Жарнама
Жаңалықтар

«Аңыздан шыға келген бір арғымақ…»

Бақыт Сарбалаұлы,

әдебиет сыншысы:

Жақында менің қолыма қаламгер Самат Ибраимнің «Ататоры» деп аталатын жаңа прозалық жинағы түсті. Біз әдетте жарық көрген жылына қарап кітаптарды жаңа деп қабылдағанымызбен, іс жүзінде ол ескі ме, шынында да жаңа ма, бұл – жеке мәселе. Себебі жазушы тақырыбын түбегейлі игере алмаса, өз көзімен көріп, жан аямай тер төгіп, тек өзінше – бөлекше жаза алмаса, өзгелердің көлеңкесінде қалып қайталауға ұрынса, онда еткен еңбегі зая. Онда әдеби жаңа дүние де жоқ. Ал, жоқ туралы бар деп бірдеңе жазу, әсіресе, «жаңа, жақсы дүние өмірге келіпті» деп мақтап жазу ұят екенін, өтірік екенін айтпағанда, осы олқылық сәтсіздігін автордың түсінбеуі – әдебиет үшін қасірет болса, пікірші-сыншының мұндай ақиқаттан аттауға, алдауға баруы  әлеумет-қоғам үшін масқара болып табылады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта халыққа қиянат жасау, саудагерлік, туған әдебиетімізді құла тасқынмен былғау етіміз үйренген қоғамдық құбылысқа айналып отыр. Демек, жаңадан жарық көріп жатқан әдеби туындыларға қойылатын ең бірінші және басты талап – бұлардың жаңа, жаңалық болуы десек өте орынды.

Сонымен…

Саматтың  кітапашар «Құспан қыстауы» әңгімесі несімен жаңа, қандай сипаттарымен басқалардан бөлекше?

Біріншіден, ол нысана етіп сипаттаған өңірдің табиғатының төл ерекшелігімен, мәселен, өз басым сулы өңірлермен, таулы өлке, жусанды жазық дала табиғатымен бұрыннан жақсы таныспын. Ал, мынадай ұлан-ғайыр құмды аймақпен, Нарын құмы, Бекетай, Айбас құмды елді мекендерімен алғаш жүздескенімде қанағаттандым. Иә, атақты Исатай батыр, Махамбет жырау жүрген жерлер. Ал, Айбас Самат Ибраим бедерлеуімен танымал болып отыр.

Міне, сол Айбас. «Жел ыңғайына жығылған құм құдық дересін де баса бастапты. Күш-қуатының барында құм маған бағынатын, енді мен оған мойынсұнатын болдым-ау деп ойлады. Баяғыда құдықтың дересін белуардан келтіріп соғатын. Кірпіштен қалағандай жылмиып тұратын дереге кім де болса таңданушы еді. Мұндай дереге құм да жоламайтын. Құм адамдары құдықтың айналасына ішінен шыққан топырақты айнала үйіп жасаған қорғанды «дере» деп атайды және оның қалай соғылғанына қарап құдық иесінің кім екенін бағалайды, оның қандай адам екенін бірден біледі. Құдықты таза ұстауға аса мән беретін бұл қарт жырылып, жапырылған дереге қарап күрсінді, құдық түгіл, қазір қыстауын да құм басып жатыр… Міне, айдалада ала құмның ішінде жалғыз үй болып отыр. Ауылдық кеңестің төрағасы жазда шопандарды аралап жүріп Ұлы Отан соғысының ардагері Құспанға арнайы келгені бар, кеңшар орталығына көшуді ұсынды, бірақ ол келіспеді. Бір жыл болса да осы Айбаста отыра тұрайын деп ойлады. Былтыр немере інісінің баласы Хасан орталыққа көшіріп әкетейін дегенде көнбей қалған…»

Құспан кемпірімен екеуі ғана. Екі ұлы да Отан соғысынан оралмаған. Жастары сексенге ілінді. Қос түйе, азын-аулақ уақ малды бағу да, суару да – үлкен  күш. Сонда да туған жері Айбастағы қыстауынан көшпей отыр.

Мұнда не сыр бар?! Әрине,  адамды басқа жаққа жібермейтін – өсіп-өнген топыраққа деген ұлы махаббат… Оның үстіне өз кіндіктерінен өрген шаңыраққа ие ұл, шулап жүрген немерелер-шөберелер  болмаған соң, туған топырақтан асқан сүйері де, сенерлері де жоқ екі қарт Айбасты тіпті қимайды. Тек әл-дәрмен азайды, әйтпесе осы жерде көз жұмып, дамылдап жатуға қарсы емес-ау бұлар. Ғасырлар бойы еуропалықтар  қазақтарды  «көшпелі, малдың ізіне еріп қоныс аудара берген, кең далада қаңғырып жүрген» деп келді. Надандықтан басқа түк емес. Өйткені, ақиқат керісінше. Ата-бабасы жатқан бейіттері мен туған жері – топырақ бесігін қазақтай аялайтын, оларға қазақтай қарайлайтын халық жер бетінде тым сирек емес пе?! 

Жалпы, арнайы айтылмаса да Самат Ибраим жинағындағы ерекше де терең суреттелген жәйт, оқырман жүрегін жаулап-баурап алар ыстық сезім – осы туып-өскен жерге деген нәзік те нар махаббат. Бұл оның қайсыбір туындысын алсаңыз да жүректен шығып, алтын арқау болып өріліп жатыр. Самат Ибраим кейіпкерлері үшін туған құмнан, өскен бел-белестен, қолат-қойнаудан қымбат, қастерлі, қасиетті жер жоқ сондықтан да.

Алайда,  қазақ бауырмалдылығы, ағайыншылдығы, жақынын далаға  тастамауы да – осы туған өңірге деген  махаббаттан бір кем емес. Немере інісінің  баласы Хасан арнайы машинамен көшіріп әкетуге тағы келген соң, Құспан қарт пен Күләй кемпір қиналса да, бұл жолы қоныс жаңартуға келісті.

Сонымен, әбден бауыр басқан қара қыстаулары қалып барады. Қазақтың әдетінше, жұртын тап-тұйнақтай ғып жинап кетті, мәңгі қоштасар жұрттары емес, қайта оралар мекендері секілді.

– Құспанның енді үйі жоқ, тек қыстауы бар, бұл да қашанғы тұрар дейсің, – деді шал қоштасарда.

Күләй кемпір үнсіз жылады. Тағдыр. Құдайдың басқа салғанына қалай көнбейді. Хасан да, келіні де жақсы қарсы алды, екеуін төрт бөлмелі үйлерінің Ауғанстанда әскерде жүрген ұлдары Ескендірге тиесілі бөлмесіне тұрғызған, өз бала-келіндеріндей күтті.  Десек те, өмірдің аты өмір ғой.  Аман-сау келсе, жеке үй салып  бермекші ұлдары табытпен оралып, бұл қайғыны Хасан  көтере алмады. Араққа салынып кеткені аздай, «Қадамдарың құтсыз болды, келе салып баламды жалмадыңдар», – деп бұларға тиісуді шығарды.

Туған бала болса бұлай демес еді, бөтендік деген осы. Ертесінде  кешірім сұрағанмен, қайта арақ ішкен Хасан тағы әдетіне  басады. Қалған көңіл – шыққан жан екенін байыптамайды. Құспан қарт пен Күләй кемпірге бұдан өткен сор, ор бар ма?

Шал мен кемпір амалсыздықтан  тығырықтан шығар жол іздеп, Құспанның ардагерлігі  көмектесіп,  бұларға екі бөлмелі үй беріледі. Хасан «өкпелетіп алдым, әкемнің туған бауырын сыйыстырмай, абыройсыз  қалатын болдым» деп сасқанмен қарт Құспан оны да бұл қиындықтан құтқарып, ақылдылық танытты.

– Қарағым, Хасанжан, саған өкпеміз жоқ. Жаның ашып бізді көшіріп алдың, соныңа рахмет, бұл екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ал, бізге ардагерлер деп  пәтер беріп жатыр екен, несі бар, жеке тұрып көрейік; үй арасы жақын, келін екеуің көмектесіп, қонуға, қолғабыс етуге балаларыңды жіберіп тұрарсыңдар, өздері бізге бауыр басып қалды. 

Хасан қуанып кетті, атасының даналығына бас иді.

Есімізге түсірсек, Құспан қарт ауылға көшкенде енді Құспанның үйі жоқ деп еді. Ол қайтадан үйлі болды. Хасанның үйінде тұрғанда ыңғайсызданып бара алмай жүрген жұрт – майдангер достары, құмдағы бұрынғы көршілері, алыс-жақын ағайын  да жаңа үйге келе бастады.

Құспан қарттың бастан кешкендері әдебиетімізде бұрын жазылмаған жаңа өмір көріністері  болса, Құспан қарттың өзі – жаңа кейіпкер, соны характер, өмірден өнерге енген таныс-бейтаныс тұлға дей аламыз.  Осындай тыңнан ашылған тағдыр, қилы да қызық жаңа кейіпкерлерге «Ғұмырлық сағыныш» әңгімесіндегі Қызыл кеңестің надан да сорақы, тайыз да тағы  тәртібінің жазықсыз құрбанына айналған, әкесі кәмпескеленіп, шешесі аштық пен аурудан өлген, жетімханада өсіп, отыз жылдан кейін бірін-бірі әрең тапқан Марфуға мен  Жұмагүлді де жатқызуға болады. Осындай жаңалықты  сан түрлі ғұмыр кешіп, өмір өткелдерінен өткен халқымыз өкілдері бойындағы даралық пен даналықты, кексе кісілер мен жалынды жастарға тән мархаббат пен махаббатты, жақсылық пен жамандық шарпысуын, бақыт пен қайғыны, қиын да тағылымды адамдар тағдырларымен таныстыруды, жаңа тұлғалармен табыстыруды Самат Ибраимның қалған дүниелері  мен көлемді «Құм баласының күнделігінен» де көреміз.

Иә, Самат Ибраимның қайсыбір әңгімесінің де мазмұндық жағынан да, мағыналық-тәлімдік тұрғысынан да төл ерекшелігі бар. «Жалғыз жаяу» – нақ осының көрінісі. Сары Құбаш – қиын да қасіретті тағдыр иесі. Өнерлі жан өмірдің ауыр соққысына ұшырап, соқа басы қалған соң тынбай ел аралайды. Тек жаяу жүреді. Бір үйге екі қонбайды. Өте таза, сыпа, кіді. Текті. Аңғарсақ, оны  аман-есен сақтап жүрген – туған құм  өңірінің құшағы. Оны мерт еткен – жалғыздық та, құм қойнауында сусыз талықсып, сансырап қалу да емес, Нарын құмының  құтын қашырып жатқан  атом сынағы, Алаш баласына түскен алапат сынақ.

(Жалғасы бар).

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button