Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Әділеттің қазақы төбеті

Қазақы төбет иттің табиғатын танып, қадірін білген халқымыз итті ерекше бағалаған. Бұрынырақта үлкендерден қазақтың қай ауылына барса да төбет асырап отыратынын еститін едік. Ал, бүгінде қазақы төбеттің қатары сиреп, оны асырап-бағу кенжелеп тұрғаны рас.

Әсіресе, бұл төбет асырап отырғандарды арнайы іздеп, сұрастырған кезде байқалады. Табылғанның өзінде сынап-мінеп, іске алғысыз қылып жататындар да кездеседі.

Былтыр елімізде төбет ит тұқымдарының стандарты белгіленіп, толық сипаттамасы берілді. Стандарт бойынша таза тұқымды төбет иттің шоқтығының биіктігі – құйымшағының биіктігіне тең. Басының ұзындығы шоқтық биіктігінің кемінде 40 пайызын құрайды. Дене тұрқының ұзындығы шоқтық биіктігінен шамамен 10 пайызға асып түседі, бұған қарағанда төбеттер қаншық иттерге қарағанда біршама жинақы. Төбеттердің бойы шамамен 72-76 сантиметрге жетеді.

«Қазақтың қазынасы саналған иттің бұл тұқымы мүлдем жойылып кетті, қазіргілері өзгелермен будандастырылған түрі» дегенді де жиі естиміз. Осылайша, халық арасында таза қанды қазақы төбет туралы әңгіме көбейді.

Бұрындары кейбір зерттеушілер таза қанды қазақы төбеттің тұқымы елдің батысында, әсіресе Атырау, Маңғыстау өңірлерінде кездесетінін айтатын. Соған қарап, Жайықтың бойын жайлаған біздің өңірдің адамдары да бабадан мұра болып келе жатқан үй жануарын ерекше қадірлеген деп топшылауға болады.

Біз де ауызды құр шөппен сүртпей, бабалар мұрасын жаңғыртып, стандарттағы сипаттамаға сәйкес келетін төбет ит асырап отырған Әділет Байбоз есімді азаматпен жолыққан едік. «Жұлдыз» шағынауданында тұратын Әділеттің бұрын-соңды төбет асырау туралы ойы болмапты. Екі жыл бұрын Исатай ауданында жұмыс істеген әкесі сүйкімділігіне қызығып, үйге төбеттің күшігін әкеліпті. Қазір Веста деп атайтын сол төбеттің бойы 80 сантиметр, салмағы 60 келідей болады. Қасынан қарасаңыз, бойы адамның кіндік тұсынан келетін алып иттің дене тұрқы сұстылау көрінеді екен. Мойнындағы шынжырға әбден көндіккенге ұқсайды, иесінің бұрған бағытына қарай бұрылып, жайбарақат тұра береді.

– Менің итімді көрген кейбір адамдар бұл итті «иегі салбыраған, алабайға шатыс» деп жүр. Бірақ өзім төбет деп есептеймін. Себебі, енесі төбет. Күніне үш мезгіл тамақ ішеді, бір жақсысы тағам талғамайды. Тіпті кейбір ит алыстан естілген дауысқа қосылып, үретіні бар ғой. Мұның ондай әдетін байқамадық. Қашан да айналаға бажайлап зер сала қарап, бәрін қырағы көзімен бақылап тұрғандай көрінеді. Басқалар секілді аңға шығып, ит төбелестіріп көрмедім. Бастысы, Веста – үйдің сенімді күзетшісі. Қазір бұған әбден бауыр басып кеттік, — деді Әділет Жәнібекұлы.

Қазақтың қазынасына аса мән берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойғаны белгілі. Соған сүйенсек, тиісті құрылымдардың өкілдері, ғалымдар мен кинолог мамандардың атқарар жұмысы шаш-етектен.

Тағы бір маңызды міндет ретінде тазы мен төбет тұқымын халықаралық деңгейде таныту және насихаттау да басты орынға қойылды. Келешекте қазақы төбеттің абыройы асып, мәртебесі жоғарылайтын күн туарына да сенім кәміл.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button