ҰЛАНҒАЙЫР ИГІЛІКТЕР БАСТАУЫ

Халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін қайтарған, игілік бастауы болған тәуелсіздік бар қазақтың жүрегінде жүрген армандарын жүзеге асырды. Ұлттық мәдени және рухани құндылықтарымыз ұлықталып, тіліміз бен дініміздің мәртебесі артты. Талай қиындықтармен күресе отырып, өз алдына жеке дамыған, экономикасы қалыптасқан, саяси-әлеуметтік хал-ахуалы жақсарған дербес мемлекетке айналды.

 

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге халқымыз жиырма жылдан астам уақыттың ішінде дүниежүзі елдерін таңдандырған жетістіктерге қол жеткізді. Ұлттық валютаның айналымға енуі, еліміздің бас шаһары Астана қаласының қысқа мерзімде салынып, көркеюі, ядролық полигондардың жабылып, АТОМ жобасының қабылдануы, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі, ел Президенттерінің басын қосқан Саммиттің, қысқы олимпиада ойындарының өткізілуі, ЭКСПО-17 көрмесін ұйымдастыруға дайындық, Еуразиялық Экономикалық Одақ құру туралы шешім қабылдау және тағы да басқа маңызды оқиғалар еліміздің халықаралық сахнадағы мәртебесі мен абыройын арттыра түсті.

«Біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз Тәуелсіздік жылдары өзгерістердің Ұлы жолынан өтті. Біріншіден, біз барлық қазақстандықтардың ортақ күш-жігерімен тарихымызда ешқашан болмаған жаңа мемлекеттің асқақ ғимаратын іргетасынан бастап көтердік. Екіншіден, Тәуелсіздік жылдары біз барлық азаматтарымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге қабілетті, тиімді экономиканың негізін қаладық. Үшіншіден, Қазақстан ХХІ ғасырда барлық континенттерде танымал болып және әлемнің аса ірі беделді халықаралық ұйымдарын басқарып, өзінің бүкіл тарихында ең жоғары халықаралық мәртебеге ие болды» деген Елбасы Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елінің жеткен жетістіктерін түйіндеп көрсетті.

Дүйсембек ҚҰЛЖАНОВ,

Атырау мұнай және газ институтының ректоры, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз