Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Әке аманаты – қолөнерге ұласқан жол

Домбыра – халқымыздың рухани жаны, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұл аспаптың үні – ата-бабамыздың аманаты, жүрекпен жеткен тарихтың үні. Бүгінде домбыра жасау – мен үшін жай кәсіп емес, ұрпаққа мұра болатын рухани миссия. Әкемнен дарыған өнерді кәсіпке айналдырып, әр қазақ баласына сапалы әрі қоңыр үнді домбыра ұсыну – менің басты мақсатым.

Домбыра жасауда ең маңыздысы – оның үні. Шеберлік – сол қоңыр үнді дәл таба білуде. Әрбір аспапты жасаған сайын жүрегіңе үміт ұялайды: «Бұл жолы қандай дыбыс шығады екен?» деген. Дыбысы мінсіз шыққан сәт – нағыз шеберлік ләззаты, оны ештеңемен салыстыруға болмайды.

Бүгінде жастардың ұлттық өнерге бет бұруы – көңіл қуантады. Біз тек аспап жасап қана қоймай, ұлттық рухты оятып, мәдени жаңғыруға да үлес қосып келеміз. Болашақта осы істі кеңейтіп, отандық брендке айналған кәсіби домбыра шығару – басты арманым.
Домбыра күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек бір аспаптың ғана емес, тұтас ұлт рухының, өнерінің, тарихының мерекесі. Домбыра – ұрпақ пен ұлтты байланыстыратын алтын көпір. Оның үнімен ел тербеледі, жүрек толқиды.

Осы күні әр шаңырақта домбыра үні естілсін, әр қазақ баласының жүрегінде ұлттық өнерге деген махаббат оянсын. Домбыра дастаны ешқашан үзілмесін, қазақтың үні қоңыр күймен әрдайым жаңғырып тұрсын!
Ұлттық өнеріміз – домбыра жасайтын да, оны сүйіп тартатын да ұрпақпен жалғассын!

Нұрлыбек БИСЕНБАЕВ, домбырашы, домбыра жасау шебері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button