ӘКІМ ЕСЕБІ: Құм Нарын тұрғындарын не толғандырады?
- «Өткен жылы жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясы бізге де ауыр салмақ салып, шектеулер қойды. Пандемия әлі де жалғасуда. Объективті қиындықтардың салдарынан жоспарланған бірқатар жұмыстар мен шаралар уақытша тоқтатылып, қаржыландыруы кейінге қалдырылған жағдайлар болды. Соған қарамастан, 2020 жылы Исатай ауданында бірқатар жұмыстар атқарылған».
Құм Нарынмен қабысқан, қиырын қарт Каспийге шайдырған Исатай ауданы әкімінің дәстүрлі есеп беру жиынына қатынасқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов осылай деп атап өтті. Расында да, аудан әкімі Марат Мурзиев келтірген деректерден көргеніміздей, өрістеу өңірдің негізгі саласы саналатын мұнай-газ секторына ғана тиесілі емес. Өзге салалар да жоғары көрсеткіштерге ие.
Аққыстауда – жаңа зауыт
Алдымен, қазіргі ахуал. Яғни, пандемиялық шектеулер, талаптардың сақталуы, ұлт саулығы, қолжетімді медициналық көмек. «Коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және болдырмау мақсатында аудандық аурухана дәрі-дәрмекпен, қажетті жабдықтармен т о л ы қ қ а м т ы л д ы . Ау р у х а н а д а медициналық аппараттар мен қорғаныш құралдары қажетті көлемде қамтамасыз етілген» деген М.Мурзиев бір жарым-екі айға жетерлік қор бар екенін айтты. Тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімдігі жанынан 13 мобильдік топ жұмыс жасап жатыр.
Шектеу шараларын бұзған 166 дәйектің 87-сіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Атқарушы билік жүзеге асыруы тиіс принциптің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай аудан әкімі былтыр 28 адамды қабылдап, 878 арыз-шағымды қарапты. Басым көпшілігі атаулы көмек алу, жұмыспен қамту, тұрғын үй сынды әлеуметтік тақырыптарды қамтыған сауалдарға заң аясында түсініктер берілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты, мемлекеттік бағдарламалар да ойдағыдай орындалып отыр.
Мұнай мен ілеспе газ өндіруден жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген өңірде аталған саланың аясында тағы да ірі жобалар жүзеге аспақ. Жалпы құны 4,2 млрд.теңге болатын инвестициялық жобалардың ішінен жылына 100 мың тонна мұнай және мұнай қалдықтарын өңдейтін зауыт құрылысы мен теміржол тұйығын салу қолға алынған. Аққыстау ауылынан салынатын бұл екі құрылымға жергілікті жерден 70 адам жұмысқа алынады екен. Қазір мердігер – «AKT COMPANY» серіктестігі қажетті жер телімін алып, тиісті құжаттарын ресімдеп жатыр. Ауданда төрт түліктің саны да, ет, сүт өнімдерінің көлемі де көбейген. Бұған шаруа қожалықтарына берілетін мемлекеттік субсидиялардың да септігі мол.
Миллиондаған қаржы арқылы шаруагерлер мал азығын молайтып, күн панелі, су сорғысы, электр станциясы сынды замана қажеттілігіне сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Оның үстіне, шөлейтті аймақта каналдарға су шығарудың да мәні зор. Мысалы, осы мақсатқа былтыр 96,8 млн. теңге бөлініп, 4,8 млн. текше метр су жеткізілген. Мал баққан қазаққа ветеринарлық шаралардың уақытылы жүргізілгені де аса маңызды. Ол үшін 90 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, алдын-ала екпе жүргізу, ауру малды диагностикалау жұмыстары жолға қойылған.
Жаңа нысандар көбейеді
Кәсіпкерлердің өткен жазда біраз қиындыққа ұрынғаны рас. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар шағын және орта бизнес иелерін қолдап, тез оңалуына септесуді басты ұстаным көріп отыр. Аудандағы 2000-ға жуық кәсіпкерлік субъектісінің 1428-і жұмыс жасап тұр. Былтыр жаңадан 20 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес аудан кәсіпкерлерінің 51 жобасына 7,3 млрд. теңге несие берілген.
Аудан әкімі келтірген деректерге сүйенсек, былтырғы нақтыланған аудан бюджеті 11,4 млрд. теңге болыпты. Соған сәйкес «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы Жанбай ауылында жүзеге асып жатқан 3 жоба және 3 ауылдың 26,3 шақырым көлік жолын күрделі жөндеу, қайта құрылымдау жұмыстары биыл жалғасады. Зинеден, Тұщықұдық және Томан ауылдарында электр желісінің құрылысы толық аяқталған, Х.Ерғалиев, Исатай ауылдарында биыл аяқталуы тиіс.
Елді мекендерді одан әрі дамыту бағытында 35 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Атап айтқанда, Аққыстауда үш қабатты 60 пәтерлік 2 тұрғын үй, 4 мектеп, саз, өнер мектептері, 2 балабақша, 2 ауылда мәдениет үйі, 3 ауылда дене шынықтыру және сауықтыру кешені, футбол алаңы, 3 ауылда газ желісі, 4 ауылда жазғы су желісін тарту секілді талай жылдар бойы жыр болған бастамалар бар.
Сондай-ақ, Нарында 80 орындық балабақша, Исатайда 300 орындық мәдениет үйі, Х.Ерғалиевте ауылішілік жол, Аққыстау ауылына бейнебақылау жүйесі мен бағдаршам орнатуға қажетті құжаттар сараптамадан өтіп жатыр. Мәдени іс-шараларды онлайн форматқа көшіріп, спортпен айналысатын жандарға қолайлы жағдай жасау арқылы салауатты өмір салтын серік еткендер санын арттыру – көзделген меженің бірі. Марат Бисенғалиұлы бұқаралық спортпен аудан халқының 21 пайыздан астамы, яғни 5780 адам айналысатынын атап көрсетті. Ауданда былтыр 568 сәби өмірге келді. Денсаулық сақтау мекемелері 4 дәрігермен толығып, мамандарды тұрғын үй, жәрдемақымен қамтамасыз ету жұмыстары оңтайлы шешілді.
Биылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша жұмыссыздық деңгейі – 3,8 пайыз. Сондай-ақ, былтыр тіркелген 46 қылмыстың ашылу көрсеткіші – 84,7 пайыз.
- – Ауданда құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Оның ішінде Аққыстауда үш қабатты 60 пәтерлік 3 үй, ауылдардың инженерлік инфрақұрылымы, Тұщықұдық, Исатай, Жанбай және Нарында ауылішілік жолдарды күрделі жөндеп, қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады, басқа да нысандар пайдалануға беріледі. Аққыстау ауылындағы автокөлік жолының 16 шақырымына (31 көше) күрделі жөндеу және қайта жаңғырту биыл басталады. Өңірді дамыту бағытындағы «Исатай ауданының 2021-2025 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы» қабылданды, — деген Марат Бисенғалиұлы мемлекет басшысының Жолдауында аталған міндеттерді орындау мақсатында облыс әкімдігінің алға қойған тапсырмаларына сәйкес жұмыстар жүзеге асатынын жеткізді.
Тұрғындар сауалына – тиянақты жауап
Тікелей байланыс және әлеуметтік желі арқылы көкейтесті мәселелерді көтерген аудан тұрғындарының әр сауалына тиянақты жауап берілді. Аққыстауда салынып жатқан көп пәтерлі үйдің құрылысы қашан аяқталатынын сұраған Данияр Сәлкеновке жауап берген аудан әкімі қазір «Өркен» шағынауданында салынып жатқан 60 пәтерлік 3 үйдің құрылысына қаржы толық бөлінгенін, бәрі де биыл пайдалануға берілетінін айтты. Ауданда тағы 60 пәтерлік үш қабатты 2 үй салуға құжаттар дайындалып, тиісті сараптамадан өтіпті. Егер бюджеттік өтінім облыстан қолдау тапса, жаңа шағынаудан қалыптасады екен.
Жарық жиі сөнуінің себебін сұраған Амантай Ғұмаров көтерген мәселемен етене таныс екенін айтқан М.Мурзиев: «Мәселе өте күрделі. Жыл басынан бері аудан ғана емес, облыс бойынша осы секілді көп факт орын алды. Бұл – облыс әкімдігінің бақылауындағы мәселе. Аудан көлемінде тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, заман талабына сай темір бетон бағандар орнатып, кабелін ауыстыру қолға алынып жатыр. Құжаттары дайын. Кезеңкезеңімен, қаражатқа сай шешіледі» деп жауап берді. Исатай ауылынан Амангелді Қарақойшиев есімді тұрғын жастардың спортқа қызығушылығы жоғары екенін айтып, спорт кешенін салу туралы ұсыныс білдірді.
- – Аудандағы бұқаралық спортпен айналысатын 21 пайыздық көрсеткіш жоғары деңгей емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салауатты өмір салтын ұстанушылар санын арттыру – жоспарда. Сіз көтерген мәселе қазір аудан көлемінде біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, Исатай, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарында салуға құжат дайын, ақшасы шешілсе, болашақта бой көтереді, — деп Марат Бисенғалиұлы Жанбай ауылында салынып жатқан дене шынықтырусауықтыру кешенін мысалға келтірді.
Амантай Жәлекеев Исатай ауданының басты қақпасы – Х.Ерғалиев ауылының ішкі жолдарын салу жөнінде ұсынысын жеткізді. «Бұл мәселе ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтеріледі. Қазір 4 ауылда жол жасалып жатыр. Х.Ерғалиев ауылына қосымша 8,5 шақырым тасжол салуға құжаттама дайын, сараптамадан өтуде. Наурыз айында жауабы берілуі тиіс. Ол шешімін тапқан соң, ауыл ішінде 100 пайызға жақын жол төселеді» деген жауап берілді. Жеке шаруашылық жетекшісі Әспенбет Әбуғалиұлының пікірінше, соңғы жылдары жауын-шашын аз болғандықтан, мал азығын дайындауда проблема көп.
Сондықтан, бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінсе артық етпейді. Бірақ, бұл мәселенің түйіні салалық министрліктің талаптарына сәйкес болуы керек екен. Ол үшін облыстық басқармаға жүгіну қажет. Былтыр аудандағы 23 шаруа қожалығы мал азығын дайындағаны үшін 99,2 миллион теңге субсидия алыпты. Жаз басталса, Жанбайда ауыз су үлкен мәселеге айналады. Суды сағаттық режиммен бөліп беру аптап ыстықта қаншалықты қиын екені белгілі.
Осы мәселені тікелей эфир арқылы көтерген ауыл тұрғыны Мереке Халидуллин ауыз суды мал, егін суару жұмыстарына пайдаланбауы үшін жазғы су жүйесі жүргізілсе деген тілегін білдірді.
- – Әрине, бұл тек бір ауылда емес, жалпы ауданға ортақ проблема. Ауыз су Қиғаш-Маңғышлақ су құбырынан беріледі. Оны басқа қажеттіліктерге пайдалануға болмайды. Құбыр бойында бірнеше елді мекен бар, сондықтан кейбір уақытта су көлемі азаятыны жасырын емес. Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев және Жанбайға жазғы су құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өтті. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, жүзеге аспақ. Аталған 4 ауылды бірден қамтуға қол жетпесе де, кезең-кезеңімен жүргізу көзделуде, — деді аудан әкімі.
Хамит Ерғалиев ауылындағы «апатты» деп танылған бастауыш мектептің оқушылары негізгі мектепте оқып жүр екен. Алмагүл Тілепқалиеваның осы айтқанына қатысты жауап берген М.Мурзиев Аққыстаудан салынып жатқан мектептің құрылысы біткен соң, Х.Ерғалиев ауылындағы интернатты сонда көшіріп, босаған ғимаратты пайдалану жоспарланып отырғанын жеткізді. Тұщықұдық ауылындағы «Разведка» шағынауданының тұрғыны Лариса Насипова да Жамбыл атындағы бастауыш мектепті орта мектепке айналдыру мәселесін көтерді. Бірақ, бұл әдістің тиімсіздігін айтқан аудан басшысы «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы арқылы Ғ.Мырзағалиев атындағы мектепке жапсаржай салу жоспарланып отырғанын айтты.
Ал, Жанбай ауылындағы мектепке бұдан бес жыл бұрын күрделі жөндеу жасалған. Сондықтан, білім стандарттарына сәйкес онда жаңа мектеп салынбайды. Т ұ щ ы қ ұ д ы қ д ә р і г е р л і к амбулаториясының ескі ғимаратына жөндеу қажет. Ол үшін жасақталған құжатқа сай тиісті қаражат сұрап, денсаулық сақтау басқармасына хат жолданған. Мұндай мәселе Зинеден және Х.Ерғалиев ауылдарына да тән екен.
- – Қызыл үйге газ, ауыз су тарту мәселесі біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Көгілдір отын жеткізуге қажетті құжаттар жасақталды. Жасқайрат пен Қызыл үй ауылдарына газ тарту үшін 1,5 млрд. теңге қажет. Мәселені республикалық бюджет есебінен шешудің жолдары қарастырылуда, — деді Жасұлан Борашевтың сұрағына жауап берген аудан әкімі.
Алексей Черновтың айтуынша, Томан елді мекеніне жаңа мектеп салу қажет және теміржол бойында орналасқандықтан, «Қазақстан теміржолы» компаниясына тиесілі пайдаланып отырған электр жарығының кернеуі төмен. Ол үшін аудан әкімдігі құжаттарды дайындап, қаржының бөлінуін күтіп отыр. Ал, аталған ауыл қалаға жақын болғандықтан, оқушылар Атырау мен Х.Ерғалиев ауылына барып оқиды.
Республикалық бағдарламаға сай типтік модульдік мектеп салу туралы ұсыныс жолданыпты. Алайда, ол жерге мектеп салудың тиімділігін жан-жақты қарастыру қажет. Егер даму сальдосы байқалса, мектеп мәселесі шешімін табады. Есеп беру барысында жолданған сауалдың барлығына жауап берілді. Әрине, кейбір мәселелерді жан-жақты екшеу қажет. Өйткені, Қаратүбекке қатынайтын көпір де көлік жүруге жарамсыз болған соң жабылды. Ал, кәріз жүйесінің аяқталуы таяу. Шынында, қазір ауыл мен қаланың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тек мәселені оңтайлы шешуде ортақ мүдде керек.
Жобалар – ел игілігі үшін
Тікелей эфирдегі есеп беруге қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөз алып, жүзеге асатын жобалар, атқарылар келелі міндеттерді саралап, нақты тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен, ел дамуының басты құндылықтарының бірі – білім саласы. Облыс басшысы биыл Аққыстауда салынып жатқан 320 орындық кәсіптік лицей мен 100 орындық жатақхананың құрылысын аяқтап, қолданысқа беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Жанбайлықтар биыл спортпен айналысуға мол мүмкіндік алып, жаңа кешенге қол жеткізбек. Аталған ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені – пайдалануға берілетін нысандар қатарында. Басты мәселе – баспана. Аққыстаулықтар үшін жағымды жаңалықты жеткізген облыс әкімі «60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл аяқталып, халық игілігіне табысталатын болады» деді.
Аудан орталығындағы өрт сөндіру депосының құрылысы да биыл аяқталады. Ал, инженерлік-инфрақұрылымдық жобалар бойынша 2019 жылы басталған Томан, Х.Ерғалиев, Жанбай, Зинеден, Амангелді ауылдарының су құбыры желісі, Тұщықұдық, Зинеден, Томан ауылдарына электр желісін тарту жұмыстары, Өркен, Х.Ерғалиев, Зинеден, Тұщықұдық, Жанбай, Амангелді ауылдарындағы газ желісінің құрылысы аяқталды. Аудан орталығындағы кәріз желілерін және имаратын салу жұмысы да биыл тәмамдалып, тұрғындар игілігіне жарамақ.
Ұзындығы 16 шақырым автокөлік жолдары қайта жаңғыртылып, Жанбай, Исатай, Тұщықұдық, Нарын ауылішілік және кірме жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады. Жүзеге асып, ел игілігіне қызмет ететін бастамалармен қатар, шешімін күткен мәселелерді де атап көрсеткен Махамбет Жолдасқалиұлы аудан әкіміне нақты міндеттер жүктеді. Ауданда белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны төмендегенін атап, кәсіпкерлікті дамыту және жанжақты қолдау жұмыстарын жандандыру, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
Төрт түліктен табиғи өнім өндіруге Исатай ауданының мүмкіндігі жеткілікті. Сол себепті жайылымдық алқапты ұлғайту, каналдарға су көзін жеткізу, жем-шөп дайындау және мал ауруының алдын алу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Білім беру саласына қатысты тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің өзектілігін айтқан облыс басшысы тиісті басқармамен бірлесіп, мектеп-балабақшалар сыйымдылығын, бүгінгі жағдайын зерделеп, аса қажетті білім беру нысандарының құрылысы бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді. Денсаулық сақтау саласында да айрықша көңіл бөлуді қажет ететін мәселелер бар.
- – Емдеу-сауықтыру мекемелерінің бүгінгі жағдайын назарға алып, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, білікті мамандарды тарту, жаңа технологияларды енгізу – уақыт талабы, — деді Махамбет Жолдасқалиұлы.
Оған қоса, әр салада жергілікті қамтудың үлес салмағын арттыру бағытындағы нақты шаралар қабылдау қажеттігін де айтты.
- – Проблемалық мәселелерді ерекше назарда ұстап, шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Мұның барлығы – халық үшін жасалатын істер. Оларды ойдағыдай орындау – билік органдарының басты ұстанымы, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.
Гүлжан ӘМІРОВА