Жарнама
Жаңалықтар

«Аялы әже»: Атыраудан Маңғыстауға жол тартты

Әже ұлағаты, өнегесі, оның бойындағы тұнып тұрған салт-дәстүр жас ұрпақ үшін жазылмаған оқулық, тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі екендігі белгілі. Әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегін насихаттау мақсатында «Аялы әже» республикалық эстафетасын ұйымдастыру туралы бастама көтерілген еді.
Осы «Аялы әже» эстафетасы тарихы тереңде жатқан Түркістаннан бастау алып, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында болып, І облыстық әжелер форумында Атырау өңіріне тапсырылған болатын.
Облыстық тарихи өлкетану музейінде Республикалық ардагерлер кеңесінің «Аялы әже» эстафетасын Маңғыстау облысына тапсыруға арналған салтанатты жиыны өтті.

95f21c76 ff44 4bf9 b1be 9d9bf97cbb50

Жиынға көрнекті композитор, ҚР Еңбек ері Илья Жақанов, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, облыстық билер кеңесінің төрағасы Ақмырза Батырхайров, сондай-ақ әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кіріспе сөзбен ашып, облыстағы қала мен аудандық ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылған әжелер алқалары көптеген танымдық-тәрбиелік жұмыстарды жүргізуге елеулі ықпал етіп келе жатқандығын айтты.

2bb6ffcb 5f6b 4f0d b7a9 b73a03402396

– Бүгінде бір қалалық, жеті аудандық, 59 округтік әжелер алқалары құрылып, халықтың игі ұлттық құндылықтарын, ерекше әдет-ғұрыптары мен салттарын дәріптеп, жаңғыртып, жастарға рухани тәрбие беріп, отбасы мәдениет сақтауға белсене атсалысуда, — деді Мұрат Сақтайұлы.
Содан соң іс-шараға қатысқан құрметті қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, эстафетаның мән-маңызы, қадір-қасиеті туралы сөз өрбітті.
Іс-шараның ресми бөлігінде
республикалық «Аялы әже» эстафетасының мүсін — таңбасын Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов қабыл алып, ерекше қуанышты екенін айтты.
— Бүгін айрықша қуанышты сәт. Облыстағы тарихы терең музейге келіп мұндағы өлкенің ежелгі тарихы мен қазіргі тарихына куә болып жатырмыз. Атырау халқына зор алғысымды айтамын. Бұл іс-шара салт-дәстүрді жаңғыртып, аға буын ұрпақтың, оның ішінде әжелердің, аналардың өнегелі істерін жастарға насихаттауды көздейді, — деді С.Төлетов.

Содан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов маңғыстаулық әріптесіне естелік төсбелгі тақса, музей директоры Мұхамбетқали Кипиев музейдің тарихына арналған жаңа кітапты тарту етті.
Жиын барысында жергілікті өнерпаздар әуезді ән орындап, күмбірлеген күй шертіп жиналған көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Ізгілікке ұйытқы болған іс-шара соңында облыстық билер кеңесінің төрағасы Ақмырза Батырхайров жиынға қатысушыларға ақ батасын беріп, жүрекжарды тілегін жолдады.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button