адамға шабуылдауы жиілеп кетті. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сабақтан тыс уақытта бала қауіпке душар болған жағдайда оған мектеп ұжымы жауап бермейді. Қазіргі кезде Атырау қаласында үш ауысыммен оқытып жатқан білім ұясының бірі – Ж.Қаражігітова атындағы №16 мектеп-лицейі. Мұнда 6-сыныпта ұлы оқитын Айнұр Сəрсенова да алты күндік оқудың қиындығын айтты. – Өзге мектепке баратын тағы екі балам бар. Олар сабаққа бес күн ғана қатынайды. Ал, ұлым алты күн оқитындықтан шаршаңқы жүреді. Тіпті, сенбі күні сабаққа баруға зауқы болмайды. Сабағы 19:50-де аяқталатындықтан 6-сынып оқушысына үшінші ауысымда оқу қиын екендігін айтып, мектеп əкімшілігіне шағым білдірген болатынбыз. Содан соң ғана бұл сыныпты бірінші ауысымға ауыстырды. Сенбі күні сабаққа баратыны болмаса, бұған да түсіністік танытудамыз, – деді ата-ана. Шындық осы. Қазіргі кезде оқушылар қара кешке дейін білім ұяларының табалдырығын тоздыруға мəжбүр. Қала мектептерінің сыйымдылығы орта есеппен 600 балаға арналған болса, онда қазір 2 000 оқушыдан орналасқан. Мектеп санының жеткіліксіздігінен ондағы жүктеме де еселеп артып отыр. Ал, Оқу-ағарту министрлігі бекіткен сабақ кестесі мен уақытын жергілікті білім беру басқармасының өзгертуіне құқы жоқ.

Сапа да сыр береді

Ата-аналар тектен-тек «дабыл» қақпаған. Үш ауысымды мектептер мен екі ауысыммен оқытатын білім ұяларындағы айырмашылық көп екендігі байқалады. Онсыз да білім сапасынан сүрініп отырғанда, бұл жүйенің толыққанды білім беруге кесірін тигізері анық. Мұны Атырау қалалық білім бөлімі басшылығы да жоққа шығармады. – Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша бір сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы керек. Ал, үш ауысымды мектептерде сыныптағы оқушылар саны талап деңгейінен артып кетеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың, сыныптың, мектептің білім сапасына өзіндік кері əсерін тигізеді. Үш ауысымды мектептерде қосымша білім мен тəрбие шараларын жүргізуге бос кабинеттер мен бөлмелердің жетіспеуі білім-тəрбие үрдісін толыққанды жүргізуге мүмкіндіктер бермейді, – деді бөлім басшысы Фаруза Шаңгереева. Оның айтуынша, оқушылар санының мектептің жобалық қуатымен есептелген орындар санынан асып кетуі мектептердің үш ауысымда оқытуына алып келуде. Мəселен, 600 орындық мектептің екі ауысымда 1 200 балаға білім беруге мүмкіндігі болса, осы жобалық қуатқа 1 500 оқушыны оқыту мектепті үш ауысымда жұмыс істеуге мəжбүр етеді, яғни мектептің сабақ кестесі үш ауысымға арналып жасалады. – 2018 жылы қалалық білім бөліміне басшылық қызметке келген кезімде 13 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп тұрды. 2018-2019 оқу жылында қала мектептерінде 1-11 сыныптарда 63 764 оқушы болса, 2022-2023 оқу жылында 79 511 оқушы білім алып отыр. Аталған оқу жылдары арасында оқушылар саны 15 747-ге көбейген. Яғни, соңғы 5 жыл көлемінде оқушылар саны əр оқу жылы сайын орта есеппен 4 134 оқушыға артып отыр, – деді ол.

Бесжылдықта бәрі шешіле ме?

Облыстағы мектеп саны – 200. Мұнымен қатар 10 жекеменшік мектеп бар. Ал, жекеменшік оқу орындары бүгінде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасауда. Мамандар бұл жағдай мемлекеттік мектептердегі оқушы орны тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Аймақтағы үш ауысымда оқытатын мектептердің барлығы Атырау қаласының аумағында. Облыстық білім беру басқармасы мектептердің үш ауысымда оқытуының негізгі себептерін «қала халқының демографиялық өсімімен қатар, көші-қон қозғалысы жəне орыс сыныптарына сабақ беретін педагогтардың жетіспеушілігінен» деп түсіндіреді. Апатты жағдайда 4 мектеп биыл да білім беру қызметін жалғастыруда. Ал, оның үшеуі ауылдық жерлердегі білім ұялары болса, біреуі облыс орталығында орналасқан. Жалпы, алдағы бесжылдық жоспар негізінде облыс бойынша мектептердегі орын тапшылығы мəселесі толықтай шешімін табатыны туралы кезекті тамыз мəслихатында айтылған болатын. Мəселен, «АMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы! Əр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс[1]шараларға сəйкес, 2021-2025 жылдар аралығында аймақта 48 мектеп (жоспар бойынша 2021– 2024 жылдар аралығында əр жылда 10 мектептен, 2025 жылы – 8 мектеп) салу жоспарланған. Дегенмен, бұған дейін де мəселені түбегейлі шешетін «жоспарлардың» болғанын ескерсек, алдағы бес жылда үш ауысымды мектептердің жойыларына сене алар ма екенбіз? Бізді мазалайтыны да осы жоспардың жайы.

Маман тапшы қалада

Атырау қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, шаһарда жалпы білім беретін 63 мектеп болса, қазіргі уақытта 9 мектептің құрылысы жүруде. Жалпы, қаладағы апатты жағдайдағы жəне үш ауысымды мектептердің үлесі 19 пайызды құрайды. – Үш ауысымды оқыту мəселесін шешу мақсатында мектеп құрылыстары салынуда жəне жоспарланып отыр. Қазір 9 мектеп салынып жатса, мемлекеттік-жекеменшік əріптестік арқылы 2 000 орындық екі мектептің құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 шағынаудандары мен Ақсай-2, Береке ауылдарында 600 орыннан мектеп құрылыстарын салу жоспарланған. Осы аталған жаңа білім ұялары іске қосылған жағдайда мектептердегі орын тапшылығы азаяды деп есептейміз, – деген Фаруза Ғарифоллақызы облыс орталығындағы апатты деп танылған №1 М.Жұмабаев атындағы орта мектепке жаңа ғимарат салынып жатқанын қаперге берді. Қалалық бөлім басшысы орыс тілінде оқытатын педагог кадрлардың жетіспеушілігі барын жасырмады. Ол мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен сыныптарға балаларды оқуға беру де өз кезегінде қаладағы үш ауысымды білім мəселесін шешуге үлкен əсерін тигізетінін атап айтты.

Бала саны қаперге алына ма?

Үш ауысымды мектептердің жайын демографиямен байланыстыратындар аз емес. Осы тұста, мəселе туындамас үшін демографиялық өсіммен сəйкестендірілген арнайы алдын ала зерделенген жоспардың құрылмайтыны белгілі болып отыр. Не себепті балалар саны қаперге алынып, арнайы əзірленген жоспар жоқ? Мəселе туындап, оқушыларға қолайсыздық болмауы үшін сол бала санына орай мектеп салынуы тиістігі кез-келген қарапайым адам ойлай алатын логика. Жалпы, мұндай іс бізде жүргізіле ме? Қалалық білім бөлімінен анықтап білгеніміздей, балаларды есепке алу Білім жəне ғылым министрлігінің 2017 жылғы 11 шілдедегі №324 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі жастағы жəне мектеп жасындағы балалар орта білім алғанға дейін оларды есепке алуды ұйымдастыру қағидаларына» сəйкес жүргізіледі. Есепке тұрғылықты орны (мекендеу) бойынша тіркеудің барына (жоғына) қарамастан Қазақстан Республикасының аумағына келген немесе тұратын (тұрақты немесе уақытша) жасы 18 жасқа дейінгі балалар есепке алуға жатады. Ал, əр жаңа оқу жылында 20 қыркүйектен кешіктірмей балаларды есепке алу аяқталады. Бірақ, соған қарамастан істің жолға қойылмағандығы бүгінгі үш ауысымды мектептердің санынан көрініп отыр.

Мектеп салу – басты міндет

Оқушыға сапалы білім беруде үш ауысымды мектептің өзекті мəселе екендігі белгілі. Сондықтан, оған бейжай қарап, «балаларды əйтеуір мектепке сыйғыздық» деп қол қусырып қарап отыруға болмас. Жалпы, мектептер мəселесі біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша маңызды болып отыр. Мұны Президенттің кезекті Жолдауынан да айқын аңғаруға болады. Президент бастамасы заң тұрғысынан рəсімделген соң мектептер саны жыл санап артып, балалардың толыққанды білім алуына қолайлы жағдай жасалса дейміз.

Түйін:

ӘЛЕМДЕ БІЛІМ МЕН ИННОВАЦИЯДА ТҮБЕГЕЙЛІ ТӨҢКЕРІСТЕР БОЛЫП ЖАТҚАН ЕЛДЕРДІҢ КӨШІНЕ ІЛЕСУ – МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ БАСТЫ МҰРАТЫНЫҢ БІРІ. АЛАЙДА, БІЗ ДӘЛ ҚАЗІРГІДЕЙ КҮЙІМІЗБЕН ОЛ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТЕ АЛАР МА ЕКЕНБІЗ? ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІР БІЛІМ САПАСЫ БОЙЫНША СОҢҒЫ ОРЫНДА ТҰР. АЛ, САЛАДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ТӨМЕНДІГІ ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ ДЕРСІҢ. АҚПАРАТ КӨЗДЕРІ БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫНДА АЛМАТЫДА ҮШ АУЫСЫМДЫ 54 МЕКТЕП БАРЫН, ТІПТІ ОНЫҢ БІРІНДЕ «У» СЫНЫБЫ АШЫЛҒАНЫН ХАБАРЛАДЫ. ЖАҒДАЙ ОСЫЛАЙ ЖАЛҒАСА БЕРСЕ ХАЛЫҚ САНЫ ЖЫЛ САНАП АРТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АТЫРАУДЫҢ ДА ІРІ МЕГАПОЛИСТІҢ КЕЙПІН КИМЕСІНЕ КІМ КЕПІЛ?! ОЛАЙ БОЛСА, АХУАЛДЫ ОДАН ӘРІ УШЫҚТЫРМАЙ, САЛАҒА СЕРПІН БЕРУ ҮШІН ОСЫ БАСТАН ӘРЕКЕТ ЕТУ КЕРЕК. ЕҢ БАСТЫСЫ, ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУЫНА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ ТИІС. ӨЙТКЕНІ, БҮГІНГІ ҰРПАҚ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ…

Мəлике МƏЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз