Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ай күнтізбесі адам тағдырына қалай әсер етеді?

Atr.kz/29 шілде, 2019 жыл. Қазақ халқы ежелден төрт түлік малды кәсіп қылғандықтан, ауа райының қабағын баққан. Содан да шығар, аспан әлеміндегі барлық жұлдыздарға ат қойып, айдар тағып, оларды түрлі аңыз-әфсанаға арқау еткен.

Мәселен, ханның қызына ғашық болып, аңдып жүрген жетіқарақшы жұлдыздар шоғыры жайлы аңызды кім білмейді дейсіз? Ханның қызын жетіқарақшыға бермей, алып қашып бара жатқан ақбоз ат пен көкбоз ат, түн ортасында жарқырап тұрған жұлдызға қарап, таң атады деп шығып кетіп, түнімен жүріп, адасып, астындағы есегі өлгені туралы аңызға арқау болған есекқырған…

Иә, аспан әлемін қазақ кәдімгідей бір қауым елге айналдырып алып, сол жайлы аңыз бен ертегі желісін ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырып отырған. Әлбетте, қазақта көктегі жұлдызға қарап, адам тағдырын болжайтын жұлдызнамашылар да аз болмаған.

Ай-жұлдыз арқылы ауа райын болжап, туар айдың шаруаға қолайлы немесе қолайсыз екенін тап басатын жандар қазір де жоқ емес.

Александр Дюма және жұлдызнама

Аты айдай әлемге әйгілі жазушының «Марго ханшайым» деп аталатын романын оқымаған жан кемде-кем. Осы айтулы туындының бір ерекшелігі, онда жұлдызнамашының жорамалына да орын берілген. Мария Антуанеттаға «Францияның ендігі билеушісі – граф Генрих Наварский» дегенде есінен танып қала жаздаған патшайым қалайда билікті өз балаларының қолында қалдыру үшін неше түрлі айлашарғыға баратыны естеріңізде ме?

Тіптен сиқырдың күшімен де граф Наварскийді өлтірмек болған оның бұл әрекетінен туған ұлдары жапа шегеді. Сол кездегі Франция каролі, тұңғыш ұлы Карл ХІІ уланып өледі. Ақырында Франция тағына Мария Антуанеттаның қызы Маргарита ханшайымға үйленген Генрих Наварский отырады. Осыдан-ақ, Еуропаның жұлдызнамаға сан ғасырлар бойы сенгенін білуге болады емес пе?!

Ай және адам

Тақырыбымызға кері оралайық. Ай күнтізбесінің адам тағдырына әсер ететінін ойдан шығарған біз емеспіз. Мыңдаған жылдар бойы астрология ғылымы дамып келді, қазір де даму үстінде. Айдың толуының, айдың кемуінің бізді қоршаған ортаға әсері айтарлықтай. Көптеген цунами, дауыл, тасқын, апаттар толған айдың уақытында болатынын ғылым әлдеқашан дәлелдеген.

Тіптен ай толған кезде автокөлік апатының көбейетіні де рас. Өйткені, ай жердегі суға қалай әсер етсе, адам баласына да солай әсер етеді.

Адам денесінің сексен пайызы судан тұратыны баршаға мәлім. Сол себепті, Айдың тууы, толуы, кемуі біздің әрекеттерімізге тікелей салқынын тигізеді.

Жаңа айдың тууы

Көк жүзінде орақ тәрізді иіліп туған жаңа айды көрген сәтте «Айды көрдім, аман көрдім. Баяғыдай заман көрдім. Ескі айда – есірке, жаңа айда – жарылқа!» деп күбірлеп қолын жайып, дұға оқып, бетін сипамайтын қазақ жоқ шығар. Содан кейін айдың қалай туғанына мән беріледі. Егер ай тікесінен туса «өзіне жайсыз, бізге жайлы» деп қуанатын қазақ шалқалап туған айды көргенде «өзіне жайлы болғанымен, бізге жайсыз туған екен» деп жататыны да рас.

Олай дейтіні, қыста тіке туған ай жылылықты, қолайлы ауа райын білдірсе, жазда қоңырсалқын, жанға жайлы жаз болатынын ескертеді. Ал, шалқасынан туса, қыс қатты, аязды, көктайғақ, жаз аптап ыстық, ылғалсыз қапырық болып өтеді.

Күнтізбе қалай жасалады?

Аспан әлемінде айдың кеміп, желініп барып, көк жүзінен жоғалып кететін уақыты болады. Ол – өліара. Астрология бойынша Гекат күндері. Өліара бір тәулікке созылады. Астрологтардың айтуынша, дәл осы кез – өте қауіпті. Өйткені, әлемді қараңғылық басып, Гекат ханшайымы барлық тізгінді өз қолына алады. Психикасы әлсіз адамдарда осы мезгілде өте жайсыз эмоциялық көңілкүй орын алады.

Тірліктен түңілу, күйзелу салдарынан суицидтер, қылмыс, адамдардың бір-бірін аямауы Гекат күндерінде болатын көрінеді.

Келесі күні жаңа туған ай жіп-жіңішке орақ тәрізді болып аспаннан әлсіз ғана көрінеді. Бұл – айдың екінші күні. Міне, осы кезеңнен бастап, ойыңызда жүрген жоспарларды жүзеге асыруды бастаңыз. Айдың басында қолға алынған іс міндетті түрде жақсы аяқталады. Осылай санап отырып, тоғызыншы күні тағы да сақтаныңыз. Қазақта да «соңғы тоғыз» деген ұғым бар.

Міне, сол ұғым айдың тоғызына дәл келеді. Бұл – өте сақтықты талап ететін күн. «Сақтансаң, сақтармын» деген қанатты сөзді еске алған дұрыс осы мезгілде. Бәрін сабырмен, төзіммен атқарыңыз. Осы күні жүйкеңіз ширығып, өзөзіңізден ашуланатын сәттер де болады. Бірақ, ашуға бой бермеңіз. Бір адамды көргенде ренішіңіз бой көтеретін болса, сол адаммен жолықпауға тырысыңыз. Өйткені, дәл айдың тоғызыншы күні басталған ұрыс-керіс сіздің болашағыңызға кері әсерін тигізеді. Одан кейінгі нашар күндер – он үшінші, он бесінші, он тоғызыншы, жиырма үшінші, жиырма алтыншы, жиырма тоғызыншы күндер.

Мәселен, он үшінші күн астрологиядағы жұмбақ сыры бар, тек астрологтарға ғана мәлім, өзге жұрт біле бермейтін он үшінші белгі «жыланұстаушыға» сәйкес келеді. Астрологтар бұл күннен қорқады және сақтанған дұрыс деп есептейді.

Күннің жағымсыз энергиясы жүйкені жұқартып, тағдыр талқысына түсіруі ғажап емес. Бұл күні ымырттан кейін қыдыруға, су бойына баруға болмайды. Ал, айдың он бесінші күні біреуден алғыс естуге тырыспаған абзал. Бұл күні мақтау естігенмен, одан кейін ісіңіз шатқаяқтап кері кетеді. Сондықтан, он бесінші күні бастықтардың көзіне түспей, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болсаңыз – өзіңізге пайда.

Сыйлық алмау керек. Біреу тарту жасаса, бас тартқан дұрыс. Он тоғызыншы күннің де өзіндік ауыртпалығы бар. Жиырма алтыншы күні жақындарыңыздың көңіліне қаяу түсіріп, ашуландырмаңыз. Бұл күні жүйкесі тозған, күйзелген адам ойға келмейтін небір қылықтарға баратыны астрологияда дәлелденген.

ҮРКЕР ШОҚЖҰЛДЫЗЫ

Қазақ дүниетанымындағы танымал шоқжұлдыздың бірі – үркер. Оны біреулер алты жұлдыз, біреулер жеті жұлдыз дейді. Үркер – көне түркілік атау. Оның шығу төркіні – халықтың ежелгі дүниетанымы. Ол туралы аңыз-әфсана молынан кездеседі. Жетіқарақшы мен үркер жұлдызы жайында кездесетін аңыздардың бірінде жетіқарақшы үркердің қызын алып қашады.

Содан үркіп қашқандықтан, жұлдыздар тобы үркер атанған екен. Жетіқарақшының жанында тығыла орналасқан бір жұлдыз бар. Ол – бағзы заман ертегісіндегі үркердің жетіқарақшы алып қашқан қызы.

− Үркер ағам қайда екен?

− Қыздарменен сайда екен.

− Сайда неғып жүр екен?

− Масақ теріп жүр екен.

− Көктен неге кетіпті?

− Көршісі өкпелетіпті.

− Көршісі оның кім екен?

− Шолпан деген қыз екен,- көкжиектен көрінбей кетіп, қырық күннен соң қайта туатын аталған жұлдыздың аспаннан көрінбей кеткен сәтін ақын Есенғали Раушанов балалар фольклорындағы үлгіні пайдалана отырып, осылай жырға қосқан. Әжесінің ертегісі түрінде баяндалған бұл желі лирикалық кейіпкердің сәбилік санасындағы түсінігі мен танымынан бастау алып, күрделі ойға ұласады.

− Сөйтсем, Үркер тақпақ боп Айға сырға, Көкке қайтып кетіпті жайғасуға. Шолпан кері айналды, Той тарқады, Дір-дір етіп мен тұрмын сай басында, — деген ақын шілденің шіліңгір ыстығының беті қайтуын, сүмбіле туып, су суып, үркердің қайта тууын өлеңмен суреттейді.

Үркердің түркіше ескі нұсқасы «үгір», «үкір», шоғыр», «үйір» сөздері болуы тиіс. Себебі, Үркер «Торпақ» шоқжұлдызының құрамындағы жыпырлап, бір-біріне жақын орналасқан бір топ жұлдыз шоғыры. Яғни, Үркердің ежелгі нұсқасы «бір үйір мал» деп түсіндіреді түрколог С.Е.Малов бұл жұлдыздың этимологиясын.

Үркердің өзіне тән ерекшілігі бар, ол көкке көтерілсе күн суытады, ал, төмендесе күн жылына бастайды.

Осы ерекшелігіне орай халықтың этномәдени дүниетанымында «үркерлі айдың бәрі қыс» деген түсінік қалыптасқан. Қазақ есепшілері үркер жұлдызының қозғалысына зер сала отырып, табиғаттағы өзгерістерге бақылау жасаған. Содан тілімізде осыған байланысты көптеген тіркестер сақталып қалған.

Мысалы, «үркер туса, таң ұзарады, үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, үркер тасқа түссе, шіліңгір ыстық болады, үркер көтерілсе, бидай бас тартады, үркер жерге түспей, жер қызбайды, үркер жерге түсерде қой қырқылады, үркер туса, сорпа қоюланады, қой семіреді, үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді, үркер батқанда таутеке тастан ұшады» деген сияқты ұғым-түсініктер ертедегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен когнитивтік санасындағы этномәдени дүниетанымын білдіреді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

One Comment

  1. Армысыздар. Өте танымды ақпарат. Алғыс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button