Жүрсін ЕРМАН: «Атырау айтыстың астанасына айналды»

img 8531 Жаңалықтар

Айтыс аяқталған соң да қарбалас біткен жоқ. Сөйтсе де, айтыстың бапкері Жүрсін Ерманмен Атыраудағы сөзсайыс жөнінде пікір алмасқан едік.

Contents
  1. – Жүрсін аға, Атыраудағы Ұлы Абайға арналған айтыстың деңгейі қандай, көңіліңізден шықты ма?
  2. – Ақындарымыздың аяқ алысы қалай?
  3. – Осы айтыста топ жарып, бас бәйгені иеленген керекулік ақын Рауан Қайдаров туралы не айтасыз?
  4. – Айтыстың алғашқы айналымында атыраулық жүйріктердің бірі Өнербек Дәулекеновтің өнері ешкімнен кем болмаған сияқты көрініп еді. Қарсыласынан да ұтылмаған секілді. Финалға өтпеуіне не себеп болды екен?
  5. – Енді жалпы айтысқа келсек. Осы өнердің табиғилығын сақтап қалу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
  6. – Шоу айтыстар көбейді ғой. Бұған не дейсіз?
  7. – Былтырғы Орал қаласында өткен «Алтын домбырада» арнайы тимбилдинг ұйымдастырылып, айтыстың алдағы бағыты талқыланғанын білеміз. Сонда ендігі сөз сайысының бәрінде ақындарды сахнадан жұптау туралы шешім қабылданып еді. Бір-екі айтыс солай өткенімен, кейін қайтадан бұрынғыша ақындарды алдын ала жұптауға көштіңіздер. Сонда бұл үйлеспейтін шаруа болды ма?
  8. – Айтыс ақындарының жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқанына куәміз. Олардың жас шамалары да, деңгейлері де әртүрлі. Алдағы уақытта оларды жастарына немесе тәжірибелеріне қарай жоғары, төменгі лигаларға бөліп сайыстыру ойда жоқ па?
  9. – Әңгімеңізге рахмет.

– Жүрсін аға, Атыраудағы Ұлы Абайға арналған айтыстың деңгейі қандай, көңіліңізден шықты ма?

– Шынымды айтайын ба? Менің бүгінгі айтысқа көңілім тола қойған жоқ. Өйткені, соңғы кездегі айтыстардың барлығы аса жоғары деңгейде өтетін. Пандемияның әсері ме болмаса бұдан бұрын жоспарланған айтыс уақытының өзгеруі себеп болды ма білмеймін, алғашқы айналымда Еркебұлан мен Шалқарбайдың айтысынан басқа ешбір ақын ойымнан шыққан жоқ. Қайта айтыскерлер келесі күні ширықты. Елдік мәселелерді қозғады, рухты оятты. Екінші күні көңілім толғандай болды. Дегенмен, аса керемет айтыс болды деп айтуға аузым бармай тұр.

Жалпы, Атырау айтыстың астанасына айналды. Осы өңірді басқарған ұлтжанды, жанашыр азаматтар ұлт өнеріне қамқорлық жасап келе жатыр. Қазіргі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тура індеттің уақытында тәуекелге бел буып, жауапкершілікті мойнына алып, санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда айтыстың өтуіне рұқсат берді. Сондықтан, Атырау – айтыс қана емес, руханияттың астанасына айналған жер.

– Ақындарымыздың аяқ алысы қалай?

– Атыраудан керемет ақындар шығып келе жатыр. Енді олардың жүлде алмағандарын осал деуге болмайды. Жоғары деңгейлі ақындар сынға түскен аламанда топ жару оңай емес қой. Соның ішінде мен Жәнібек Садыровты бөлек айтар едім. Анау Амангелді Панабердиев қандай жақсы айтыстар жасап жатыр. Кішкентай Фариза Жетпісбаева деген ақын қызымыздың да талабы бар. Бір күнде барлығы мықты бола қалмайды ғой. Осындай сайыстарда шыңдалып, шеберлігін арттырады. Сондықтан, Құдайға шүкір, Атырауда өсіп келе жатқан ақындар жетерлік.

– Осы айтыста топ жарып, бас бәйгені иеленген керекулік ақын Рауан Қайдаров туралы не айтасыз?

– Рауан бұрын да осылай айтысатын. Мен ылғи осы жігітке көз қырымды салып жүремін. Бірақ, бұған дейін мұндай үлкен жүлдеге ие болған жоқ еді. Сауатты ақын. Ел газетінің қызметкері. Үлкен газеттің тілшісі болғаннан кейін әр нәрседен хабары да бар, оның үстіне бұл – көркемдеп айта білетін ақын. Сосын айтыста айту бар да, жеткізе білу деген бар. Төкпелеп үсті-үстіне төкпектетіп айтқанда көрерменді баурап алады ол.

Тағы бір айтпағым, жалпы барлық ақынның мақамы шамалас болды ғой қазір. Қазақстанда Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының 215 мүшесі бар, соның бәрі үш-төрт мақаммен ғана айтысады. Баяғы Мұхаммеджанның, Аманжолдың, Шорабектің мақамы деген сияқты. Бұл – ізденіс шамалы деген сөз. Ақын өз өңірінің сазын алып келуі керек.

– Айтыстың алғашқы айналымында атыраулық жүйріктердің бірі Өнербек Дәулекеновтің өнері ешкімнен кем болмаған сияқты көрініп еді. Қарсыласынан да ұтылмаған секілді. Финалға өтпеуіне не себеп болды екен?

– Мен Өнербекті осал ақын дей алмаймын. Ол бұрын да тәуір айтысатын. Әсіресе, қыз бен жігіт айтысын жандырып жүрген жігіт қой. Осы жолы сол биігіне шыға алмай қалды-ау деп ойлаймын. Кім біледі не себеп болғанын? Көрерменнің қиқуы керек, қоштау, қолдауы керек, сол болмағаннан ба кішкене солғындау болды. Бірақ, сорлы айтыс деуге болмайды, жақсы, әдемі, өз деңгейінде өнер көрсетті.

– Енді жалпы айтысқа келсек. Осы өнердің табиғилығын сақтап қалу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Уақытты шектемеу керек. Бұрынғының шын жүйріктерін уақытпен тұсамаған. Жекпе-жек айтыстарды қолға алу керек шығар. Бұл бағытта түрлі жоспарымыз бар.

– Шоу айтыстар көбейді ғой. Бұған не дейсіз?

– Мен шоу дегенге қарсымын. «Хабар» арнасынан жүріп жатыр ғой «Айтыс Star» деген. Мені соған екі рет шақырды. Соңғысында маған «2 миллион теңге берейік, келіп отырыңызшы» деп жалынды. Мен бас тарттым. Өйткені, бұл айтыс – қазақтың ұлттық өнері, төлқұжаты. Атамұра өнерді бұлай мазақ қылуға болмайды. Аузымен құс тістеген ақындарды жинап алып, аяғында әншілермен айтыстыратын жобаға мен мүлдем қарсымын. Бұл айтыс емес – айтысқа пародия. Сондықтан, оған біздің үлкен ақындар қатысқан жоқ.

– Былтырғы Орал қаласында өткен «Алтын домбырада» арнайы тимбилдинг ұйымдастырылып, айтыстың алдағы бағыты талқыланғанын білеміз. Сонда ендігі сөз сайысының бәрінде ақындарды сахнадан жұптау туралы шешім қабылданып еді. Бір-екі айтыс солай өткенімен, кейін қайтадан бұрынғыша ақындарды алдын ала жұптауға көштіңіздер. Сонда бұл үйлеспейтін шаруа болды ма?

– Иә, басында солай шешім қабылдап едік. Екі-үш айтысты ақындарды сахнадан жұптап өткізіп те көрдік. Телевизияға лайықталғаннан кейін бірыңғай солай өткізу ақындарға оңай болмай тұр. Біраз ақын осыдан шығынып қалған. Шаппа-шапқа шамасы келмей қалады. Сөз таппайтын ақын жоқ қой, бәрі де суырыпсалма ақындар, бірақ айтыстың көркемдік деңгейі төмендеп кетеді. Ал, ол тартымды болуы үшін ақын қарсыласын біліп, зерттеп келгені жақсы. Біз саналы түрде сондай қадамға барып отырмыз. Тағы да айтамын, бұл ақындардың өнеріне күмән тудырмауы керек.

– Айтыс ақындарының жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқанына куәміз. Олардың жас шамалары да, деңгейлері де әртүрлі. Алдағы уақытта оларды жастарына немесе тәжірибелеріне қарай жоғары, төменгі лигаларға бөліп сайыстыру ойда жоқ па?

– Ондай да жоспар жоқ емес. Осыдан үш жыл бұрын ақындардың рейтингін жасадық. Сол бойынша сайыстырдық. Ендігі ой – айтыскерлердің лигасын жасақтау. Ол жұмыстарға мына індеттің кесірінен кірісе алмай жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен: Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз