
«Айбын-2024»: индерліктер мен қызылқоғалықтар Алматыға жолдама алды
«Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының базасында «Айбын-2024» дәстүрлі облыстық әскери-патриоттық жиыны өтті. Іс-шараны Атырау облыстық білім беру басқармасының тәрбие орталығы мен «Сармат» мектеп-лицей-интернаты, Маңғыстау облысының білім беру басқармасына қарасты әскери-патриоттар мекемесі ұйымдастырды.

Жарысқа Атырау қаласы мен аудандарының 9 командасынан барлығы 140 ұл мен қыз қатысты.
Бағдарламаға сәйкес қатысушылар пневматикалық мылтықтан ату, күш жаттығулары, газқағар мен қорғаныс костюмін кию, АК-74 бөлшектеу және құрастыру, арқан тарту және 3000 және 1000 метр қашықтыққа жүгіру жұмыстарын орындады.

–Бұл жарыстардың мақсаты – әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды патриоттық сезімге баулу, әскери-қолданбалы спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттау, физикалық және әскери-қолданбалы дағдыларды жетілдіру. Жыл сайын іс-шараға өңірдің дарынды жастары қатысады. Олардың республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткені қуантады, барлық қатысушыға зор алғыс білдіргім келеді, — дейді «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы, «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Нұрлан Елеуов.

«Айбын-2024» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы бойынша І орынды Индер ауданының командасы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Қызылқоға командасы, ІІІ орынды Құрманғазының құрамасы иеленді. Жеңімпаздарға түрлі марапаттар, кубоктар, дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Айта кету керек, І және ІІ орын жеңімпаздары Алматы қаласындағы «Али» оқу полигоны базасында өтетін жарыстың республикалық кезеңіне жолдама алды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ