Адам терісінен жасалған кітап

1517399853 snimok 173 Жаңалықтар

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, осындай кітаптар XVI-XVII ғасырларда шығарылған екен.

АҚШ ғалымдары 2014 жылы Гарвард университетінің кітапханасында сақталған XIX ғасыр жазушысы Арсен Хуссайеның «Des destinees de l’ame» деп аталатын кітабын зерттеп, оның адам терісінен жасалғанын анықтаған еді. Енді «сондай сирек кітаптың бірі Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталуда» десек ше? Елді елең еткізген бұл деректі Tengrinews.kz тілшісіне аталған кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар секторының меңгерушісі Дариға Дәуренбекова мәлімдеді.

Бұл кітаптың адам терісінен жасалғаны даусыз. Ал, мамандар оны антропометрикалық қаптау деп те түсіндіреді. Сирек кездесетін кітапта 330 бет бар, баспадан 1532 жылы шығыпты. Мәтіні ескі латын графикасымен таңбаланыпты. Кітапты жеке коллекционер кітапханаға 2014 жылы сыйға тартыпты.

Мамандар «ерекше кітап Еуропадан жеткізілді» деген болжам жасап отыр. Ұлттық ғылыми-медициналық орталығының патоморфология зертханасындағы зерттеу барысында кітаптың адам терісінен жасалғаны нақтыланыпты. «Мұқаба материалының 0,5 миллиметр бөліктері электронмикроскоп желісі режимінде эпоксид смоласына қойылды. Түк фолликулдерінің аздығы адам терісі екенін дәлелдеді.

Себебі, жануарларда түк өте тығыз орналасады» дейді Дариға Дәуренбекова. Кітапхана мамандары кітап мазмұнын оқуды ұйымдастырып отыр. Алайда, бұған елімізде ескі латын графикасын оқи алатын маманның тапшылығы қолбайлау болатын секілді. Сол себептен, Париждегі Мәтін тарихын зерттеу институтының ортағасырлық қолжазбалар мен тұңғыш баспа кітаптарын зерттеуге маманданған сарапшылары тартылыпты.

Дариға Дәуренбекованың айтуынша, отандық мамандар Қазақстанның Франциядағы елшілігі арқылы аталған институттың жетекші ғалымы, медиевист Доминикан Пуарельмен байланыс орнатыпты. Шетелдік маман алғашқы 16 бетті оқып, онда ақша, несие және салық жайлы жазылғанын айтқан екен.

Сондай-ақ, ресейлік сарапшылармен де келіссөз жүргізіліпті. Ресейдегі мәтінтанушы Илья Аникьев қолжазбаның бірінші тарауының электронды нұсқасынан оқып, бұл Петрус Пуардус деген ер адамның 1532 жылғы нотариалдық жазбасы екеніне тоқталыпты. Ал, Петрус Пуардус Солтүстік Италияның Мондови қаласында нотариус болған екен. Жазбаны сол кезде жазғанға ұқсайды. Енді осынау сирек кездесетін кітаптың қағазына да зерттеу жүргізу жос- парланып отыр.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз