Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

Әйел-аналар, ошағыңды үрлеме!

Atr.kz/20 қараша, 2019 жыл. Ықылым заманнан ата-бабамыз жолы жіңішке әйел затын отбасының ұйытқысы мен шамшырағына балаған. Шынымен де, әйелі жоқ үйдің сұрықсыз көрінетіні де жасырын емес.

«Он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады» деген сөз осыдан қалған болар, бәлкім. Бүгін біз өмірдің түрлі шырғалаңына ұшыраған әйелдер тағдыры туралы әңгімелеп, кейінгілерге сабақ болар деп үміттенеміз.

ӨЗ КҮЙЕУІНЕН ӨЗІ ЖЕРІНІП…

Сара мен Арманның қосылғандарына он жылдан асқан. Орталарында үш ұлы бар. Көп балалы отбасынан шыққан келіншек ата-енесімен бірге тұрады. Осынша жылдың ішінде бір-біріне бауыр басып кеткендері соншалық, екі-үш күн көріспесе, сағынып қалатын болған. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бәріне сол әлеуметтік желі кінәлі секілді.

Ас дайындаса да, кір-қоң жуса да, үй тазаласа да қолынан телефоны түспейтін Сараның бұрын-соңды отбасы білмейтін құрбылары пайда бола бастайды. Енесінен сұранып, солармен шәй ішуге шығып тұрады. Соңғы кездері кездесулері жиілеп, мұның тамақ дайындауға да уақыты болмай қалып жүреді.

Осының жақсы нәрсе емес екенін сезген енесі бірде: – Бізге қарамасаң да, күйеуің мен балаларыңа қарасаңшы, қарғам-ау, олардың киетін таза киімі қалмапты. Күнде жиын, күнде той – бұл қашан бітеді?! – дейді кейіс танытып. Енесінің ескертпесіне шамданған келін ренжігенсіп, үйден кетіп қалады.

Сол кеткеннен үйге апта бойы келмейді. Үйдегілер оның қайда жүргенін білмей, дал болады. Тіпті, полиция бөлімшесіне, ата-анасына хабарлайды. Он күн дегенде отбасына оралған Сараның азып кеткені бірден байқалады. Үсті-басы лас, темекі мен арақ сасыған анадан тек үш жасар ұлы ғана жиіркенбейді.

Мойнынан құшақтап, «мамалап» жанынан екі елі ұзамайды. Енесі оңаша қалғанда келінінен осынша күн қайда болғанын, неге шала бүлініп жүргенін сұрайды. Сонда Сара: – Мама, маған ренжімеңіз. Мына балалар – өздеріңізге аманат. Мен біреуді жақсы көріп қалдым, енді соған кетемін… – дейді еш шімірікпестен.

Мұны естіген енесі есінен тана жаздайды. Қан қысымы көтеріліп, басы айналып жүре береді… Үйіне жұмыста жүрген ұлын, құдақұдағайы мен бөлек тұратын балаларын шақырады. Сол күні олардың үйінде үлкен жиналыс болады. Түрлі пікір, ақыл-кеңес айтылады.

Сара оның бәрін басына тоқып отырғандай көрінгенімен, есіл-дерті жаңа «пірінде» еді. Үйде үш-төрт күндей тыныш жүргендей болады да, бәрі ұйқыға кеткенде, сыпырылып шығып кетеді… Міне, содан бері аттай алты ай өткен. Қыдырымпаз келіншектің бұл қылығы отбасы мүшелерінің бәріне өз зардабын тигізбей қоймаған.

«Шетімізден ауру-сырқаумыз. Баламыздың басы қатты… Үш балапан тірі жетім… Мына өмірден көрер қызығымыз осы ма еді?! Қайда барарымды, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Біздің басымыздағы осы оқиғаны газеттеріңе жазыңдар. Басқа келіндерге сабақ болсын…» — деп егілді жасы жетпіске жақындаған Қайша ана.

ОШАҚ ОТЫ – ӨЗ ҚОЛЫҢДА

Ибалы келін, ақылды әйел – таптырмас байлық, қазына. Себебі, ол бір өзінің ғана емес, тұтастай алғанда, келген жерінің жағдайын ойлайды. «Артық сөйлемейінші, ерсі қылық жасамайыншы, қымбат киім сұрамайыншы…» деп, не нәрседен де өзін шектеп жүреді. Мұндай қасиет оның аса қарапайымдылығын, ақылдылығын, сабырлылығын көрсетеді.

Бұл турасында Мұхаммед пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Әйелдің берекелісі – шығынға жұмсайтын қаржыны азырақ талап ететіні» деген екен. Шынында да, барды шашып-төге берсе, мұхит суы да тартылып қалмай ма?! Сондықтан, әйелдердің неғұрлым берекелі, мейірімді болғаны ләзім. …Орнынан ілби көтерілген Қайша ене: – Қайтейін, келін қайтып келсе, қарсы аламыз ғой енді… – деді уһілеген күйі.

Лиза ШАЙХАШҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button