Қошалақ құмындағы құт мекен

Қошалақ құмындағы құт мекен Жаңалықтар

Жұмекен ауылындағы жарқын істер  – кемелдену көрінісіндей

Қайран қазақтың қайсар мінез жігіттері! Көлденеңге кеудесін бастырмайтын, өзгенің өктемдігін көтермейтін өрлігін қашан да көрсетіп жүреді ғой. Олар өткен ғасырдың орта шенінде Қазақстанның солтүстік өңіріндегі облыстарды Ресейге қосу жөнінде Мәскеудің жымысқы әрекетін сезген сәтте-ақ селт ете түсті емес пе? Сөйтіп, қанды қыздыратын, жанды сыздататын «Менің Қазақстаным» әнін өмірге әкелді. Ол кейін ұлттың ұранына айналды.

%d2%9b%d0%be%d1%88%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d2%9b-%d2%9b%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d2%9b%d2%b1%d1%82-%d0%bc%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d0%bd

Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовпен болған сұхбатта сазгер бұл әннің туу тарихын осылай баяндаған-ды. Әуенін тапса да өлеңін жазатын ақын іздеп жүргенінде таңдау Жұмекен Нәжімеденовке түскен-ді. Алматыда ақын аз ба еді? Әйтсе де, атыраулық жігіттің қайсар мінезі, ұлтжанды ұстанымы көңілінен шықса керек. Қошалақтың құмында 1935 жылғы 28 қарашада дүниеге келіп, Алатаудың баурайында 1983 жылы 22 қарашада өмірден өткен Жұмекен артына да өшпес мұра қалдырды, халық жүрегінен де мықтап орын алды.

Негізгі тақырыпқа мұндай кіріспе жасап жатқанымыздың себебі – бүгінде ақын туған топырақтың қайта түлеп, өркениеттің өріне қол созып жатқандығына разылық танытуымыз. Жалпы, Құрманғазы ауданындағы Еңбекші селолық округіне төрт елді мекен кіреді. Олар – Жұмекен, Дәулеткерей, Кадырка және Қошалақ. Округ әкімі Хамат Ғаббасовтың айтуынша, осылардың ішінде ең ірісі саналатын Жұмекенде 1120 адам тұрады.

Турасын айту керек, округ тұрғындарының тұрмысы жаман емес. Біраздан бері қордаланған күрмеулі проблемалардың түйіні біртіндеп тарқатылып келеді. Мәселен, 2013 жылы 57 млн. теңгеге «Ақ толқын» балабақшасы, 2014 жылы 58 млн. теңгеге Еңбекші орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Ал, былтыр тозығы жеткен село клубы жаңартылды. Соның бәрі игілік емес пе? Оның үстіне, ауылдағы балабақшада 90 бүлдіршін тәрбиеленуде, 436 бала мектепте оқиды. Қажет десеңіз, аудандық саз мектебінің бөлімшесі жұмыс жасайды. Ауыл адамдары төрт түлікті түгел өсіреді, кәсіпкерлікпен шұғылданатындар да бар. Қысқасын айтқанда, замана көшінен қалып жатқан ешкім жоқ. Тағы бір жағымды жаңалық – өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген екі миллион теңгеге Жұмекен саябағында 300 түп көшеттің отырғызылғаны. Турасын айтқанда, ақын атындағы демалыс орны әбден жөнделіп, жаңа реңге түсті. Толық дерлік жаңартылды. Берілген қаржының берекелі жұмсалғанына жұртшылық та разы болды.

Елді мекен тұрғындарының бір уайымы – тақтайдай тегіс жол еді. Анау орталықтағыдай асфальт болғанын қалайтын. Оның үстіне, әйгілі ақын ауылы деген атағы бар емес пе? Міне, осы түйткілдің де түйіні тарқатылып жатыр. Бүгінде Жұмекенде жалпы ұзындығы 1800 метр жол төселуде. Ол Атырау-Астрахан тас жолынан басталып, ауыл ішіне ендеп кіреді. Округ әкімі Хамат Ғаббасовтың айтуынша,  бастапқы дайындық жұмыстарын «АЙС» компаниясының мердігері «Бекет Сәтжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Оның директоры Марат Идаятов іс тетігін білетін жігіт екен. Жергілікті жағдайды жете зерттеп, қызметті қалай бастау қажеттігін ұғынған басшы уақыт созбай жұмысқа кіріскен. Учаске басшылығына Руслан Мейірбековті тағайындап, шаруаны соған тапсырған. Әрине, инженер Рахымжан Саталиев, бригадир Кенжебек Нағимов пен геодезист Бекболат Жылтықаев та әркез жұмыс басынан табылады.

Жолшылар қаһарлы қыстың қыспағына қалмай, қоңыр күздің әр шуақты күнін тиімді пайдалануға ұмтылуда. Қайрат Айтмұханбетов, Амантай Смағұлов, Нұрберген Хафизов ертелі-кеш арнаулы техниканы ұршықша үйіреді. Айтпақшы, жол төсеу жұмыстарына жергілікті он шақты жігіт тартылған. Бұлардың бәрі де – жүргізушілер. Демек, мердігер мекеме өзіне тапсырылған жұмыс көлемін игеріп қана жатқан жоқ, сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де орындап отыр.

Ал, осы мекеменің тапсырысымен асфальт төсеуді көршілес Ресейдің іргелес Астрахан облысынан келген «МНК» фирмасы жүзеге асыруда. Сайып келгенде, жасыратыны жоқ, қиырдағы құрманғазылықтарға алыстағы Атыраудан гөрі, іргедегі астрахандықтармен байланыс орнатқан әлдеқайда тиімді. Көп қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұндай қарым-қатынасқа жан-жақты жағдай жасалған. Жолшылар тек асфальтпен ғана шектелмейді, оның жиегіне жаяу жүргіншілер үшін тротуар да төсейді. Міне, осы шаруаның бәрін қазанның соңына дейін аяқтау көзделген. Ал, жаңа жолдың пайдалануға берілуі қарашаның ортасына межеленіпті. Мердігер мекеменің қазіргі қарқынына қарағанда діттеген мерзім алынатынына сенім зор. Сонда ауыл тұрғындарының тағы бір арманы орындалып, өркениет өріне жасаған қадамы қарышты болмақ.

Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, Еңбекші селолық округіне қарасты елді мекендер бақуатты күй кешуде Жергілікті атқарушы билік ауыл ақсақалдары мен аналарының қолдауына сүйеніп отырады. Мәселен, Теміртас Елеусінов басқаратын ардагерлер және Ы.Алтынсарин медалінің иесі Ақтілек Хамитова жетекшілік ететін аналар кеңестері, Наурызбай Бисенғалиевтің төрағалығымен жастар ұйымы жемісті жұмыс жасауда. Сайып келгенде, осы қоғамдық құрылымдар өңірдегі ахуалды бес саусақтай біледі.

Округтегі 48 шаруа қожалығында 6745 қой, 2107 сиыр, 1704 ешкі мен 1004 жылқы бағылуда. Демек, төрт түлік түгел бар. Оның үстіне, 18 жеке кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр. Округте үш жанар-жағар май стансасы, тоғыз азық-түлік дүкені жұмыс жасайды. Тіпті құрылыс материалдарын сататын орын да ашылыпты. Қазір Серікбай Баймұратов Жұмекен ауылынан  дүкен салып жатыр. Жалпы, кәсіпкерлікке ұмтылыс жақсы. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, осындай жандардың қолдауымен көп балалы және жалғызілікті әйелдерге газ желісі тегін тартылып беріліпті. Ынтымағы жарасқан ауылдың өнегелі ісі емес пе бұл?

Еңбекші селолық округі тұрғындарының істеген тағы бір  үлгілі ісі – Жұмекен Нәжімеденовтің кіндік қаны тамған Қошалақта ақынға арнап ескерткіш тұрғызғаны. Оған бюджеттен бір теңге де жұмсалмаған. Халық қажетті қаражатты өздері жинапты. Ерін ұлықтаған елдің әрекеті осындай болады.

Қайран Жұмекен туған жерін сағынғанда:

Жатырмысың, самалды сай,

сырлы алап,

жусаныңнан сынап-шықтар

сырғанап.

Құм-шағылдан өсіп шыққан

шоқыңа,

жолаушыдай өте алмадым бір қарап, – деп жырлаған екен.

 Міне, сол ауылға бүгінде қаладағыдан еш кем емес тас жол салынып жатыр. Тамаша ғой! Мұны да ақын аңсаған еркіндіктің жемісі деп түйсіндік.

 

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз