«Атырау-Ақпарат» фавориттер қатарында

5934d30d c38a 499d a333 2380a0eae756 Жаңалықтар

Жуырда ғана «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен кіші аяқдоптан спорт журналистикасының тарланы Амангелді Сейтхановты еске алуға арналған турнирде «Атырау-Ақпарат» құрама командасы азулы командаларды қапы қалдырып, үшінші орынға қол жеткізді. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 16 команданың ішінен жартылай финалға дейін өнер көрсетіп, жүлделі оралған атыраулықтар үшін бұл – зор табыс.

Осыған орай «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің баспасөз клубында жүлдегерлерді құттықтау рәсімі өтіп, серіктестіктің алдағы жоспарлары айтылды.

– «Атырау-Ақпарат» командасы өткен жылы белгілі журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған турнирде алғаш рет өнер көрсеткен болатын. Биыл да батыс өңірінен қатысқан жалғыз команда болды. Өткен жылғы турнирде жігіттер тас-түйін дайын болғанымен сәттілік жетіспеген еді. Сол жылы күз айында Тараз қаласында қала күніне орай журналистер арасында шағын футболдан ұйымдастырылған «Taraz cup-2022» ашық турниріне қатысып II орынға ие болды. Көп кешікпей «Majilis Cup-2022» шағын футбол турниріне қатысып плей-оффқа жолдама алды. Биыл «Атырау-Ақпарат» командасы екінші мәрте ұйымдастырылған турнирде 16 команданың ішінен оза шауып, үздік үштікке табан тіреді.

Сондай-ақ, былтырдан бастап БАҚ өкілдері арасында волейболдан турнир ұйымдастырылып, жақсы үрдіс қалыптасып келе жатқандығын айта кету керек. Алдағы уақытта БАҚ қызметкерлері күніне жарыстар ұйымдастыру көзделіп отыр, – деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркенов.

ecbeb2ca 36a1 4fb4 ad66 4d2ecfbc02c4

Басқосу барысында Жасын Ерсінұлы Алматыдағы турнирге демеушілік көмек көрсеткен қалалық мәслихаттың депутаттары, БАҚ және спорт жанашырлары Хамит Қонарбаев пен Бауыржан Әжіғалиевке алғыс айтты. Депутаттар мен БАҚ қызметкерлері арасына алтын көпір болып жүрген қала әкімдігінің баспасөз хатшысы, команданың қақпашысы Нұрислам Ғұмарға да Алғыс хат табысталды.

– «Атырау-Ақпарат» командасының намысын жер-жерден құралған жігіттер қорғап келеді. Алға қойған жоспарларымыз да көп. Алдағы айда Қызылорда қаласында, одан соң Тараз, Астана қалаларында өтетін турнирлерге қатысуға ниеттіміз. Осы жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, облыстың намысын абыроймен қорғау бұйырсын. Бүгінде азулы командалардың өзі «Атырау-Ақпарат» командасымен санасатындай дәрежеде. Бастапқыда атыраулық команданы осыншалықты қарсылық танытады деп ойламағаны рас. Осылайша бізде де журналистер футболының дамып келе жатқандығын дәлелдеп келеміз. Амангелді аға айтқандай «Жеңісті күндерде жолыққанша», – деді Н.Ғұмар.

Команданың капитаны Қайсар Жетпісбаев команданың деңгейі көтеріліп келе жатқандығын айтып, әрі қарай да осы бағыттан жаңылмай, жетілдіре беру керектігін жеткізді.

Еске салып өтсек, спорт және туризм академиясының жасыл алаңында үздік нәтиже көрсеткен Қызылорданың «Ақмешіт» командасы чемпион атанса, екінші орынды астаналық «Қазмедиа» командасы жеңіп алды. Үздік үштікте «Атырау-Ақпарат» командасы.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз