Кальяннан келер кесел көп

107587230 3256587 kalyan v domashnih ysloviyah Жаңалықтар

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. …Ол будақтай шыққан түтінге тұншыққанына қарамастан, жанындағылармен бірге әзіл-әңгімесін жалғастыра берді. Кальянға аса қызығушылық таныта қоймағанмен, достарының «дәмін татып көрші» дегенінен бірден бас тартуға ыңғайсызданып, «ұсынысты» құп көрді. Арақ-шарап түгілі темекі тартпаған оны хош иіс бірден баурап алды.

Сөйтіп, біз тілдескен Ержан есімді қала тұрғыны өзінің кальянға қалай тәуелді болып алғанын да аңғармай қалды. Тіпті, күйбең тіршілікті бір сәт ұмыту үшін соңғы кездері ойын-сауық орындарына жиірек бас сұғатын болды.

Иә, қоғамда кейіпкеріміз секілді кальянды алғаш рет пайдаланып, кейін оның «тұсауына» қалай түскенін байқамай қалып жүрген өрімдей жас жігіттеріміз бен қыздарымыз аз емес. Әсіресе, жасөспірім шақтанақ хош иісті түтінге «байланып» қалғанын көрген кезде көңілің құлазиды. Тіпті, мұны қалыпты құбылысқа санайтынын қайтерсіз?

Бәрінен бұрын, оған әбден дағдыланып алғандар хош иістің ерекше бір сезімге бөлеп, шаршағанды басатын «қасиеті» бар екендігін айтатыны тағы бар. Бірақ, оның жас ағзаны улап, өз болашағының тамырына балта шауып жатқанын біле ме екен?

Сонымен, кальян қашан және қалай пайда болған деген сауалға жауап таппақ мақсатта бірнеше жаспен әңгімелесіп көрген едік. Олардың басым бөлігі шығу тарихынан хабарсыз болғанмен, адамдардың санасын ерте кезден-ақ жаулап алғанын айтады. Жылдар өте келе оның танымалдылығы артып, түнгі клубтар мен кафе-барлардың «сәніне» айналды.

Жұртшылық арасында сұранысқа ие болғандықтан, облыс орталығында кальян тартуға арналған орындар қатары көбейді. Тұңғыш рет Үндістанда пайда болып, мұсылман елдеріне тараған оның атауы да әр мемлекетте әртүрлі екен.

Мәселен, Түркия, Грекия, Әзербайжан, Ирак, Ливан, Израильде мұны «наргила», «шиша», «аргила» деп атайтын көрінеді. «Наргила» деген парсы сөзі «кокос» деген мағынаны білдірсе, алғаш рет кальянды кокос жаңғағының қабығынан кесіп алған деген болжамдар бар. Ал, Албания, Босния, Грекияда «лула» аталады. Румын тілінде бұл «түтік» дегенді білдіреді. Иранда «кальян» дейді, қайнау, бұрқылдау мағынасын береді. Бұл атау Ресей, Украина және Белоруссияда қолданылады.

Шын мәнінде, кальян (парсыша – ghalyân, ghalyun) – жұтатын түтінді сүзгіден өткізіп, салқындатып отыратын, шегуге арналған құрал. Бұрынырақта оны жасауда мыс, жез және қорытпаларды қолданатын болған.

Ал, қазір олардың орнына тот баспайтын болатты пайдаланады. Икемді түтік терілердің орнын алмастырып, сымдардың орнына силикон резеңкелер пайдаланыла бастады. Жаңа материалдар кальянды ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, оны тартқан кездегі жағымсыз иістер сезілмейді.

Осылайша, тамырын тереңнен алған кальян біздің қоғамға да дендеп еніп алды. Қазір кальян – көңіл көтерудің, жан тыныштығын сақтаудың «жақсы жолы». Десек те, оның қаншалықты зиянды екеніне көпшілігіміз мән бермейтініміз ақиқат. Ең алдымен, кальянды бірнеше адам болып тартады, яғни, мундштук деп аталатын түтігін бірнеше адам пайдаланады. Демек, бұл арада гигиена туралы айтудың өзі артық.

Ауа тамшылары, сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сынды сырқаттардың жұғуына ықпал етеді. Бір сәт ойланып көрелікші, бұған дейін қаншама адам түтікшені тұтынды және әлде де қанша жан ондағы түтінді ішке жұтады? Бұл – бір. Екіншіден, кальянға арналған табактың сыртында никотиннің болуы.

Рас, елімізде кальян есірткілік препараттар қатарына жатпайтындықтан, оған рұқсат берілген. Алайда, дәрігерлер оның түтінінің өзі денсаулыққа зиян екенін жасырмайды. «Облыстық психиатриялық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК директорының орынбасары Берік Әлиевтың айтуынша, хош иісті түтіннің адамның ағзасын әлсірететін әсері бар.

− Шығыс елдерінде пайда болған кальян неше түрлі қосындылардан дайындалады. Сондықтан, көбінесе оның зияны жоқ деп айтады. Шын мәнінде, ол жиі, әрі тұрақты қолданған жанның өкпесіне, жүйке жүйесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Оның үстіне, мұны жастар спирттік ішімдікпен бірге пайдаланады. Кальянға арналған табактың сыртында әдетте, 0,5 пайыз никотин және 0 пайыз смол бар деп жазылады, – деген ол табактың қандай түрін алып қарасақ та, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болатынына тоқталды.

Ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін адамға 20-80 минут кальян тартуға тура келеді. Тәжірибелі маманның түсіндіруінше, оны бір сағат тартқан адам бір темекі тартқан кездегіден 100200 есе артық түтін жұтады. Сондай-ақ, оның өкпесіне, никотин мен зиянды заттардың аз болғанына қарамастан, тұншықтырғыш газ көп мөлшерде түседі. Ал, 45 минут бойы кальян шеккен жан оны бір қорап шылым тартқан адамнан көбірек жұтады. Оны тарту кезінде күш жұмсауға тура келгендіктен, түтін өкпенің терең тұстарына жетеді.

– Табактың аты – табак. Түптің түбінде бұл тәуелділікке апаруы мүмкін. Сондай-ақ, түтінге қандай қосындылар қосылып жатқаны да беймәлім, – дейді ол.

Соңғы жылдары американдық ғалымдар да кальянның зияндығын дәлелдеген. Әлемдік тәжірибеде Еуропа мемлекеттері кальянға қатысты бір бағытты ұстанып отыр. Мысалы, Англияда қоғамдық орындарда шылым тартуға және кальян шегуге 2007 жылы тыйым салынған. Бұл тәртіпке бағынбағандар айыппұл төлейді. Францияда мұндай тәртіп 2007 жылы, ал, Эстония мен Финляндияда 2008 жылы күшіне енген.

Сондай-ақ, Бельгия, Кипр, Литва, Испания, Словения сынды елдерде белгілі бір қонақүйлер мен мейрамханаларда кальян тартуға тыйым салынған. Біздің елде қоғамдық орындарда темекі тартуға шектеу қойылды. Десек те, заңда «кальянға арналған табак» деген жолдардың болмауы оның дәуренін жүргізуге ықпал етті. Ал, оған тыйым салу туралы мәселені қоғамдық ұйымдар бірнеше мәрте көтергенмен, нәтиже болмай отыр.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, еліміздегі заңдылықтарға сәйкес бизнес нысандарын тексеруге рұқсат жоқ. Тек жасөспірімдердің беймезгіл уақытта қоғамдық орындарда жүруіне байланысты арнайы шаралар өткізіліп тұрады. Сол кезде балалардың ойын клубтарында жиірек болатындығы анықталған. «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиевтің айтуынша, шығыс елдерінде кальян ислам дінінен бұрын пайда болған. Құранда шошқаның еті мен арақтың харам екендігі айтылады.

– Харам нәрселердің қосындысынан жасалатын шарап, сыра секілді алкогольдік өнімдердің адал еместігі белгілі. Сол сияқты темекі құрамындағы никотин қосылатын кальян да харам деуге толық негіз бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кез келген мас қылатын заттың бір тамшысы да харам» деген хадисі бар, – дейді ол.

Р.S:

Әрине, бүгінгі таңда кальян – табысты бизнес. Оған ешкім күмән келтірмейді. Жыл сайын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейген кальян-барлар немесе түнгі клубтарда оны тұтынушылар санының бірнеше еселенуі кәсіп иесіне айтарлықтай пайда әкелетіні ақиқат. Бірақ, материалдық құндылықтардан гөрі жас ұрпақтың саулығы маңыздырақ екенін жадымыздан шығарып алған жоқпыз ба?

Айналып келгенде, кальянның кеселін көретін өзге емес, сіз бен біздің баламыз емес пе? Қаракөз қазақ жастарының келешегін өзімізден басқа кім ойлайды? Кальянды қоғамдық орындарда тартуға тыйым салу жөнінде заң қабылдайтын уақыт жетті емес пе?..

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз