Қала әкімі: Жаяу жүргіншілер өткеліне көше жарықтары мен жарық белгілері орнатылады
Алимұхаммед Құттұмұратұлы қаладағы әрбір жаяу жүргіншілер өткелі жанына көше жарықтары мен жарқырайтын белгілер орнатуды тапсырды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
2018 жылдан бастап Атырауда жаяу жүргіншілер өткеліне 250-ге жуық жол белгілері орнатылған, бүгінде олардың техникалық қызметімен «International Safety Standard Group» ЖШС айналысады.
Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап өткел жанына жарқырап тұратын жол белгілері және көше жарықтары орнатылады.
«Біз жаяу жүргіншілер өткелінен болатын жол-көлік оқиғаларын барынша азайтуымыз керек. Бүгінгі таңда олар нашар жарықтандырылған, кейбірінде тіпті жарық жоқ. Көше жарығымен қатар, жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелін алыстан көру үшін зебраларда жарқырап тұратын жол белгілерін орнату қажет», — деп тапсырды қала басшысы.
Қала әкімінің айтуынша, аталған жұмыстар алдымен мектеп оқушыларына кедергісіз жол қиылысынан өтуді қамтамасыз ету үшін жалпы білім беру мекемелерінде жасалуы керек.
Облыстық Ішкі істер департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жаяу жүргіншілер өткелінде 25 жол-көлік оқиғасы орын алған.