Жарнама
Жаңалықтар

АҚШ КОНГРЕССМЕНІ – АТЫРАУДА

Бұған дейін қала әкімі Нұрлыбек Ожаев бауырлас қала атанып кеткен Хьюстонда қала мэрі Эннис Паркермен кездескен болатын. Сонда осы Стив Стокманның тікелей ықпалымен қос қаланың институттары өзара ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасасты. Әріптестікті одан әрі дамыту мақсатында институт ректоры Әли Әбішев танымал тұлғаны бұл жолы арнайы шақыртып отыр.

Стив Стокман – америкалық саясаткер, республикалық партия мүшесі және Конгрестегі Техас штатының 36-шы сайлау аймағы бойынша өкілі. 1990 жылы Конгреске алғаш қадам басып, саясатқа етене араласқан сәтінен бастап, ол бірнеше заң жобасын жасақтады. Онда көбінесе Америка халқының жұмыссыз бөлігін еңбекпен қамту, балалар мен әйелдер құқығын қорғау мәселелері қозғалды.

Сапардың бірінші күні ол «Шлюмберже» компаниясының бас директоры Деван Паджбен ресми кездесті. Осыдан кейін институт жанындағы Каспий зерттеу орталығында орналасқан «Мұнай-газ ісі» және «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша дәріс жүргізілетін ғылыми орталықтар мен зертхана басшыларымен кездесті. Келесі күні жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, ғалымдардың жүзеге асырып жатқан ғылыми жобаларымен танысты. Сондай-ақ, оқу үрдісіне енген халықаралық бағдарламалармен танысып, өңірдегі мұнай-газ компанияларының қызметіне назар аударды.

— Биыл институтта ағылшын тілінде оқытатын бөлім ашылды. Оқу үрдісі модульдік негізде жүргізіледі. Кейбір дәрістер онлайн режімінде өтеді. Әдетте студенттер жергілікті мұнай компанияларында оқу іс-тәжірибесінен өте алмайтын еді. Енді «Теңізшевройл», «Шлюмберже» секілді ірі кәсіпорындардан тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отырмыз. «Ембімұнайгаз» мекемесі арқылы Жылыой ауданында орналасқан сынақ алаңында жартылай жұмыс жасап, жартылай дәріс аламыз. Алдағы уақытта дуальды оқыту жүйесі бойынша шетелдік оқытушы-профессорлармен онлайн-дәрістер ұйымдастырылмақ. Ал, алған білімдерімізді олар осында келіп емтихан өткізу арқылы саралайды. Осылайша студенттер халықаралық аренаға шығып, Атырауды әлемге танытатын болады, — дейді аталған институттың 4 курс студенті Асқар Есенгелдин.

Кездесу барысы одан әрі студенттер кампусындағы институт әкімшілігінде жалғасқан ғылыми кеңес мәжілісіне ұласты. Соңында мәртебелі қонақ облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайы мен көрікті жерлерді тамашалады. Қазақтың қазыналы шаһарын бес күн аралаған шетелдік мейман жергілікті басшылық өкілдеріне өз алғысын білдірді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button