Қалаған емханаға тіркеліңіз!
15 қыркүйекте халықты емханаларға тіркеу жөніндегі науқан басталады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 15 қарашаға дейін әрбір азамат өзінің қалауы бойынша кез келген емханаға тіркеліп, қызмет түрлерін пайдаланады.
Тұрғындар тұрғылықты мекен-жайын, жұмысын, оқу орнын ауыстырғанда, жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін, әскери қызметін өтеп болған соң өзіне қолайлы деп тапқан басқа денсаулық сақтау ұйымына тіркеле алады. Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған жағдайда, бұрынғы емханадағы қызмет сапасы көңілден шықпайтын болса, медицина мекемесін қайта таңдауға құқылы. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет көрсетушілер тізімінен емхананы таңдау қажет. Аталған тізім қордың www.fms.kz сайтында орналастырылды.
– Таңдау жасалғаннан кейін азамат ұйымның тіркеу бөліміне жеке куәлігімен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазады. Немесе «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш береді. Он сегіз жасқа толмағандарды тіркеу тіркелетін адамның және оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжаты негізінде жүргізіледі. Бұл науқан саладағы кемшіліктерді жойып, науқастарға сапалы қызмет көрсетуге түрткі болады, — дейді аталған басқарманың баспасөз қызметі.
Алтыншаш Нәсіпқалиқызы