Аға буын жас буынмен жүздесті
Тәуелсіздік — тек мемлекеттің дербестігіне жол ашқан тарихи күн емес, халқымыздың сан ғасырлық арманын жүзеге асырып, жаңа өмірге қадам басқан сәті. Баға жетпес байлығымыздың құндылығын жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында «Тәуелсіздіктің қадірін білу – отаншылдықтың белгісі» тақырыбында Атырау облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесі мен Ассамблея жастарының кездесуі өтті.
Атырау қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аталар кеңесінің төрағасы Бақтыбек Таубаев пен Әжелер кеңесінің төрайымы Айсұлу Омарова жастармен кездесуде ел тарихы мен мәдениетіне терең үңіліп, ұлттық құндылықтарды қадірлеудің маңыздылығын атап өтті. Олар жастарға ел тарихы, ана тілі, салт-дәстүрі, әдебиеті арқылы патриоттық тәрбиені ұстану қажеттігін жеткізіп, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру жолында ізгі ниет пен тағылымды ойлар айтты. Әсіресе, жастарға өз ата-бабаларының рухын ұлықтап, елдің ертеңіне деген жауапкершілікті сезінудің маңыздылығы ерекше айтылды.
– Тәуелсіздік талай кітапқа арқау болған, тарихқа алтын әріптермен жазылған жетістіктерге куә. Азат Қазақстанның әр қадамы – ыстық, әр асуы – аңыз! Ендеше, ынтымақ пен ырысқа жеткізетін ұлы күш – қазақстандық патриотизмнің арқасында бірлігі мен келісімін сақтап, алға адымдаған Қазақстан халқы төл тарихының жаңа да жарқын беттерімен толмақ. Мен бұған сенемін деді, — ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев.
Тоғжан ЕРМЕК