АҚМЕШІТКЕ ҚАТЫНАС ЖЕҢІЛДЕДІ

Тамыры тереңге жайылған тарихы бар, имандылық ұйыған орта – Бекет атаның кіндік қаны тамған жер – Ақмешіт мекеніне жетудің азабы туралы бүгінге дейін жеткілікті айтылып та, жазылып та жүр. Бекет Мырзағұлұлының 265 жылдығы тойланған биылғы жылы Жылыой ауданы халқы мен кәсіпкерлерінің күшімен бірқатар мәселелер шешімін тапты: мешітке барар тозығы жеткен жол күрделі жөндеуден өтті, түнемелік үй мен Ақмешіттің арасына төсемтас төселді. Кезек күттірмейтін ендігі мәселе – ауыз су тасымалы да оң шешімін тапқанға ұқсайды.

 

Елбасының тапсырмасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аясында жергілікті «Нефтестройсервис ЛТД» компаниясы Ақмешіттің 20 жыл бойғы шырақшысы Ислам қажы Мырзабекұлының мерейлі 70 жасқа толуына орайластырып қасиетті мекенге тіркемесі бар әмбебап «Беларус МТЗ 82.1» тракторын сыйға тартты.

«Қыста екі-үш ай бойы қар қалың жауған кездерде көліктер тұралап қалады да, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған халық аудан орталығынан шалғай жатқан Ақмешітке жете алмай қиналады. Қытымыр аязда ауыз суды уақытылы тасымалдау тіптен қиынға соғады. Аудан басшыларына жағдайымызды айтып, қолғабыс етулерін өтінгенбіз, көмек көп күттірмеді. Бүгін «Нефтестройсервис» компаниясы басшысының орынбасары Омар Ақдірашев су жаңа трактордың кілтін ұстатты, дән ризамыз», – деп мерейтой иесі Ислам қажы Мырзабекұлы өзінің қуанышымен бөлісті.

Қуаттылығы 82 аттың күшіне тең, құны 10 млн. теңгені құрайтын соңғы шығарылымдағы «Беларус» әмбебап тракторы ауыл, орман, тұрғын үй-коммуналдық және қойма шаруашылықтарына, өнеркәсіп жұмыстарына арналған. Ортақ қуанышқа жиылған жылойлықтар «енді Ақмешіт басындағы шаруашылық өрге басатын болды» деп, қуана тарқасты.

Альбина АХМЕДЬЯРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз