Мәжіліс депутаты Махамбетте болды

5fbf95958813a418748660 Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев  жұмыс сапарымен Махамбет ауданында болып, бірқатар кездесулерге қатысты.

Жуырда ғана «Nur Otan» партиясының Саяси кеңес бюросының қаулысымен партиялық тізім бойынша мандатқа ие болған Нұрлыбек Жұмахметұлы алғаш болып Бейбарыс ауылында орналасқан «Первомайский» сүт өндіру зауытында болды.

Бұл кездесуді осы кәсіпорыннан бастауы да бекер емес. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде жергілікті өнім өндіруші зауыттың жұмыс барысын көріп, алдағы жоспарларымен танысты. 2013 жылы іске қосылған зауыт италиялық құрылғылармен жұмыс жасап келеді. Зауыт басшысы Есболат Есқариевтің айтуынша, құрылған уақытта Америка елінен 200 бас голштин-фриз сиыры әкелінсе, 2015 жылы 500 бас сиыр қосылған. Мәжіліс депутаты алдымен зауыттың сауын сиырлар тұратын жерінде болып, мүйізді ірі-қараның жай күйімен танысты.

  • Қазір зауытта 437 қырдың қызыл сиыры, 437 голштин-фриз сиыры бар. Зауытта 80-нің үстінде қызметкерлеріміз жұмыс жасайды. Бұл жердегі сиырлар далаға жайылмайды. Барлығы осы жерден жем-шөбін жейді. Сондықтан шығын көлемі де аз емес. Голштин-фриз сиыры күніне 37 келі, қырдың қызыл сиыры 24 келідей жем-шөп жейді, – дейді зауыт басшысы.

Мәжіліс депутаты осы сиырларды сақтап, әр қарай дамытуды қолға алу керектігін айтты. Одан соң, сауын орталығында болып мұндағы ілкімді істерімен де танысты.

  • Қай сиырдың қанша литр сүт беріп тұрғанын анықтап тұруға арналған компьютерлік құрылғы бар. Зоотехниктің компьютер базасына сиырдың салмағы, денсаулығы көрсетіліп тұрады. Ветеринар мамандарымыз бар. Жалпы елімізде ветеринар мамандар жоқтың қасы. Басында Украинадан екі маман алдырып, үш жылдай қызмет етті. Кейін жергілікті агро колледжден, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен бітірген 5 маманды дайындадық, олар күні бүгінде еңбек етіп келеді, – дейді Есболат Аманжолұлы.

Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев облыс көлемінде сапалы өнімдерін ұсынып келетін зауыттың өндіріс цехында болып, экологиялық таза өнімнің өндіріс үдерісіне куә болды.

  • Қазіргідей пандемия жағдайында аянбай еңбек етіп келетін зауыттың сүт, қаймақ, айран, сүзбе өнімдерінің жасалу барысын көріп, жұмыстарыңызбен танысып жатырмыз. Өнімдеріңіз елдің игілігіне жарай берсін! – деді мәжіліс депутаты.

Әрі қарай Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Жұмахметұлы бастаған топ Ортақшыл ауылындағы «Самал» мәдениет үйінде бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі ауыл әкімдерінің сайлауы. Кездесуде ауданға қарасты Сарайшық, Есбол, Ақжайық, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткерлер қатысты.

Мәжіліс депутаты үміткерлерге елдің жағдайымен етене жақын болып, халыққа жақын болып, үлкен жауапкершілікті сезіну керектігін баса айтты. Бірнеше жыл бойына мемлекеттік қызметте шыңдалған Мәжіліс депутаты әкімдерге артылар жүктің орасан зор екендігін қадап айтты.

Мұнан соң Ақжайық ауылдық округіндегі «Жұмағалиев» шаруа қожалығының жылыжай кешені құрылысымен танысты. Құрылысы былтыр басталған ауқымды жобаның жалпы амуағы 22 гектарды аумақты құрайтын болады. Болашақта тамшылатып суару әдісімен жұмыс жасайтын жылыжайда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығы алдағы уақытта тек қана жылыжаймен ғана шектелмей, құс, балық шаруашылығын қолға алуды көздеп отыр.

  • Құрылыс басына газ, тоқ көздері келіп тұр. Суды жақында тартамыз. Материалдар жеткілікті келіп жатыр. 30 шақты адам жұмыс жасайды. Техникаларымыз да бар. Күзге таман 4 гектар жылыжай құрылысы аяқталса қызанақ, қияр секілді көкөністер егеміз, – дейді құрылыс алаңының ұйымдастырушысы Равиль Қалиев.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев бастаған топ Ақжайық мәдениет үйінің ауласында жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз