АҚШ ЕЛШІЛЕРІ АТЫРАУЛЫҚ КОММУНИСТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
— Қазақстан Парламентінде өкілдері отырған негізгі үш партияның бірі – біз,-деді өз сөзінде филиалдың бірінші хатшысы Ерболат Ғұсманұлы. – Бұл партиялардың ішінде, мәселен, «Ақ жол» партиясы шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің құқығын қорғайды. «Нұр Отан» – билік партиясы. Ал, біздер күнкөрісі төмен адамдардың мүддесін қорғаймыз. Партиямыздың қатары күн санап көбейіп және нығайып келеді. Осы жерде партияға мүшелікке өткен көптеген жастар да отыр. Бізде Компартияның «Жастар қанаты» да бар. Оларды комсомолдар деп атаймыз.
Партия хатшысы, сонымен қатар, облыс коммунистерінің әлеуметтік бағытта нақты қандай жұмыстарды жүзеге асырғанын баяндап өтті.
Бұдан соң сөз алған Джонни Крамер атыраулық коммунистер өкілдерімен танысқанына қуанышты екенін айтты.
— Мен елшілікте саясат, мәдениет және баспасөз мәселелерімен айналысамын,-деді ол. – Мен үшін бәрін білу қызық. Партияның аймақтағы жұмыстары мені қатты қызықтырады. Сіздердің әңгімелеріңізден көп мағлұмат алдым. Ал, Атырау тамаша қала екен. Маған қатты ұнады.
Джонни Крамер, сондай-ақ, Атырау коммунистерінің өзге елдердегі коммунистік партиялармен арадағы байланысы, облыс халқының, соның ішінде ауылдың тұрмыс-тіршілігі туралы және басқа да өзін толғандырған сауалдарына жауап алды.
Ашық та, еркін жағдайда өткен сұхбат соңында АҚШ елшілігінің саяси мәселелер жөніндегі қызметкері Джессика Ярчев партия ұйымының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиевке ескерткіш сыйлық табыс етті.
Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.