Адам және азамат құқығы: ара-жігін ажыратып жүрміз бе?
Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің негізгі заңы бар. Біздің Ата Заңымыздың ең басты жетістіктерінің бірі – адам және азамат құқығын қорғаудың жан-жақты қамтылғандығы.
«Адам құқығы және азамат құқығы» тақырыбы 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай облыстық «Атырау» газеті редакциясы ұйымдастырған «дөңгелек үстелге» де арқау болды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, құқықтық сауаттылықты арттыру төңірегінде әңгіме өрбіген басқосуға облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов модераторлық етті. Ашық пікір алаңына «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының заң кеңесшісі Роман Мақсотов, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі бастығы Абай Қадыров, кәсіби медиатор Рысты Қалиева, адвокат Жанар Сүндетқалиева және философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан қатысты.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:
– Конституция – мемлекет пен қоғамның аса маңызды құқықтық негіздерін реттейтін басты заң. Бұл ауқымы кең ұғым. Алайда, көп жағдайда адамдар өз құқықтарын білмей, оны қажет кезінде қолдана алмай жатады. Сондықтан да, бұл жолғы «дөңгелек үстел» «адам құқығы» және «азамат құқығы» деген ұғымдардың ара-жігін саралай талдауға негізделіп отыр. Мәселен, егер адам қылмыс жасаса, оның азаматтық құқығын шектеуге болады. Бірақ, оның адамдық құқығын шектеуге, оның өміріне қиянат жасауға болмайды. Адам құқығы туралы жиі айтылғанмен, іс жүзінде басқаша жағдай орын алатыны да бар. Сонымен, «адам құқығы» және «азамат құқығы» дегеніміз не? Әңгімені алдымен осыдан бастасақ.
Өмірбек БЕКЕЖАН:
– Адам құқығын қорғайтын халықаралық көптеген құжаттар мен адам құқығының декларациясы бар. Халықаралық құжаттардың барлығында адамның туабітті еркіндігі, ерлер мен әйелдер теңдігі, адамның жеке басына қатысты нұқсан келтіруге, зорлық-зомбылық көрсетуге болмайтыны секілді құқықтары қорғалады. Бұл еуропалық құқықтық кеңістікте әу бастан қалыптасқан қағидалар, адамның базалық, яғни, негізгі құқықтары болып табылады. Бұлардың барлығы кейін «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» деген 1948 жылғы әлемге ортақ құқықтық құжатқа негіз болғаны белгілі. Кез келген діндік, нәсілдік, әлеуметтік, гендерлік, саяси алалаушылыққа қатысты мәселенің барлығын жалпы адам құқығына қатысты деп санаймыз. Адам құқығы ұғымы азамат ұғымынан кеңірек және адамның қай елде тұрып жатқанына қарамастан барлық адамға қатысты болып келеді. Сондықтан, ол – халықаралық құқықтық нормалармен бекітілген заңнамалық акт. Ал, азамат құқығы осы жағынан белгілі бір мемлекеттің құқықтық кеңістігімен шектелетін, сол елдің Конституциясы немесе басқа да құқықтық нормалармен нақты айқындалатын құқығы мен міндеттерінің заңнамалық жиынтығы. Қазіргі тенденция бойынша, әлемдегі елдердің негізгі заңдары біз санамалап өткен халықаралық құқықтық талаптарға сәйкес болуы қажет. Сондықтан, халықаралық заңдардың мәртебесі жоғары. Олар абсолюттік сипатқа ие. Жалпы, адам құқығы мен азамат құқығы тығыз байланысты, өзара ықпалды терминдер. Егер елде адамның азаматтық құқығы шектелсе, демек, оның адами құқығына да нұқсан келтірілді деген сөз. Бұл тоталитарлық немесе авторитарлық мемлекеттерде жиі кездесетін құбылыс. Бірақ, мынаны ескерген жөн. Әр елдің Конституциясында айқындалған адам мен азамат құқықтары бар, олар көп жағдайда халықаралық норма-ларға да толық сәйкес келеді. Бірақ, іс жүзінде кейбір жеке заңдардың күшімен немесе елдегі саяси себептермен адам құқықтарының бұзылу фактілері орын алып жатады. Қазір халықаралық деңгейде алаңдаушылық туғызып отырған осындай мәселелер әлі де жетерлік.
Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА:
– Кез келген мемлекеттің Конституциясы – ең басты заң. Соның негізінде басқа заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, құқықтық сала реттеліп отыр. Мұның барлығы да адамның құқығы мен бостандығын біліп, қорғауға бағытталған. Біз адвокаттық салада қызмет еткендіктен, «менің құқығым бұзылды, бұл шешіммен келіспеймін» деп көмек сұраушылар жиі кездесіп жатады.
Ата Заңымыздың екінші тарауында адам және азамат ұғымына кеңінен түсінік беріліп, осы заңдылық аясында оның мүмкіндіктері толығырақ баяндалады. Біз жиі қолданатын мынадай қанатты сөз бар. «Жаңа ғана өмірге келген нәрестенің де, қылмыскердің де өз құқығы бар, ол сақталуы тиіс». Демек, қоғамда ешбір адамды кемсітуге жол жоқ. Әр тұлғаның өмір сүруге құқығы бар. Адамның ғұмыры – ең құнды капитал. Сондықтан, оның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды. Тіпті, адам заңды бұзғанның өзінде сот шешімі шықпайынша оны ешкім «қылмыскер» деп атай алмайды.
Соңғы жылдары сот жүйесіне де көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Айталық, биылдан бастап жазасын өтегендерді қудалауға рұқсат жоқ. Кейбір жағдайларда сот шешімімен бірнеше жылға сотталғанмен, ісі қайта қаралып, ақталып шыққандар да кездеседі. Мәселен, аудандық соттың үкімімен ауыр қылмыс жасағаны үшін бес жылға сотталған азамат жазасын өтеп жатқанына бір жыл төрт ай уақыт болғанда бостандыққа шығарылды. Өйткені, сол кезде кейбір уәждер дұрыс қаралмай, ескерілмей қалған. Осындай жағдайлар да жиі орын алатыны жасырын емес. Енді бір жағдайларда құқық қорғау органы қызметкерлерінің өздерінің де қылмыс жасаған деректері бар.
Мәселені шешу мектептен басталса…
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:
– Ата Заңымыз бар, онда адам құқығы да, азаматтық құқық та толығымен қор-ғалатындығы атап көрсетілген. Алайда, сол құндылықтарымызды іс жүзінде пайдалануға келгенде тым енжармыз, белсенділігіміз төмен. Осы орайда қандай жұмыстар атқарылуы керек?
Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА:
– Менің ойымша, бізде насихат жұмыстары әлі де кемшіндеу. Әсіресе, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы газет, журнал, басылымдар, телехабарлар аз. Болғанның өзінде, көпшілігі заң «тілінде» ғана жазылады. Ал, оны екінің бірі түсіне бермейді. Міне, содан барып, түсініспеу-шіліктер пайда болады. Өкінішке орай, бізде күдікті жағдай болса, мәселенің мәнісін анықтағаннан гөрі, істі «жауып» тастауға асығатындар бар. Сайып келгенде, мұның барлығы заңды, өз құқығын толық білмегендіктен жасалынады. Кейбіреулер шетелге шыққанда құқығы қалай қорғалатындығынан мүлде бейхабар.
Құқықтық сауаттандыруды мектеп қабырғасынан бастау қажет деп санаймын. «Азаматтық құқық негіздері» бастауыш сыныпта болмағанымен, жоғары сыныптарда арнайы пән ретінде енгізіліп, оқытылуы тиіс. Және нормативтік-құқықтық актілерге түсінік берілген брошюралар көптеп шығарылса, тиімді болары сөзсіз. Халыққа қызмет көрсету орталығында кезегін күткен тұрғындар да одан біраз мәлімет алар еді.
Өмірбек БЕКЕЖАН:
– Мәселен, азаматтық құқыққа қатысты айтар болсақ, адам барған елдің ең болмаса базалық құқықтық талаптарын білуі қажет. Әр елдің заңы басқа болатыны ежелден келе жатқан ақиқат, бірақ, қай жерге барса да халықаралық құқық нормалары бар, солар сақталуы керек. Әрине, ол елдің азаматтарымен салыстырғанда тиісті шектеулер болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, өз елі оны азаматы ретінде қай жерде жүрсе де қорғауы қажет екендігі белгілі. Ал, нағыз қажеттілік туса көптеген халықаралық қорғау ұйымдарына жүгіне алады. Яғни, барлық мәселе адамның өзіне байланысты.
Рысты ҚАЛИЕВА:
– Бізде қазір арнайы білімі мен тәжірибесі бар мамандар көп. Олар өз құқығын қорғаумен қатар, азаматтық, құқықтық кодекстерді жақсы біледі. Білімнің негізгі кірпіші «алтын ұяда» қаланады ғой. Сондықтан, мектептегі тәрбиеге мән беру керек.
Бізде қалай? Көп реттерде «құқық негіздерін» заңгерлер емес, тарих пәнінің мұғалімдері жүргізеді. Олар заңдылықтардың шығу, пайда болу тарихына тоқталар, бірақ, қолданыстағы кодекс, нормативтік актілерді толық біле бермейді. Оны өз тәжірибемнен байқаймын. Мәселен, кейбір жағдайларды үйде айтып отырғанда, балалар бірден «қағып» алып отырады. Сосын, мектепте де «құқық негіздерінен» тарих пәнінің мұғалімі сабақ беретінін, оның да тамыры бөлек пәнді аса қызығушылықпен өткізбейтінін айтады. Менің пікірімше, мектептен түлеп ұшқан түлек 1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен қабылданған адам құқықтарының жалпыға бірдей «декларациясын» білгені жөн. Біздің Ата заңымыз да осыдан бастау алатынын ұмытпағаны абзал.
Роман МАҚСОТОВ:
– Қоғамда қалыптасқан картина адамдардың құқықтық, заңдылық біліктілігінің әлі де болса аз екендігін көрсетіп отыр. Насихаттау, үгіттеу мәселесінің барлығы, ең алдымен құқықтық мәдениет қалыптастыруға келіп тіреледі.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында қоғамдық қабылдау бөлімшесі жұмыс жасайды. Өмірдің әр саласында әртүрлі жағдайлар туындайды, сол мезгілде адамдар өз құқығын жеткілікті білмейтіндіктен, қандай да бір әрекет жасау үшін партияға келіп жүгініп жатады. Арыз-шағымдарын өздері әкеледі немесе электронды түрде жібереді. Жыл басынан бастап тұрғындар тарапынан 2097 өтініш келіп түскен екен. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелер, пәтер және жер телімін алу, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне арналған. Партия заңгерлік ақысыз көмек көрсету бағытын ұстанып, құқық қорғау органдары өкілдері азаматтарға заңдылық тұрғыдан кеңес беріп, шешім қабылдау мақсатымен қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Арнайы жасақ-талған кесте бойынша мекеме басшылары, депутаттар, адвокаттар мен заңгерлер қатысады. Олар қоғамдық қабылдау ке-зінде жыл басынан бері 1668 азаматтың мәселесінің шешілуіне ықпал етіп, құқықтық кеңестер берген.
Абай ҚАДЫРОВ:
– Соңғы жылдары заңға енгізілген өзгерістер құқық қорғау саласына тың серпін алып келді. Атап айтсақ, қазір тергеу бөлімдері әйнек терезелермен жабдықталған. Яғни, күдіктіден жауап алу кезінде, ата-ана әйнек терезе артынан бақылау жасай алады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды ұстау мерзімі де қысқартылды. Ал, биыл шілде айында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы гуманизациялауға бағытталған арнайы заң күшіне енді. Соның шеңберінде елімізде бес мың, Атырауда 240 сотталушы амнистияға ілікті.
Елімізде маңызды құжаттың бірі – Ата Заңымыз болса, сот жүйесі алдында бәріміз теңбіз. Жазасын өтеу орнындағы адам біраз дүниеден шектеледі, яғни, ата-анасы, туған-туыстарымен қалаған уақытында жүздесе алмайды. Егер сот шешімі күшіне енбеген жағдайда қалаған уақытында кездесіп, сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар. Әр нәрсе заң аясында ретке келтіріледі. Бірақ, өз құқығымызды пайдалануда енжарлық танытатынымыз жасырын емес.
Қазір заман талабы өзгерді, жағдай бұрынғыдай емес. Қысымшылыққа жол жоқ. Мемлекет басшысының «100 нақ-ты қадам» Ұлт жоспарының отызыншы қадамы сотталғандармен жұмысқа бағытталған. Мәселен, түрмеге отырғандардың бостандыққа шығуына бір жыл уақыт қалғанда оларды дайындау шаралары басталады. Бұл ретте «Қақпа алдындағы жүздесу» акциясының тиімділігін атап өткен жөн. Айталық, ағымдағы жылдың жеті айында 1536 тұлғаға пробациялық бақылау белгіленген. 1771 жанға қосымша жеке бағдарлама толтырылып, жергілікті атқару органдарына жолданды.
Құқықтық сауаттылықты қалай арттырамыз?
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:
– Демек, азаматтық құқық Адам құқығы жөніндегі декларациядан шығады. Ең бірінші, адам ретінде құқығы сақталу керек. Ал, азаматтық құқық конституциялық заңдарға сәйкес әр мемлекетте әртүрлі болуы мүмкін. Бүгінде ақпараттың, ғаламтордың дамыған уақыты бола тұра өкінішке орай, азаматтарымыздың өз құқықтарын білуі, заңды меңгеру деңгейі әлі де болса төмен. Осыған байланысты қандай ұсыныстар айтар едіңіздер? Азаматтардың құқықтық деңгейін көтеру үшін не істеуіміз керек?
Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА:
– Қазіргі таңда флешмоб, марафон секілді акция, насихаттық шаралар белсенділікпен өткізіле бастады. Меніңше, мұндай басқосу, кездесулерді мерекеде ғана емес, жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырса оның да нәтижесі болар еді. Мысалы, «Өз құқығыңды білесің бе?» деген тақырыпта марафон немесе кең көлемді шара өтсе, оған халық көп жиналатыны белгілі.
Өмірбек БЕКЕЖАН:
– Сауаттылық мәселесіне көңіл бөлген жөн. Адамдар көп жағдайда қарапайым дүниелерді білмей жатады. Соның салдарынан құқық бұзылады. Бұл жерде құқықтық нигилизм де, сауатсыздық та, сенімсіздік те бар. Сол себепті, ең алдымен адамдардың өз құқықтарының сақталуына деген сенімін қалыптастыру қажет. Ал, ол үшін құқық қорғау органдары жүйелі түрде жұмыс жасауы керек. Әйтпесе, құқық қорғайтын арнайы органдар бола тұра, азаматтардың, әкімшілікке, партия ұйымдарына немесе бұқаралық ақпарат құралдарына арызданып баратыны түсініксіз. Сондықтан да, құқықтық сауаттандыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Құқықтық мемлекет, заңның басымдылығы жөнінде көп айтамыз, бірақ, қоғамдық санада құқықтық сана мен діни сана, заң мен кейбір дәстүр арасындағы қайшылықты байқауға болады. Демек, «бәрі де заң жүзінде болуы қажет» қағидасы әлі де айқын емес.
Роман МАҚСОТОВ:
– Азаматтар құқығы бар екенін біледі де, ал, оны қалай пайдалану керектігін білмейді. Сондықтан, әр адам өзінің құқықтық сауаттылығын арттыруға назар аударса деймін.
Рысты ҚАЛИЕВА:
– Қос тарапты татуластырып, бітімгершілікке шақыру жолында медиация жүйесі қолданысқа енді. Дау-дамай туындаған жағдайда мәселені сотқа жүгінбей-ақ келісімге келу арқылы шешу тәжірибесінің болғаны тарихтан да белгілі. «Тура биде туған жоқ» демекші, кикілжіңдерде билердің кеңесіне жүгіну тәжірибесі қазақ қоғамында өзінің нәтижесін берді. Сол жүйенің қазіргі қоғамда қайта жанданғаны қуантады.
Қазіргі таңда меморандум аясында тергеушілермен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Алқабилер кеңесін құру бағытындағы шараларымызда да ілгерілеу бар. Болашақта бұл жүйенің өміршеңдігін көрсететініне сенемін.
Жыл басынан бері аймақта 116 іс сотқа дейінгі медиациялық келісіммен шешімін тапқан. Оның ішінде 97-сі азаматтық, 19-ы қылмыстық дау болып отыр. Асылында, азамат құқығы қашан да мемлекет қорғалуында болады. Ал, адам құқығы мемлекет қатынасынан тыс, тәуелсіз өмір сүреді. Себебі, дүниеге келген сәттен бастап әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Осыны түсініп алсақ екен деймін.
Айбөпе САБЫРОВА, Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
Суреттерді түсірген: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.