АЙМАҚ БАСШЫСЫ АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНІҢ ҮЙІНДЕ БОЛДЫ
Алғыс айту күні Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аға буын өкілдері шаңырағына арнайы барып, атаулы күнмен құттықтады.
Аймақ басшысы Нұрсая ықшамауданында тұрып жатқан Екатерина Абсатырованың үйіне барып, атыраулықтар атынан жүрекжарды алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді. 1931 жылғы Екатерина Серафимовна – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көп қиындық көрген. Небәрі он жасында тұтқынға түскен қыз 3 жыл 3 ай уақытын концлагерьде өткізген. Тек 1944 жылы ғана жау қолынан босаған. Ол Ұлы Отан соғысының 60, 65 және 70 жылдық медальдарымен марапатталған.
Өңір басшысы Алғыс айту күнімен арнайы құттықтаған тағы қария — ұзақ жылдар сауда саласында еңбек еткен Атырау қаласының тұрғыны Жамиля Далмұханқызы. 1942 жылы Исатай ауданында дүниеге келген ол Отар Әбілжанұлымен бірге екі қыз, бес ұл тәрбиелеп, бүгінде олардан қырықтай немере-шөбере сондай-ақ жиеншар сүйіп отыр. Олардың көбі білім беру, заң, кәсіпкерлік пен өндіріс және коммуналдық саласында табысты қызмет етуде.
Облыс әкімі өз сөзінде бүгінгі ұрпақ кешегі аға буынның ауыр жағдайда атқарған ерен еңбегін ешқашан ұмытпайтынын жеткізді. Сондай-ақ, олардың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры өсіп келе жатқан жастар үшін үлкен үлгі екенін атап өтті.
Ал қариялар болса, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуын, мемлекетімізде тек бейбітшілік салтанат құруын тілеп, баталарын берді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Сурет: Расул СЕРІКОВ