Жарнама
Жаңалықтар

«Әке, сен – қадір мен қасиеттің өлшемісің…»

Осындай тақырыппен Атырау облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында хаттар оқылымы кеші өтті.

Кештің мақсаты — қазақ қоғамындағы асқар тау әкелердің орнын ардақтау, сол арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы тылсым байланыстың күшін арттыру.

-Қуантарлық жайт, іс-шараның жарнамасы таралғаннан бастап, жергілікті өңірден де басқа облыстардан хаттар легі толассыз келіп жатты. Ұлттық мәдениетімізбен әкелердің биік тұлғасына құрметпен қарап, сезімдерімізді жүрек түкпіріне тереңдетіп, іштей сақтаған сырларымыздың тиегі ағытылған тебіреністі хаттарды оқи отырып, көз жасымызға ерік берген сәттеріміз де болды, — дейді «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы басшысының міндетін атқарушы Лаура Ғазизова.

Сырлы кешке қатысқан көрермендердің айтуынша, бір-бірімізге деген құрметімізді, сыйластығымызды, ұлттық болмысымызды мойындау үшін осындай іс-шаралар жиі өткізілгені жөн.

Хат оқылым кешінде әке рухына перзенттік тағзым жасалып, сағынған, іздеген, сырласқан ішкі сезімдерімен бөліскен жандардың әкенің тұлғалық келбетін, жан дүниесін, толыққанды адами болмысын, іскерлігін, көркем мінезін, бала тәрбиесіндегі рөлін, қоғамдағы орнын сомдаған жүрекжарды жазбалары, сезім мен сырға толы хаттары оқылды.

Ардагер ұстаз Злиха Қадырбайқызының, сазгер Махамбет Орынғалиұлының, ақын Айнагүл Қылышқызының, курс тыңдаушыларының хаттары мен естеліктері ерекше әсерге бөлесе, журналист Фархат Мұсаұлының да әке тұлғасын биіктете түскен әңгімелері терең ой салды. Оқырмандардың жүректен шыққан сезімі түсірілген хаттарын Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Атырау Жастар театрының» өнер иелері Сәкен Шынтеміров, Данир Мұхтарғалиев, Әйгерім Силықова шараның шырайын келтіріп, тыңдаушылардың жүрегіне жеткізді.

Айта кетейік, шара соңында келген қонақтарға орталық атынан Алғыс хат табысталып, әке туралы нақыл сөздер жазылған таратпалар берілді.

Ұлболсын МАРСОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button